Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4158 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4158 6003-25-00-2к/4158 (2)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 17 наурыз

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, аудармашы Е.Төлештің, жауапкердің өкілі А.С.Рустемованың эксперт Н.Г.Сагайдактың, Ж.Д.Жусупбековтың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің жауапкер «BI Development Astana» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС, серіктестік) өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және үйден шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының және жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, «BI Development Astana» ЖШС-не жеке меншік құқығында тиесілі, Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 65 учаске, кадастрлық нөмірі 21-318-084-1057, жалпы ауданы 0,5277 га жер учаскесіне 326 507 179 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекеттік мұқтаж үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жүргізілген. «BI Development Astana» ЖШС-не жеке меншік құқығында тиесілі, Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 67 учаске, кадастрлық нөмірі 21-318-083-1136, жалпы ауданы 1,0950 га жер учаскесіне 677 516 318 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекеттік мұқтаж үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жүргізілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны жалпы ауданы 0,5277 га жер учаскесіне 290 686 764 теңге, жалпы ауданы 1,0950 га жер учаскесіне 479 366 253 мөлшерінде айқындауды сұраған.

Жауапкер «BI Development Astana» ЖШС шағымында шешімнің ақшалай өтемақы төлеу бөлігін өзгертіп, жалпы ауданы 0,5277 га жер учаскесіне 402 605 285 теңгеге дейін, жалпы ауданы 1,0950 га жер учаскесіне 860 029 863 теңгеге дейін ақшалай өтемақы сомасының мөлшерін ұлғайтуды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 23 сәуірдегі №510-1441 қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, И.Панфилов көшесі ауданы, мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы учаске 14,3861 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Саябақ» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін берілген мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Алынатын жер учаскелері Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 65 учаске, кадастрлық нөмірі 21-318-084-1057, жалпы ауданы 0,5277 га және Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 67 учаске, кадастырлық нөмірі 21-318-083-1136, жалпы ауданы 1,0950 га орналасқан.

2022 жылғы 7 желтоқсандағы қаулының және жер учаскесіне жеке меншік құқығының актілерінің негізінде жер учаскелерінің меншік иесі «BI Development Astana» ЖШС болып табылады.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, жалпы ауданы 0,5277 га 290 686 764 теңге және жалпы ауданы 1,0950 га 479 366 253 теңге теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған 2025 жылғы 17 наурыз № С.43-03.25 қорытындысында жер учаскесінің кадастрлық нөмірі

21-318-084-1057 құны 402 605 285 теңгеге, кадастрлық нөмірі 21-318-0831136 құны 860 029 863 теңгеге бағаланған.

Сараптамалардың арасында бағаланған жер учаскелерінің құнында елеулі айырмашылықтардың болуына байланысты сот сараптамасы тағайындалған.

Сарапшылардың 2025 жылғы 6 мамырдағы № 4811 қорытындысына сәйкес жер учаскесінің кадастрлық нөмірі 21-318-084-1057 нарықтық құны 326 507 179 теңге, жер учаскесінің кадастрлық нөмірі 21-318-083-1136 нарықтық құны 677 516 318 теңге болып анықталған.

Сот алынатын жылжымайтын мүліктің бағасын айқындау кезінде сарапшылардың 2025 жылғы 6 мамырдағы № 4811 қорытындысын назарға алған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде 2025 жылғы 6 мамыр №4811 сарапшылардың қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшылармен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік

объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сарапшылардың бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Кассациялық сотта эксперт Н.Г.Сагайдак пен Ж.Д.Жусупбековтың сараптама қорытындыларының айырмашылығы айқындалып, Ж.Д.Жусупбековтың сараптама қорытындысында жер учаскелері орналасқан аудандағы аналогтарымен салыстырылғаны анықталған. Сонымен қатар, 2025 жылғы 6 мамырдағы № 4811 сараптама қорытындысын қос сарапшы Ж.Д.Жусупбеков пен Б.Ж.Казеев жүргізген және олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін кадастрлық нөмірі 21-318-084-1057 құнын 326 507 179 теңге, кадастрлық нөмірі 21-318-083-1136 құның 677 516 318 теңге деп анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының және жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.