Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1215 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 18 маусым №6003-26-00-2к/1215 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор К[...], талап қоюшы өкілдері Г[...] және М[...], жауапкер Ғ[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Бөдене ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер жеке кәсіпкер Ғ[...] (бұдан әрі - Кәсіпкер) 2023 жылғы 18 желтоқсандағы №12 орындалған жұмыстар актісін (бұдан әрі - Акті) жарамсыз деп тану және 618 900 теңге қаражатты мемлекет кірісіне өндіру туралы азаматтық істі талап қоюшының Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Мекеме сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Кәсіпкер тарапынан шарт бойынша міндеттемелер тиісінше орындалмағанымен негіздеген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, тараптар арасында жасалған Акті 433 230 теңгеге ішінара жарамсыз деп танылған және Кәсіпкерден мемлекет кірісіне 433 230 теңге қаражаты мен 14 963 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің Кәсіпкерден мемлекет кірісіне 433 230 теңге қаражаты мен 14 963 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы бөлігінің күші жойылған, талап қоюдың Кәсіпкерден мемлекет кірісіне 433 230 теңге қаражатын өндіру туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылып, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Мекеме кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасының қаулысының күші жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың апелляциялық сот алқасының қаулысының күші жойылуға, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

АПК-тің 449-бабының 2-бөлігінде кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы екені бекітілген.

Анықталғаны, 2023 жылғы 24 қарашада тараптар мемлекеттік сатып алу туралы №83 келісім шарт (бұдан әрі - шарт) жасап, оған сәйкес Кәсіпкер Атырау облысы, [...] ескі ғимаратты бұзу жұмыстарын келісім шартқа қол қойылған күннен бастап 16 күн ішінде орындауға міндеттенген. Жалпы шарт сомасы 618 900 теңгені құраған.

2023 жылғы 18 желтоқсанда тараптар 618 900 теңгеге Актіге қол қойып, Мекеме жұмыстарды қабылдап алып, қаржыны Кәсіпкерге аударған.

Мекеме сотта Кәсіпкер шарт міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын, бұрыңғы Мекеме басшысы жұмыстарды дұрыс қабылдамай, толық орындалмаған жұмыстар үшін қаржыны негізсіз аударып жібергенін көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сотпен тағайындалған 2025 жылғы 20 мамырдағы №1632 сот-құрылыс-экономикалық сараптама қорытындысына сәйкес Атырау облысы, [...] өзенінің жағалауында орналасқан ғимараттың бұзу жобасы бойынша орындалған жұмыстардың құны 705 345 теңгені құрағаны анықталған.

Жергілікті соттар талап қоюдың Актіні жарамсыз деп тану туралы бөлігін негізсіз қараған.

АПК-тің 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот солардың негізінде тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың, сондай-ақ істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де мәнжайлардың бар немесе жоқ екендігін анықтайтын заңды тәсілмен алынған фактілер туралы мәліметтер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.

Аталған Акт іс бойынша дәлелдемелерге жатады, оның жарамсыздығын даулау азаматтық заңнамамен көзделмеген, сол себепті талаптың бұл бөлігі азаматтық тәртіппен қаралуға жатпайды және АПК-тің 277-бабының 1) тармақшасының негізінде іс жүргізілуі тоқтатылуы тиіс.

Бірінші сатыдағы соттың Кәсіпкермен жалпы 618 900 теңгенің орындалған жұмыстары 30% немесе 185 670 теңгені құраған деген тұжырымы негізсіз, себебі ол болжамдарға сүйеніп жасалған және аталған сараптама қорытындысымен теріске шығарылады, қазіргі кезде Кәсіпкермен жұмыстың нақты қанша пайызы және нақты қандай көлемде орындалғанын, яғни құнын анықтауға процестік мүмкіншілік жоқ.

Тараптар арасында Акті жасалған сәтте Мекеме тарапынан орындалған жұмыстарға қатысты қандай да бір ескертпе немесе сын айтылмаған, тараптар

Актіге ерікті түрде, мөр басып, қолдарын қойған, қаржы дер кезінде аударылған, сот-құрылыс-экономикалық сараптама қорытындысына сәйкес орындалған жұмыстардың құны 705 345 теңгені құраған, Мекемемен 2024 жылғы 14 маусымда жасалған акті біржақты, Кәсіпкердің қатысуынсыз жасалған, осы актіні жасауға қатысқан Мекеме қызметкерлері 2023 жылғы 18 желтоқсанда тараптар арасында Акті жасалған кезде де қызметтерін атқарған, бірақ ескертпелер жасамаған, демек бұл жағдай Мекеменің олқылығы болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында Кәсіпкерден орындалған жұмыстар үшін төленген қаржыны кері өндіруге құқықтық негіздер жоқ.

Сол себепті іс бойынша шығарылған сот актілері төмендегі тәртіпте өзгертілуі тиіс.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің Кәсіпкерден мемлекет кірісіне 433 230 теңге қаражаты мен 14 963 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы бөлігінің күші жойылған, кассациялық сот бұл тұжырыммен келісті, сол себепті бұл талап бойынша апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде қалдырылады.

Ал талаптың Актіні жарамсыз деп тану жөніндегі бөлігі бойынша бірінші сатыдағы сот шешімінің де, апелляциялық сот алқасының қаулысының да күштері жойылып, іс жүргізу тоқтатылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысы өзгертіліп, талап қоюшы «Бөдене ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің талап қоюының жауапкер жеке кәсіпкер Ғ[...] 2023 жылғы 18 желтоқсандағы №12 орындалған жұмыстар актісін жарамсыз деп тану жөніндегі бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Бөдене ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.