Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Чаcтное определение от 17.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/3117 (Гражданское)

ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ

2026 жылғы 17 наурыз №6003-25-00-2к/3117 (3) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкіл А.С.Суншалиеваның, жауапкер «Рауан» шаруа қожалығының өкілдері А.М.Нурушовтың, М.Т.Искаковтың, жауапкер «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Е.Х.Бекбулатовтың, Н.Е.Мақсутовтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкерлер «Рауан» шаруа қожалығына, «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастары бөлімі) жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюын даулы жер телімдері саудасаттықсыз (конкурстар, аукциондарсыз) заң талаптары бұзыла отырып берілгенімен негіздеген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Жер қатынастары бөлімі мен Т.С.Жумашеваның арасындағы 2014 жылғы 4 тамыздағы №119 және 2014 жылғы 19 қарашадағы №156 жер учаскесін жалға алу типтік келісім шарттары жарамсыз деп танылған. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың 2026 жылғы 17 наурыздағы қаулысымен аталған сот актілері күшінде, Жер қатынастар бөлімінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, 2014 жылғы 25 сәуірде Жаңақала ауданы әкімінің №115 қаулысымен Т.С.Жумашеваға Қызылоба ауылдық округі босалқы жер қоры «Парфель» қыстауы маңынан жалпы көлемі 500 га, оның ішінде 200 га жайылым, 300 га шабындық жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін, өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге берілген.

2014 жылғы 3 қазанда Жаңақала ауданы әкімінің №247 қаулысымен жауапкерге бекітіліп берілген 500 га ауылшаруашылық жеріне қосымша Қызылоба ауылдық округі босалқы жер қоры «Қамыстыапан» қыстауы маңынан жалпы 2000 га жайылым жер учаскесі, өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жыл мерзімге берілген.

Көрсетілген қаулылар негізінде Жер қатынастары бөлімі мен Т.С.Жумашева арасында 2014 жылғы 4 тамыздағы №119 және 2014 жылғы 19 қарашадағы №156 жер учаскелерін жалға алу типтік шарттары жасалған. Департамент тарапынан азамат Р.К.Уразалиевтің шағымы негізінде жүргізілген тексеру нәтижелері туралы актісімен жауапкерге берілген жер учаскесі құқық сауда-саттық (аукцион, конкурс) тәсілінсіз берілгені Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 48-бабының талаптары бұзылғаны анықталған.

Жер кодексінің 43-бабының 1-1-тармағына сай, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері мен жер учаскелеріне жалға алу құқығы осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, сауда-саттықта (аукциондарда) сату объектілері болуы мүмкін.

Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.

Жергілікті соттар, Т.С.Жумашеваға даулы жер учаскесіне меншік құқығы Жер кодексінің 48-бабында көзделген сауда-саттық (конкурс, аукцион) өткізбей берілгенін негізге алып, АК-нің 267-бабы 1-тармағына сәйкес Т.С.Жумашева мен Жер қатынастары бөлімінің арасында 2014 жылғы 4 тамызда №239 және 2014 жылғы 19 қарашада №156 жер учаскелерін жалға беру туралы келісім шарттарын жарамсыз деп таныған.

Бұл азаматтық істі кассациялық сотта қарау барысында жауапкер өкілі Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің 2024 жылғы 27 маусымдағы хаттамасын ұсынып, 2013-2015 жылдары 1744 жер пайдаланушыға конкурссыз жер учаскелері берілгенін және арнайы комиссиямен осы жер пайдаланушылардың жер учаскелерін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрсетті.

Алайда, Департаменттің он жылдан аса уақыт өткеннен соң жер пайдаланушыларға конкурссыз жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарды

жарамсыз деп тану туралы талап қоюлармен сотқа жүгінуі арнайы комиссияның жұмысының өз дәрежесінде ұйымдастырылмағанын көрсетеді және де қазіргі кезде бұл мәселенің дұрыс шешімін таппауы жер пайдаланушылар тарапынан орынды наразылықтардың туындауына әкеліп соғуы мүмкін.

Сондықтан кассациялық сот аталған заң бұзушылық фактілері туралы тиісті шаралар қолдану үшін Батыс Қазақстан облысының әкімінің және Батыс Қазақстан облысының прокурорының назарына жеткізу қажет деп табады. АПК-нің 268, 269, 270 баптарын басшылыққа алып, сот

ҰЙҒАРДЫ:

Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Рауан» шаруа қожалығына, «Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарын жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі қарау кезінде анықталған заң бұзушылық фактілері жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімінің және Батыс Қазақстан облысының прокурорының назарына жеткізілсін.

Осы жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа хабарлансын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.