ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 тамыз № 6003-25-00-4к/1622 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,
судьялар – Едрисова Г.М., Ә.Ж.Назарова болып,
талап қоюшының өкілі Б.Д.Имангалиев,
жауапкер өкілі Рахым Ә., мүдделі тұлға Г.Е.Бижанова, оның өкілдері С.А.Ерғали, М.А.Абишевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Бахиткуль Жунисовна Мустафаеваның жауапкерлер Қызылорда қаласының әкіміне (бұдан әрі – Қала әкімі), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) қойған
қала әкімінің 2005 жылғы 21 қарашадағы №12 қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою,
жер учаскесінің Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық автоматтандырылған жүйесінің (бұдан әрі – МЖК ААЖ) графикалық бөлігінде орналасуын заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы шешімі және 26 маусымдағы қосымша шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға Г.Е.Бижанованың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Б.Ж.Мустафаева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынын талап қоюшы Бахиткуль Жунисовна Мустафаеваның Қызылорда қаласы, Иван Журба көшесі, №71 мекенжайында орналасқан, кадастрлық №10:156:012:903 жер учаскесін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізілу әрекеті заңсыз деп танылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынына талап қоюшы Бахиткуль Жунисовна Мустафаеваның құқығын қалпына келтіріп, Қызылорда қаласы, Иван Журба көшесі, №71 мекенжайында орналасқан, кадастрлық №10:156:012:903 жер учаскесін құқық белгілейтін құжаттарына сәйкес жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне қайта енгізу міндеттелген.
Қызылорда қаласы әкімінің 2005 жылғы 21 қарашадағы №12 Гүлжан Есенбековна Бижановаға (бұрынғы тегі-Бұхарбаеваға) жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Сонымен қатар заңсыз әкімшілік актінің салдары ретінде Қала әкімі мен Г.Бижанова арасындағы 2005 жылғы 9 желтоқсандағы №1501 жер учаскесін сатып алу -сату шарты жарамсыз деп танылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен 26 маусымдағы қосымша шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, мүдделі тұлға Г.Е.Бижанова кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімі мен қосымша шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілінің мүдделі тұлғаның кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік – кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2003 жылғы 26 тамыздағы Қызылорда қаласы әкімінің №1454 қаулысымен азамат А.Утеповке аралас дүкен үшін Қызылорда қаласының Мерей ықшам ауданында орналасқан 450 шаршы метр жер учаскесіне (бұдан әрі - №1 учаске) жеке меншік құқығы табысталған. Осы жер учаскесін азамат А.Утепов 2005 жылғы 17 ақпанда мүдделі тұлға Г.Бижановаға сатқан. 2004 жылғы 16 сәуірдегі Қала әкімінің №2166 қаулысымен Қызылорда қаласының Мерей ықшам ауданынан (қазіргі Иван Журба көшесі, №71) 400 шаршы метр жер учаскесіне (бұдан әрі - №2 учаске) ақы төлеу арқылы дүкен және кафе-бар салу үшін талап қоюшы Б.Мустафаеваға меншік құқығы табысталған.
№1 және №2 учаскелердің аралығынан 300 шаршы метр жер учаскесіне (бұдан әрі - №3 учаске) меншік құқығы Қызылорда қаласы әкімінің 2005 жылғы 21 қарашадағы №12 қаулысымен мүдделі тұлға Г.Бижановаға дүкен үшін ақы төлеу арқылы табысталған.
Тараптар арасындағы дау осы №3 учаскеге қатысты туындаған.
Талап қоюшы Б.Мустафаева даулы учаскені Г.Бижановаға табыстау үшін жауапкерлер өзіне тиесілі №2 учаскенің орнын жылжытып орналастырғаны жөнінде уәждер келтірген. А.Утеповке табысталған жер учаскесінің сызбасында учаскенің орналасқан орны қасында тұрған тұрғын үймен байланыстырылып анықталғанын, өзінің және А.Утеповтің учаскелері арасында Г.Бижановаға табысталған жер орналасатындай орын болмағанын көрсеткен. Жер учаскесін жерге орналастыру барысында қасында тұрған тұрғын үйден көрсетпей сызба бергенін, осының салдарынан жер учаскелерінің бір-біріне қабаттасып орналасуы орын алғанын келтірген. Оған дәлел ретінде жер учаскесін өзіне табыстау кезіндегі 2004 жылғы сызбаны алға тартқан (№10-156-015-903 жер-кадастрлық істің 30-беті).
Аталған сызбада Б.Мустафаеваға дүкен және кафе кешенін салу үшін Журба көшесінен белгіленген жер учаскесінің орналасу орны көрсетілген. Сызба Қала әкімінің орынбасарымен бекітіліп, өкілетті орган басшыларымен келісілген. Сызбада Б.Мустафаеваның жер учаскесінің орны бесқабатты тұрғын үйдің тұсынан 15 метр өлшеніп белгіленген. Көрші учаскенің 15 метр ұзындығы осы бесқабатты тұрғын үйдің тұсынан басталып, Б.Мустафаеваның учаскесімен шекаралас орналасқан. Бұл мән-жайлар талап қоюшының өзіне және А.Утеповке табысталған учаскелер арасында №3 учаске орналасатындай жер болмағаны жөніндегі уәждерін бекітеді.
ӘРПК-нің 129-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілгендей, дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығы ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктеледі.
Заңның осы талабына сәйкес жауапкерлер дауланып отырған әкімшілік актінің (Қала әкімінің 2005 жылғы 21 қарашадағы №12 қаулысы) заң талаптарына сәйкес шығарылғанын дәлелдеуі тиіс. Алайда жауапкер тарап талап қоюшының уәждерін теріске шығаратын дәлелдемелерді келтірмеді.
Керісінше, сотта №3 учаскені Г.Бижановаға табыстау және дауланып отырған әкімшілік актіні қабылдау барысында жауапкерлер тарапынан келесі бұзушылықтар орын алғаны анықталды.
Қаралып отырған даудың шеңберінде әкімшілік әділеттің мақсаты жергілікті атқарушы органның жер заңнамасында көзделген әкімшілік рәсімді, оның барлық кезеңдерінің кезектілігін сақтай отырып, дұрыс және толыққанды жүргізгенін тексеру, қабылдаған шешімінің заңдылығына құқықтық баға беру болып табылады
Жер учаскесіне құқықты табыстау тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі –Жер кодексі) 43-бабында реттелген. Осы баптың 1-тармағының Даулы қаулы қабылданған уақыттағы редакциясына сәйкес мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскесiне құқықты табыстау келесі реттілікпен жүргізілуі тиіс :
жер учаскесiне тиiстi құқық табыстау туралы өтiнiм жасау;
мәлiмделген өтiнiмдi қанағаттандыру мүмкiндiгiн анықтау
(жер учаскесiн алдын ала таңдау);
жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;
жер учаскесiне құқық табыстау туралы жергiлiктi атқарушы органның шешiм қабылдауы;
белгiлi бiр жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу; 6) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындау және беру;
жер учаскесiне құқықты мемлекеттiк тiркеу. Осы баптың 7-тармағында жергiлiктi атқарушы органның жер учаскелерiне тиiстi құқықтар табыстау туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданатыны көрсетілген. Кодекстің 149-бабында жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде жүргізілетіні көрсетілген. Жерге орналастыру барысында жер учаскесiнiң шекарасын қалыптастыру, оны белгiлi бiр жерде белгiлеу, жер учаскесiнiң жоспарын дайындауға байланысты жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жасалады.
Кодекстің 151-бабының үшінші тармағы 3) тармақшасында жерге орналастыру процесіне қатысушылар ретінде жерге орналастыру кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкін үшінші тұлғалар аталған. Осы ретте даулы жер учаскесі бойынша жерге орналастыру жұмыстарының жүргізілілгенін, оған құқықтары қозғалатын мүдделі тұлғалар ретінде шектес жер учаскелерінің иелері, оның ішінде талап қоюшының тартылғанын бекітетін дәлелдемелер сотқа ұсынылмады.
Жауапкердің тараптың өкілдері даулы жер табыстаған уақытта қолданыста болған заңнамада жерге орналастыру жұмыстарының қаралмағаны, оны реттейтін құқықтық актілердің болмағаны жөнінде уәждер назарға алынуға жатпайды, себебі, жоғарыда көрсетілгендей, жергілікті атқарушы органның шешімі жерге орналастыру жобасының негізінде қабылданатыны Кодекстің өзінде белгіленген және жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту жер учаскесін табыстау процесінің дербес сатысы ретінде көрсетілген.
Одан бөлек жерге орналастыруды жүргізуге қатысты келесі құқықтық актілер қолданыста болған: Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 5 маусымдағы №931 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Жерге орналастыруды жүргiзудiң тәртiбi туралы ереже», Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі Төрағасының 2004 жылғы 7 қыркүйектегі №72-Ө-а бұйрығымен бекітілген «Жер пайдалануларды ұйымдастыру және реттеу, алқапта жер учаскесінің шекарасын бөлу және белгілеу бойынша шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасын әзірлеу жөніндегі Қазақстан Республикасындағы жерге орналастыру жұмыстарын атқару қағидалары». Кассациялық сатыдағы сот, №3 учаскені табыстау барысында оның орналасқан орны, шекаралары дұрыс айқындалып, бұл жұмыстар тиісті түрде және шектес учаске иелерінің қатысуымен жүргізілгенде жер учаскелерінің қабаттасуы орын алмас еді деген төменгі соттардың үәждерін дұрыс деп санайды.
Сонымен қатар, жауапкер тараптың МЖК ААЖ деректер базасында ешқандай қабаттасу жоқ деген уәждерін кассациялық сатыдағы сот келесі себептермен негізсіз деп санайды. Даулы және оған шекаралас учаске бойынша жер- кадастрлық істер қалыптастырылған уақытта қолданыста болған - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қыркүйектегі №958 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң ережесiнің 10 тармағында көрсетілгендей, жер кадастрындағы жер учаскелерi туралы ақпарат жерге орналастырудың деректерi бойынша құрылады.
Жер кодексінің 152-бабының 5-тармағында мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру өзге жұмыстармен қатар жерге орналастыру жұмыстарын жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне сәйкестендіру құжатты дайындаумен қамтамасыз етілетіні көрсетілген.
Яғни мемлекеттік жер кадастрының мәліметтері жерге орналастыру жұмыстарының деректері бойынша қалыптастырылады.
Тиісінше, жерге орналастыру жұмыстары тиісті түрде жүргізілмегеннен кейін, бұл жер учаскесіне қатысты МЖК ААЖ енгізілген деректер де негізге алынуға жатпайды. Сондықтан жер учаскесінің ақпараттық жүйеге орналасуының заңдылығы жайлы шағым уәждері негізсіз болып табылады.
Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы Жоғарғы Сотының нормативтык қаулысына сәйкес сол бір жер учаскесіне немесе учаскенің бір бөлігіне мәні тең құқықтар болған жағдайда соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.
Бұл жағдайда талап қоюшы Б.Ж.Мустафаеваның жер учаскесіне құқықтары мүдделі тұлға Г.Е.Бижановаға қарағанда бұрын туындауына байланысты, ол даулы жер учаскесіне басым құқыққа ие.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы шешімі және 26 маусымдағы қосымша шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға Г.Е.Бижанованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г.Едрисова
Ә.Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.