6001-23-00-6ап/1882
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот
алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқармасы) тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару әрекетін заңсыз деп тану және келісім шарт жасауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысына жауапкер өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, Басқарманың заңсыз әрекеттерінен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығарылғандығымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 наурыздағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
Басқарманың Ж[...] тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару әрекеті заңсыз деп танылған.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігінде әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті екені көзделген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Ж[...] халықтың әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тобындағы толық емес отбасы санаты бойынша тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың есебіне кезекке тұрған.
Банктің 2022 жылғы 9 тамыздағы №09/1-13-014/992 хатымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті атқарушы органның әлеуметтік кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданындағы орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлерді бөлу рәсімінен өткен азаматтардың тізімін жолдаған.
Аталған тізім ішінде, талап қоюшы Ж[...] Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданы, №[...] үй, №[...] пәтер деп көрсетілген.
2022 жылғы 12 қазанда «Құрылысы аяқталған көпқабатты тұрғын үйлерді Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне қабылдау туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің №2078 қаулысы аясында жоғарыда аталған тұрғын үй жауапкердің, яғни Басқарманың теңгеріміне қабылдау-өткізу актісі негізінде қабылданып, жылжымайтын мүлік теңгерімге 2022 жылғы 9 қарашада тіркелген.
Басқарма талап қоюшы Ж[...] табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициентінен асып кеткен деген негізбен 2022 жылғы 2 желтоқсанда оны кезектен шығарған.
Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғын үйге мұқтаж азаматтың жиынтық айлық табысының кейіннен ұлғаюы оны тұрғын үй кезегінен шығаруға негіз бола алмайды деген тұжырым жасаған.
Сонымен қатар, Басқармамен талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығарған кезде Ж[...] құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етпеген, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 73-бабында көзделген осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған толық емес отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайтыны жайлы талапты сақтамағаны анықталған.
Банктің есебі бойынша Ж[...] соңғы алты айдағы кірісі отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген шамасына дейінгі ең төменгі табысына сәйкес келетіні ескерілген.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Көшірмесі дұрыс.
Г.Б. Дуйсенбаев Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.