ҚАУЛЫ
2026 жылғы 25 ақпан 6003-25-00-4к/2656 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші – судья М.А.Туғанбаев,
судьялар – Р.М.Айнақұлова, Г.Б.Дуйсенбаев,
ашық сот отырысында, талап қоюшы Нұргүл Жеңісбекқызы Құттыбаеваның жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Айдос Айтжанұлы Демесіновке қойған
ұсталған ақша қаражатын қайтармаған әрекетін заңсыз деп тану, қайтаруды міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 тамыздағы қаулысына жауапкер А.А. Демесіновтің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен талап қоюшының, ұсталған ақша қаражатын қайтармаған әрекетін заңсыз деп танып, қайтаруды міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 тамыздағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшы Нұргүл Жеңісбекқызы Құттыбаеваның жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Айдос Айтжанұлы Демесіновтің ұсталған ақша қаражатын қайтармаған әрекеті заңсыз деп танылған. Талап қоюшы Н.Құттыбаеваның пайдасына жауапкер А.Демесіновтен 523 075 теңге және сот шығыны 28 310 теңге өндірілген.
Соттың қаулысымен келіспей, жауапкер кассациялық шағым келтіріп, айлық ақы, жәрдемақы болмағандықтан, 523 075 теңге қаражатты ұстап қалғанын заңды екенін көрестіп, сот қаулысының күшін жоюын сұраған. Талап қоюшы мен оның өкілі А.Ж.Жармаханов сот отырысына бейнебайланыс арқылы жалғауды сұраған.
Кассациялық сот талап қоюшы мен оның өкілінің сот отырысын бейнебайланыс арқылы жүргізу туралы өтінішхаттарын қанағаттандырусыз қалдырды, өйткені тараптарға сот отырысы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратында өкілдерідің міндетті қатысуымен өтетіні жайлы алдын ала хабарланған болатын.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы өкілі Баймағанбет Ғ.Н. істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.
Соттың отырысына қатысу үшін іске қатысатын адамдар келмеді.
Қазақстан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
ӘРПК 7 бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі - Заң) үшінші тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Іс бойынша жауапкердің Заңның ережесін бұзып, талап қоюшының құқықтарына нұқсан келтіргені байқалады.
Жеке нотариус Е.А.Джабыкбаевтың 2025 жылғы 25 сәуірдегі атқарушылық жазбасына сәйкес борышкер Н.Ж.Құттыбаевадан өндіріп алушы «ОнлайнКазФинанс» микроқаржылық ұйымы» акционерлік қоғамының пайдасына 3 000 959,45 теңге ақша сомасы өндірілген.
Осыған байланысты ЖСО А.Демесінов 2025 жылғы 28 мамырда №1342/24-43-1969 санды атқарушылық өндірісін қозғаған.
Жауапкер 2025 жылғы 3 маусымда 3 000 959,45 теңге инкассалық өкім шығарып, борышкердің «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамындағы банктік есепшотынан 2025 жылғы 3 маусымда 1 586 659,64 теңге ұстаған.
2025 жылғы 10 маусымда атқарушылық жазбаның күші жойылған.
ЖСО 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан.
Алайда құқықтық негіздіме болмай тұрып өндірілген 1 586 659,64 теңге сомадан талап қоюшыға тек қана 1 063 424,8 теңге қайтарылған.
Сотта және кассациялық шағымда жауапкер қарастырылып отырған құқықтық қарымқатынасқа байланысы жоқ Заңның 98 бабына сілтеме жасап отыр.
Заңды негіздімелер болмаған жағдайда өндіріліп алынған сома сөзсіз қайтарылуға жатады.
Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 тамыздағы қаулысы өз күшінде қалдырылсын.
Жауапкер А.А. Демесіновтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
М. Туғанбаев
Төрағалық етуші:
Р. Айнақұлова
Судьялар:
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.