ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 ақпан 6001-24-00-6ап/2049 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,
жауапкер өкілі Н.К. Шытырымбектің қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Еңбек департаменті) жауапкер «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Агенттік департаменті) нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Агенттік департаментінің 2023 жылғы 15 тамыздағы №27 нұсқамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Агенттік департаменті кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы немесе оның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Агенттік департаменті өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық сатыдағы сот тарапынан орын алған.
Істің мән-жайларына қарағанда 2023 Еңбек департаментінің қызметкері С.М.Қасымжанова жұмыс берушінің ұзақтығы 30 күнтізбелік күн демалысын беруден бас тартқан әрекеті жөнінде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері Агенттік департаментіне шағымданған.
Шағымды тексеру нәтижесімен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) талаптарын бұзушылық бойынша Еңбек департаментіне 2023 жылғы 15 тамызда №27 нұсқама (бұдан әрі – Нұсқама) жолданған.
Еңбек департаменті Нұсқамамен келіспей сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот С.М.Қасымжанованың өтініші бойынша жұмыс беруші оған 2023 жылдың шілдесінде ұзақтығы 30 күнтізбелік күн жыл сайынғы төленетін еңбек демалысын ұсынуға міндетті болғанын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.
Апелляциылық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей келесі негіздермен талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған. Демалыстар кестесіне сәйкес С.М.Қасымжановаға Нұсқаманы орындау мүмкін емес, өйткені оның жыл сайынғы кезекті еңбек демалысы 2023 жылғы шілдеге жоспарланған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 5-бабына сай, Агенттік департаментінің құзырына мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтік әдепті сақтау мәселелерi бойынша әрекеттерi (әрекетсіздігі) мен шешiмдеріне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау және қызметтік этиканы сақтау жатады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2019 жылғы 25 шілдедегі бұйрығымен бекітілген Агенттік департаменті туралы Ережеде, жоғарыда көрсетілген заңға сәйкес, нұсқамалар енгізу көзделмеген.
Агенттік департаменті Еңбек кодексінің 191-бабы 1-бөлігінің талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асыратынын назарға алған жоқ. Осыған байланысты, С.М.Қасымжанованың еңбек демаласын беру кезінде мәселесі бойынша еңбек заңнамасының сақталуын тексеру Агенттік департаментінің құзыреті болып табылмайды.
Бақылау және қадағалау органдарының бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) барып, олардың құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша профилактикалық бақылауды тағайындауы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 156-бабы 1-бөлігі мен 2-бөлігі 7) тармағының талаптарына сәйкес мұндай бақылау мен тексерудің жарамсыздығына әкеп соғады деп тұжырымдаған.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актісін қабылдауға әкеп соқтырған.
Нұсқаманы орындау мүмкін еместігі оны заңсыз деп тануға негіз бола алмайтыны ескерілмеген.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуын тексеру және нұсқама беру Агенттік департаментінің құзыреті болып табылмайды деген тұжырым да қолданыстағы заң нормаларына сәйкес келмейді.
Заңның 1-бабына сай мемлекеттік қызмет істері жөніндегі органдардың бірыңғай жүйесін уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері, уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.
Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.
Осы заңның 2-бабының 10) және 17) тармақшаларына сәйкес уәкілетті орган:
мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша тексеру нәтижелерінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы өз құзыреті шегінде қаралуы міндетті ұсынулар енгізеді.
Даулы қатынас туындаған кезінде қолданыста болған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 4 мамырдағы №101 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2023 жылғы 4 мамырдағы №58 бірлескен бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтаудағы және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтаудағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағының» 2-қосымшасындағы талаптар тізбесінің 19) тармақшасында мемлекеттiк қызметшiлерге еңбек демалысын ұсыну кезінде талаптардың сақталуын қамтамасыз ету көзделген.
Яғни, бұл нормаларда Агенттік департаментінің мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын ұсыну кезінде заңдылықтың тексеру, бұзушылық орын алған жағдайда қаралуы міндетті ұсынулар енгізу құқығы берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актісінің күші жойылуға жатады. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші саты сотының талапты қанағаттандырусыз қалдыруға негіз болған барлық тұжырымдарын зерттемей және оларға құқықтық баға бермегендіктен іс сол сотқа жаңадан қарауға жіберілуі тиіс.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.