ВС РК - Постановление от 30.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1257 (Административное)

№6001-23-00-6ап/1257

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 30 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер Сарыағаш ауданының әкіміне қаулыларды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қарашадағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі Н[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.

Осы соттың 2022 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшының жауапкер «АМ[...]» өндірістік кооперативіне жер үлесі туралы анықтаманы жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қайтарылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Осы соттың 2023 жылғы 5 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жойып іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, 1996 жылғы 1 шілдеде А[...] «КМ[...]» өндірістік кооперативінің жалпы көлемі 3,78 га жер учаскесіне үлесі туралы куәлік берілген, алайда талап қоюшы өзіне тиісті жер үлестерін «КМ[...]» (қазіргі «АМ[...]») ӨК-ден бөліп алмаған. 2012 жылғы 8 қаңтарда А[...] қайтыс болған.

Талап қоюшы аталған жерді әкесі А[...] қайтыс болғаннан кейін мұра қабылдамаған.

Бұдан бөлек, «АМ[...]» ӨК-сі мүдделі тұлға А[...] жер үлесі туралы куәлікке сәйкес өндірістік кооперативке барлығы 1,08 га жер үлесін қосқаны туралы анықтама берген.

Сарыағаш аудандық жер бөлу комиссиясының 2006 жылғы 6 қыркүйектегі қорытындысымен А[...] «АМ[...]» ӨК-нің 1,08 га суармалы жерін 49 жылға жалға беруге келісім берілген.

Сарыағаш ауданы әкімінің 2006 жылғы 11 қазандағы №1006 қаулысымен А[...] «АМ[...]» ӨК-нен бөлініп шыққанын көрсетіліп, оған 1,08 га суармалы егістік жер учаскесі 49 жылға жалға берілген.

Сарыағаш ауданы әкімінің 2013 жылғы 2 мамырдағы №199 қаулысымен А[...] пайдалануындағы 0,30 га суармалы егістік кадастрлық №[...] жер учаскесі кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен жеке меншікке сатылып беріліп, жер учаскесін сату-сатып алу келісім шарты жасалған.

Аталған қаулылармен талап қоюшы келіспей, сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, даулы қаулыларының қабылдануымен талап қоюшы А[...] құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны анықталмағаны туралы тұжырымға келген.

Себебі жер үлесіне құқығы болған талап қоюшының әкесі А[...] жер учаскесін пайдалану және оған билік ету үшін аталған жердің нақты шекарасын белгілемегені, сәйкестендіру құжаттарын рәсімдемегені анықталған.

Сонымен қатар, талап қоюшының әкесі А[...] 2012 жылғы 8 қаңтарда қайтыс болғанша өзіне пайдалануға берілген жер учаскесіне жеке меншікке сатып алу немесе басқа пайдалану жолымен өз құқықтарын заңдастырмаған, жер үлесіне құқық туралы №2178 куәлік негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен, яғни 2005 жылдың 1 қаңтарына дейін жер үлесіне қатысты өзінің құқығын жүзеге асырмаған.

Сондықтан, жауапкермен қабылданған даулы қаулылар заңды болып табылады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қарашадағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.