Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1287 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1287

№6003-26-00-2к/1287 (2)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 9 маусым Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор М[...],

аудармашы Т[...], талап қоюшының өкілі С[...], жауапкерлер Б[...], Ч[...], оның өкілі Н[...], Орал қаласы әкімінің өкілі М[...], үшінші тұлғаның өкілі А[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер У[...], А[...], Е[...], М[...], «Орал қаласы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастар бөлімі), «СБСС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС), «Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Сәулет бөлімі) сатып алу-сату шарттарды жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Ч[...] және үшінші тұлға «НурБанк» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - АҚ, Банк) Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, талаптарын даулы жер учаскесі Қазақстан Республикасының заң талаптары бұзыла отырып берілгенімен негіздеген.

Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жер қатынастары бөлімі мен Х[...] арасында жасалған 2008 жылғы 17 сәуірдегі №3256 жер учаскесін сатып алу-сату шарты, Х[...] мен Р[...] арасында жасалған 2010 жылғы 17 қыркүйектегі №1-8335 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты, Жер қатынастары бөлімі мен Р[...] арасындағы жер учаскесін мемлекеттен сатып алу жөнінде жасалған 2010 жылғы 21 ақпандағы №5833 сатып алу-сату келісім шарты, Р[...] пен М[...] арасында жасалған 2015 жылғы 05 наурыздағы №896 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты, М[...] пен «СБСС[...]» ЖШС-нің арасында жасалған 2017 жылғы 22 маусымдағы №1 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты, «СК Барыс

Строй Сервис» ЖШС-гі мен Б[...] арасында жасалған 2019 жылғы 26 тамыздағы №1 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты, Б[...] мен Ч[...] арасында жасалған 2022 жылғы 20 мамырдағы №975 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Сәулет бөліміне сатып алу-сату шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Ч[...] мен Банк кассациялық шағымдарында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс материалдары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарына тіркелген құжаттарға қарағанда, 2008 жылғы 3 сәуірде Х[...] Орал қаласының «Жеңіс» шағын ауданынан жеке меншікке ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін көлемі 0,0255 га жер учаскесі Орал қаласы әкімдігінің №95 қаулысы негізінде беріліп, 2008 жылғы 17 сәуірде Жер қатынастары бөлімі мен Х[...] арасында №3256 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.

Х[...] 2010 жылғы 17 қыркүйекте №1-8335 сатып алу-сату шарты негізінде Р[...] жоғарыда аталған жер учаскесін сатып жібергендігі анықталған.

Р[...] 2010 жылғы 22 қарашада Орал қаласы әкімінің атына сауда үйі мен әкімшілік кеңсе ғимаратын салу және оған қызмет көрсету үшін 0,0200 га қосымша жер учаскесін жеке меншікке беруді сұрап өтініш жазған.

Аталған өтініш бойынша 2010 жылдың 07 желтоқсанда №549 жер учаскесін таңдау актісі жасалып, келісім алынған және 2010 жылдың 14 желтоқсанда №46 жер комиссиясында қаралып, ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін деп оң қорытынды шығарылған.

Бірінші сатыдағы сотыдағы сотта қарау барысында Орал қаласы әкімдігінің 2008 жылдың 3 сәуірде №958 қаулысы негізінде 0,0255 га жер учаскесі алғаш ұсынылған кезде бас жоспармен белгіленген қызыл сызықтың үстінен берілген анықталған.

Сонымен қатар, жерге орналастыру жобасы жасақтау кезіндегі ұсынылған құжаттарда қосымша жер учаскесін беру кезінде негізгі жер учаскесі игерілмей берілгені белгілі болған.

Қосымша жер учаскесін берген кезде аталған жер учаскелерінде ешқандай тұрғын үй немесе құрылыс нысандары болмаса да, яғни бос жер учаскесіне Кодексінің 48-бабының 1-тармағының, 5)-тармақшасына қайшы жер учаскелері табысталған.

Жер учаскесінде құрылыстардың жоқтығы бірінші сатыдағы көшпелі сот отырысында анықталған.

Сондай-ақ, азаматтық істі қарау барысында қосымша жер учаскесіне шектес орналасқан «Жеңіс» шағын ауданы, [...] үй көпқабатты тұрғын үй тұрғындарынан толықтай келісім алынбағаны, жерге орналастыру жобасы ішінде бір ғана тұрғын Д[...] келісім алынғаны, алайда ол азамат нотариус арқылы берген келісімінде «Жеңіс» шағын ауданы, [...] үй, [...] пәтеріне іргелес жер ретінде көрсетілгені анықталған.

Жер кодексінің 43-бабының 1-1-тармағына сай, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері мен жер учаскелеріне жалға алу құқығы осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, сауда-саттықта (аукциондарда) сату объектілері болуы мүмкін.

Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады. Жергілікті соттармен жер учаскелерін беру кезінде Жер кодексінің 48бабы 1-тармағының, 109-бабының және 151-бабының талаптарын бұзғаны толық анықталған.

Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V «Құқықтық актілер туралы» Заңының 64-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында жеке-дара қолданылатын құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге тиіс екендігі қарастырылған.

Осы баптың 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

АК-нің 157-бабының 2, 3-тармақтарына сай, мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады. Мүдделі тұлғалардың, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.

АК-нің 158-бабына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Бірінші сатыдағы сот, Х[...] даулы жер учаскесіне меншік құқығы Жер кодексінің 48-бабында көзделген сауда-саттық (конкурс, аукцион) өткізбей берілгенін негізге алып, АК-нің 267-бабы 1-тармағына сәйкес жоғарыда аталған мәмілелер заңды жарамсыз деп таныған.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот жауапкер әкімдіктің қаулыларымен даулы жер учаскелеріне қатысты құқық Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы мемлекеттің иелігінен оның еркінен тыс өзге жолмен шығып қалғаны туралы негізді түйінге келген. Өйткені, іс құжаттарымен Х[...] және Р[...] әкімдікпен «Жеңіс» шағын ауданынан жеке меншікке ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, жер учаскесі берілгені анықталған.

Бірінші сатыдағы соттың даулы жер учаскесі Жер кодексінің 48-бабында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмегендіктен сауда-саттық (конкурс, аукцион) арқылы берілуі тиіс болған деген тұжырымы негізді. Әкімдіктің қаулысы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы меншік иесінің, яғни мемлекеттің иеленуінен оның еркінен тыс өзге жолмен шығып қалып, меншік иесінің құқықтары бұзылған. Сондықтан бірінші сатыдағы соттың атқару органы жоғарыда аталған заң талаптарын бұза отырып, Х[...] жер учаскесі аукционсыз немесе конкурссыз тікелей заңсыз рәсімделген құжаттардың негізінде берілгені туралы тұжырымы негізді.

Жер учаскесі мемлекет иелігінен оның еркінен тыс шығып кетуіне байланысты жасалған мәмілелер, бірінші сатыдағы сотпен дұрыс жарамсыз деп танылған.

Бірінші сатыдағы сот жауапкердің талап қою мерзімін қолдану туралы талабын дұрыс қанағаттандырусыз қалдырған. Өйткені, құқық бұзушылық белгілі болған кезден бастап заңда көрсетілген мерзімде талап қою сотқа уақытында берілген.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Жауапкер мен Банктің кассациялық шағымында келтірген басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымдарда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкер мен Банктің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешімі және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Ч[...] және үшінші тұлға «НурБанк» акционерлік қоғамының шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.