ҚАУЛЫ
2025 жылғы 26 тамыз №6003-25-00-2к/123 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Рустембеков Ж.К.,
судьялар Тохтарбаева В.Е., Тлеубаева А.К.,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы арыз беруші Маңғыстау облысы полиция Департаментінің көші-қон қызметі басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) Өзбекстан Республикасының азаматы Куандиков Атабек Ильясовичты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі мүдделі тұлға А.И.Куандиковтың өкілі - А.А.Байзулиеваның Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 14 мамырдағы шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, А.И.Куандиковты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған.
Ақтау қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, А.И.Куандиков Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған.
Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот шешімімен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген мүдделі тұлға мен оның өкілі кассациялық соттың отырысына белгісіз себептермен келмеді және байлынысқа шықпады. Арыз беруші өкілі өтінішінде істі оның қатысуынсыз қарауды сұрады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 450-бабының 2-бөлігіне сай, істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген кассациялық шағым берген адамның, прокурордың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Сондықтан кассациялық сот азаматтық істі мүдделі тұлға мен оның өкілінің қатысуынсыз қарады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабына сәйкес егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе,
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер заң мен сот алдында тең болады, оларды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды.
Заңның 28-бабында шетелдік мына жағдайларда: егер оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса; егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса; егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса; егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберілуі мүмкiн екендігі қарастырылған.
Осылайша, заң шығарушы шетелдіктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең құқықтар бере отырып, мемлекет пен оның азаматтарының мүдделерін қорғаудың қосымша шарасы ретінде өз әрекеттерімен тұтастай мемлекеттің де, оның жекелеген азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін шетелдіктерді шығарып жіберу мүмкіндігін қарастырған.
Іс материалдарымен А.И.Куандиков Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылатыны, отбасылы, тұрақты негізде Өзбекстан Республикасының аумағында тұратыны, Қазақстан Республикасына табыс табу үшін келгені анықталған. А.И.Куандиковке 2022 жылғы 22 желтоқсанда қолдану мерзімі 2031 жылғы 23 сәуірге дейін №054390814 шетелдіктің тұруына ыхтиярхаты берілген.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесінен алынған мәліметке сәйкес А.И.Куандиков келесі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауаптылыққа тартылған:
Маңғыстау облысы полиция Департаменті әкімшілік полиция басқармасының 2024 жылғы 21 маусымдағы нұсқамасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 592-бабының 2- бөлігімен белгіленген жүру жылдамдығын арттыртырғаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл түріндегі жаза тағайындалған;
Ақтау қалалық полиция басқармасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 2024 жылғы 18 тамыздағы хаттамасымен көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтКнің 597-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл түріндегі жаза тағайындалған; 3. Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі заңды күшіне енген қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде басқарқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынған және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Басқарма арызында А.И.Куандиковты Қазақстан Республикасының заңын бірнеше мәрте бұзуына байланысты оны Республика аумағынан тыс шығаруды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот Басқарманың арызын қанағаттандыру туралы шешімін Заңның 28-бабын басшылыққа ала отырып қабылдаған.
Бірінші сатыдағы сот отырысында А.И.Куандиков жоғарыда аталған заң бұзушылықтарды жасағанын жоққа шығармағанымен, оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығаруға келіспейтіндігін көрсеткен.
Мүдделі тұлға өкілі кассациялық шағымында А.И.Куандиковтың Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұрғанын, жұмыс істейтінін, жұбайы мен жас баласымен бірге өмір сүріп жатқанын, жұбайы этникалық қазақ, Өзбекстан Республикасының азаматшасы екенін, оның да ықтиярхат алғанын, отбасы Ақтау қаласында тұрғын үй мен көлік сатып алып, болашақта Қазақстан азаматтығын алуға ниетті екенін көрсеткен.
Алайда, кассациялық шағымның бұл уәждері назарға алуға жатпайды.
Өйткені, А.И.Куандиков Қазақстан Республикасының аумағында уақытша бола тұра жоғарыда көрсетілген Заңның талаптарын сақтамаған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы №4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» Нормативтік қаулысының (бұдан әрі -Нормативтік қаулы) 14-тармағында азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажет екені көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот шешімінде А.И.Куандиковтің жасаған әкімшілік бұзушылықтары дұрыс ескерілген. Оның мұндай әрекеттері қоғамдық тәртіпті қорғау мүдделеріне қайшы келетіні және оған қолданылған шара құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды құралы болып табылатыны назарға алынған. А.И.Куандиковтың көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде басқарқарғаны қасақана жасалынған құқық бұзушылық
болып табылады және де оның Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын сақтауға ниетті болмағанын көрсетеді.
Бірінші сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс анықталған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Мұндай жағдайда, кассациялық сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деген тұжырымға келеді.
Нормативтік қаулының 18 тармағына сай соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.
Сондықтан кассациялық сот А.И.Куандиков Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін шығарылуы тиіс деп санайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
1990 жылдың 6 тамызында туылған Өзбекстан Республикасының азаматы Куандиков Атабек Ильясович Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін шығарылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: В.Тохтарбаева
А.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.