Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4044 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4044

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 3 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

аудармашы Р.Шайхының, талап қоюшының өкілі Т.Жарылкаповтың, жауапкер Г.Б.Меденованың және оның өкілі Б.Кистафинаның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Батырбек Шардарбекович Шардарбековтың жауапкерлер Гульмира Бугланбаевна Меденоваға, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Архдизстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне объектіні пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп тану және заңсыз соғылған құрылысты жауапкердің есебінен бұзу туралы электронды азаматтық істі жауапкер Г.Б.Меденованың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Шымкент қаласы, Майлықожа көшесі №66 үй, 2 пәтер мекенжайында орналасқан жауапкер Г.Б.Меденовамен тұрғызылған екі қабатты тұрғын үйді пайдалануға қабылдау туралы 2015 жылғы 4 наурыздағы №436 акті жарамсыз деп танылған және 115,9 шаршы метр құрылыс жауапкер Г.Б.Меденованың есебінен мәжбүрлеп бұзылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкерді және оның өкілі Б.Кистафинаны, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Т.Жарылкаповты тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшы Б.Ш.Шардарбековтың Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Майлы Қожа көшесі, №66/2 үй мен кадастрлық №№19:309:043:473; 19:309:043:473:1; жер учаскесіне 2007 жылғы 8 тамыздағы №26303 меншік кұқығын беретін акт, 2007 жылғы 5 маусымдағы №1-4581 реестрде тіркелген сатып алу-сату келісім шарты негізінде меншік құқығы тіркелген.

Жауапкер Г.Б.Меденованың Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Майлы Қожа көшесі, №66/2 үй мен кадастрлық №№19:309:043:473; 19:309:043:473:1; 19:309:043:473:66:2; 19:309:043:473:67 жер учаскесіне 2004 жылғы 31 наурыздағы №2375 реестрде тіркелген сатып алу-сату келісім шарты, 2009 жылғы 5 қаңтардағы №26303 жер учаскесіне меншік кұқығын беретін акт, 2015 жылғы 5 ақпандағы жылжымайтын мүлікті құлату туралы қорытынды, 2015 жылғы 4 наурыздағы №436 пайдалануға қабылдау туралы актісі негізінде меншік құқығы тіркелген.

Тараптардың жер учаскесінің меншік құқығы ортақ бірлескен меншік ретінде тіркелген.

Іс бойынша жер учаскесінде тараптардың ортақ тұрғын үйі орналасқан, талап қоюшының үйі №1 пәтер, жауапкердің үйі №2 пәтер болып белгіленген.

Жауапкер 2015 жылғы 5 ақпандағы жылжымайтын мүлікті құлату туралы қорытындымен бір қабатты үйінің шатырын бұзып, екінші қабатты көтерген және ортақ пайдаланудағы жер учаскесіне қосымша үй құрылысын тұрғызып, 2015 жылғы 4 наурыздағы №436 пайдалануға қабылдау туралы актісімен құрылыстар пайдалануға қабылданған.

Жергілікті соттар Шымкент қаласы, Әл-фараби ауданы, Майлы қожа көшесі, №66/2 мекенжайындағы кадастрлық №19-309-043-473 жер учаскесінде ортақ тұрғын үйдің бір бөлігі екі қабатты, ал екінші бөлігі бір қабатты болып орналасқаны анықтаған.

Шымкент қаласы бойынша сот сараптамасы институтының 2024 жылғы 25 қарашадағы №3395 сараптама қорытындысына сай, жауапкерге тиесілі Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Майлы Қожа көшесі, кадастрлық №№19:309:043:473; 19:309:043:473:1; 19:309:043:473:66:2; 19:309:043:473:67 №66/2 үй мекенжайында орналасқан 2 қабатты құрылыс қала құрылысы, өрт қауіпсіздігі және санитарлық нормалар мен қағидаларға сәйкес келмейді.

Сонымен қатар, сарапшы талап қоюшының №1 пәтеріне Майлықожа көшесі арқылы, ал жауапкердің №2 пәтеріне Ақпан батыр көшесі арқылы кіретіні, жер учаскесінің игерілмеген бөліктері тұрақты қоршаумен немесе іргелес ғимараттармен шекаралас қоршалғаны, екі қабатты №2 пәтердің төбесіне суағар ұйымдастырылмағанын анықталған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 212бабының 1-тармағының 213-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес үлестi

меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келiсiмге келмеген жағдайда - сот белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.

АК-нің 264 бабының, 267-бабының 1-тармағына сәйкес меншiк иесi, өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы. Егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Талап қоюшының жер учаскесіне ортақ меншік құқығы тіркелген, жауапкер ортақ жер учаскесінде тиісті түрде талап қоюшының келісімін алуы қажет болған. Алайда, жауапкер тиісті рұқсатты алмай, заңсыз құрылыс жүргізген. Осылайша, жауапкердің тұрғызған ғимараты талап қоюшының ортақ меншік құқығына нұқсан келтіреді.

Жергілікті соттар жоғарыда көрсетілген заң талаптарын және анықталған мән-жайларды негізге алып, талап қоюды дұрыс қанағаттандырған.

Соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Г.Б.Меденованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.