ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 сәуір 6001-24-00-6ап/2743 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
жауапкер мен мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Әділет министрлігі) өкілі А.Т.Есенжанованың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Гулзия Каскырбаевна Ауесканованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Маңғыстау облысы әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) кеңсені нотариаттық іс-әрекеттер жасауға арналған үй-жай ретінде қолдану заңнама талаптарына сәйкес келмейді деп тану әрекетін заңсыз деп тану, кеңсені нотариаттық іс-әрекеттер жасауға арналған үй-жай ретінде қолдану заңнама талаптарына сәйкес келетіндігі туралы тексеру актісін беруді міндеттеу, келтірілген залалды өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Департаменттің Ақтау қаласы, 19 шағынауданы, 5 ғимаратта орналасқан, 8 кеңсені нотариаттық іс-әрекеттер жасауға арналған үй-жай ретінде қолдану заңнама талаптарына сәйкес келмейді деп тану әрекеті заңсыз деп танылған.
Департаментке Ақтау қаласы, 19 шағынауданы, 5 ғимаратта орналасқан, 8 кеңсені нотариаттық іс-әрекеттер жасауға арналған үй-жай ретінде қолдану заңнама талаптарына сәйкес келетіндігі туралы тексеру актісін беру міндеттелген.
Департаменттен талап қоюшы Г.К.Ауесканованың пайдасына 851 502 теңге залалды өндіру туралы талабы қағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Департамент кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Талап қоюшы немесе оның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы Департамент өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Г.К. Ауесканова 2024 жылдың ақпан айына дейін Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, 5-ғимарат, 33-кеңседе нотариаттық қызметін жүзеге асырған.
Департаментің 2024 жылғы 5 қаңтардағы актісіне сәйкес талап қоюшы нотариаттық қызметін жүзеге асырған 33-кеңсе Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) және «Нотариустың үй-жайы талаптарын бекіту туралы» Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №29 Бұйрығына (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес келеді деп танылған.
Г.К. Ауесканова 2024 жылғы 7 ақпанда нотариустың іс әрекеттер жасауға арналған үй-жайының орналасқан жері өзгеруіне байланысты Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, 5- ғимарат, 8-кеңсесінде нотариаттық іс-әрекеттер жасауға рұқсат сұраған.
Департамент 2024 жылғы 19 наурызда №05-12/517-И хатымен нотариаттық іс-әрекеттер жасауға арналған үй-жайына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарына сәйкес келмейтіндігін хабарлап, тексеру актісін жолдаған.
Тексеру актісінде Департамент нотариаттық кеңсенің жанында сауда бутиктері, банктер, дәріханалар және киім дүкендері бар және үй-жай орналасқан ғимарат тұрғындардың пәтерлеріне кіру үшін арналған подъезд ретінде қолданылуда екендігін көрсетіп, заң талаптарына сәйкес келмейді деп есептеген.
Бұл қорытындымен келіспеген Г.К. Ауесканова жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген. Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін 2016 жылғы 28 шілдедегі №0220562 актіге сәйкес, Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, 5-ғимарат орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты бизнес орталығымен көп қабатты отельдің құрылысын салу және пайдалану үшін болып белгіленген.
2020 жылғы 30 желтоқсандағы объектіні пайдалануға қабылдау актіге сай бұл ғимарат бизнес орталығы мен тұрғын үйлер орналасқан көп қабатты отель ретінде қабылданған.
Аталған мекенжай бойынша нотариустың кеңсесі орналасқан 8-бөлменің техникалық паспортына сай, мақсатты арналуы - тұрғын емес бөлме.
Бұйрықтың 4-тармағына сай нотариустың үй-жайын жертөле үйжайларда, көлік жанармай станцияларында, көлік жуу орындарында, монша кешендерінде, жер асты өтпелдерінде, киоскілерде, паркингтерде, сауда орталықтары (дүкендер), базарларда (автокөлік базарында), контейнерлерде және басқа да уақытша құрылыстарда орналастыруға жол берілмейді.
Рұқсат сұралған 8-кеңсесі орналасқан ғимараттың нысаналы мақсаты бизнес орталығы мен тұрғын үйлер орналасқан көп қабатты отель. Сондықтан нотариустың кеңсесі орналасқан ғимаратты дүкен немесе сауда орталығы деп айтуға келмейді.
Яғни, нотариус іс-әрекеттер жасау үшін рұқсат сұраған кеңсенің орналасқан ғимараты, нотариустың үй-жайын орналастыруға жол берілмейтін нысандар тізіміне жатпайды деген соттардың тұжырымдары дұрыс болып табылады.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Маңғыстау облысы әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.