6001-23-00-6ап/2381
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында талап қоюшы А[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттерін заңсыз деп тану, тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 шілдедегі қаулысына жауапкер өкілінің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылған. Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының А[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттері заңсыз деп танылған.
«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне А[...] толық емес отбасы санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қайта алып, тұрғын үй кезегін қалпына келтіру міндеті жүктелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкерлердің өкілі Т[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, А[...] 2008 жылғы 9 қыркүйектен бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының ішінде «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекке тіркелген.
2018 жылғы 1 қазандағы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшы тұрғын үй кезегінен шығарылған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 маусымдағы шешімімен талап қоюшы А[...] аталған жауапкерлерге дәл сол негіздермен бұрын қойған талабы толық қанағаттандырылған, сот шешімімен А[...] «толық емес отбасы» санатындағы тұрғын үйге кезегі қалпына келтірілген.
Алайда, 2022 жылғы 19 қазандағы Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясы А[...] құжаттарын қайта қарап, 2022 жылғы 29 маусымдағы сот шешімімен «толық емес отбасы» санаты бойынша қалпына келтірілген тұрғын үй кезегінен қайта шығарып жіберген.
Талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаждар есебінен негізсіз шығарылғанын көрсетіп, сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясы 2022 жылғы 19 қазанда А[...] қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар екенін назарға алып, жауапкер талап қоюшының дәл сол негіздер бойынша кезектілік ретін қайта қарап, оны тұрғын үй кезегінен шығаруға қатысты рәсімдерді жүргізбеуі тиіс болған деген тұжырымға келген.
Сонымен қатар, А[...] 2022 жылғы 2 наурызда «жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекке кейіннен қойылғаны, соңғыны «толық емес отбасы» санаты бойынша кезектен шығаруға негіз бола алмайды, себебі заңды күшіне енген сот шешімімен осы санат бойынша кезегі қалпына келтіріліп, «жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар» санаты бойынша 2022 жылғы 2 наурызда тұрғын үйге кезекке қойылу мән-жайларына да толық баға берілген.
ӘРПК-нің 5-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Жауапкерлер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкерлердің сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкерлердің өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев Е.Ж. Өмірәлиев Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.