Қ А У Л Ы
2026 жылғы 18 наурыз №6003-25-00-2к/4291 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Токсанбаев А.Б., Даненова А.А.,
талап қоюшының өкілдері А.Ж.Жұмбай, Н.Жұмабай, жауапкердің өкілдері Ә.К.Сарымсахова, М.Тоқтамысұлының бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Зохид Анарбекович Раимбековтің жауапкер Нуриддин Бахадирович Арыповқа, үшінші тұлға Мирзахмат Абдиханович Курбановқа қарыз ақша өндіру туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге 12 000 000 теңге ақшаны өндіру туралы талап қоюымен жүгініп, оны жауапкердің 2018 жылы екі автокөлікті жалға алып, әр айдың 17 күні 1 000 000 теңге төлеуге міндеттеме алғаны туралы қолхатына сілтеме жасаған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап, оны соттың іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамағанымен, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанымен негіздеген.
Талап қоюшының өкілдерінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 7- бабына сай, азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды
тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.
Электронды іс құжаттарына сәйкес 2018 жылғы 30 қыркүйекте жауапкер Н.Арыпов DAF 95 XF430 және VOLVO FH маркалы екі жүк көліктерін З. Раимбековтен жалға алғаны туралы қолхат жазған және ол бойынша әр айдың 17 күні 1 000 000 теңге төлеуге міндеттеме алған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда сотқа талап қою мерзімінің өтіп кеткенін, 2018 жылғы қолхат жазылған кезде талап қоюшының автокөліктерді жалға беруге құқығы болмағанын негізге алған.
Істі бірінші сатыдағы сот қарау кезінде жауапкердің өкілі соттан талап қою мерзімін қолдануды сұраған.
АК-нің 180-бабының 1-тармағына сай талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады.
Талап қоюшымен сотқа ұсынылған 2018 жылғы 30 қыркүйектегі қолхаттың мағынасына сәйкес жауапкер әр айдың 17 күні төлем жасайтыны көрсетілген. Яғни бір жыл көлемінде жауапкер талап қоюшыға 12 000 000 теңге төлеп бітіруі қажет болатын. Осы ретте талап қоюшыға талап қою мерзімі 2019 жылғы қыркүйек айының 17 күні басталған. Алайда, талап қоюшы 2019 жылдан бері де үш жылды өткізіп, сотқа талап қоюымен тек 2025 жылы жүгінген.
АК-нің 179-бабының 3-тармағында талап қойылғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi, соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болатыны көзделген.
Сонымен қатар, талап қоюшыда 2018 жылғы 30 қыркүйекте DAF 95 XF430 маркалы, мемлекеттік белгісі 749LNB13 және VOLVO FH 12 маркалы, мемлекеттік белгісі 032SKA13 жүк көліктерінің меншік иелігі болмаған.
АК-нің 543-бабына сәйкес мүлiктi жалға беру құқығы оның меншiк иелігіне тиесiлi.
Сондықтан кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюшының аталған жүк көліктерін жалға беруге құқығы болмағаны туралы тұжырымдарымен де келіседі.
АК-нің 180-бабы 1-тармағына сай талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Осы ретте дау бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі негізді қолданған.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында тексерілген, оларға жергілікті соттармен дұрыс құқықтық бағалар берілген, оларға қатысты тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ. Сондықтан, сот актілері күшінде қалдырылып, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының осы іс бойынша 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья Ғ.Б.Бастаубаев Судьялар А.Б.Тоқсанбаев
А.А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.