ВС РК - Постановление от 20.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1599 (Административное)

6001-23-00-6ап/1599

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар Ш.Т. Даниярова, Б.Т. Нажмиденов болып,

талап қоюшы Д[...] және оның өкілі К[...] қатысуыларымен,

талап қоюшы «С[...]» шаруа қожалығының басшысы Д[...] жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің, Батыс Қазақстан облысы «Казталовка ауданы Жер қатынастар бөлімі» ММ 2010 жылғы 19 сәуірдегі №97 қаулысын, 2016 жылғы 11 тамыздағы №249 қаулысын, аудан бойынша ресімделген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылы 2 наурыздағы №5225 шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 наурыздағы ұйғарымы мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап арызбен жүгінген.

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 наурыздағы ұйғарымымен әкімшілік талап қою арызы мерзімді өткізіп алуына байланысты кері қайтарылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында осы іс бойынша қабылданған сот ұйғарымдары заңсыз қабылданғанын көрсете келе оның күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы Д[...] және оның өкілі К[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін зерттеп сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Д[...] аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, Казталов ауданының әкімінің 28 қаңтар 1997 жылғы №16 қаулысымен «С[...]» ШҚ жайылымдық жерлер бөлінгенін, 22 қыркүйек 2019 жылғы №223 қаулымен шаруа қожалығына 1027 га жер 49 жылға жалға берілгенін, жер учаскесінің ішінде А[...] 16 қараша 2016 жылғы №774 шарт бойынша М[...] сатып алған тұрғын үйі орналасқанын, соңғымен үй [...] наурыз 2007 жылғы №5225 мүлікті заңдастыру туралы комиссия шешімімен алғанын және оған Казталов ауданының 19 сәуір 2010 жылғы № 97, 11 тамыз 2016 жылғы № 249 қаулыларымен 0,075 га және 0, 12 га жер учаскелері берілгенін көрсетіп, аталған әкімшілік актілерді, шартты заңсыз деп деп тануды сұраған.

Аталған іс бойынша 2022 жылғы 2 наурызда Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен талапкер Д[...] №97 санды 19 сәуір 2010 жылғы және №249 санды 11 тамыз 2016 жылғы Батыс Қазақстан облысы, [...] қаулыларын, 02 наурыз 2007 жылы №5225 жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның шешімін заңсыз деп танып, 16 қараша 2016 жылғы №774 санымен тіркелген сату сатып-алу келісім-шартын негізсіз деп тануды сұраған арызы талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алуына байланысты кері қайтарылған.

2022 жылғы 20 сәуірде Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 02 наурыз 2022 жылғы ұйғарымды талапкер Д[...] жеке шағымының негізінде бұзып, бірінші саты сотына қайта қарау үшін жолдаған. 2022 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы мүдделі тұлға М[...] арызын қанағаттандырусыз қалдырып, іс негізінен бірінші сатыда қайта қаралуға жатады деген тұжырым жасаған. 2023 жылғы 14 наурызда Д[...] арызын талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алуына байланысты екінші рет талап арызды қайтарған.

2023 жылғы 11 мамырда Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жеке шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, бірінші саты сотының ұйғарымын өзгеріссіз қалдырған.

Даулы жер телімі бастапқыдан, яғни 1997 жылы 1703 мал жайылымдық, 278 га шабындық, 224 егістік, жалпы көлемі 2 200 га жер учаскесін тұрақты пайдалану құқымен талапкер Д[...] және жанұя мүшелеріне берілген, жанұя мүшелеріне М[...] кірмейтіні көрсетілген. 17 қаңтар 2022 жылғы №2 мұрағаттық анықтама бойынша 1997 жылғы шешіммен өкімде М[...] қатысты мұрагерлік іс, өсиет жоқ екені туралы ақпарат сотқа берілген. Д[...] берген анықтамасы даулы үйді заңдастыруға құқық бермейді.

07 желтоқсан 2021 жылғы №73, №75, №77 санымен жоғарыда туындаған мәселелер бойынша Казталов аудан Әкіміне, Мұрағатқа, ІІБ-не адвокаттық сұраныс хаттар жолданып, 17 қаңтар 2022 жылы №2 мұрағаттық анықтамаға сәйкес толық мәлімет алынғанын, яғни, талапкердің сотқа талап қою мерзімі 17 қаңтар 2022 жылдан бастап есептеліну қажет екені атап көрсетілген.

Бұл жағдайларға жергілікті соттармен сотқа ұсынылған талап қою мен оған тіркелген материалдар негізінде тиісті баға берілмеген және сот актілері іс үшін маңызды мән-жайлардың барлығын жан-жақты зерттелмей, оларға тиісті құқықтық баға берілмей қабылдаған.

АПК-нің 449-бабын 1-бөлігінде істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша өтiнiшхаттың, ұсынудың, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексеретіндігі көзделген.

Сондықтан сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың сот актілері толығымен күштері жойылуға, ал іс мәні бойынша негізінен қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберілуге жатады деген тұжырымға келді.

Істі жаңадан қарау барысында сот талап қоюдың уәждерін ӘРПК-нің принциптерін ескере отырып тексеріп, оларға тиісті құқықтық баға беруі тиіс.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 наурыздағы ұйғарымы мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 мамырдағы ұйғарымының күші жойылып, әкімшілік іс негізінен қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар Ш.Т. Даниярова

Көшірмесі дұрыс.

Б.Т. Нажмиденов

Г.Б. Дуйсенбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.