ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 тамыз 6003-25-00-4к/18 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі К.К.Асылхановтың, жауапкер жəне мүдделі тұлғаның өкілі К.А.Калиакпаровтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Inter Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер Астана қаласы əкімдігіне жер учаскесіне тексеру, іздестіру жəне жобалау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы қаулысын қабылдауға мəжбүрлеу туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,
Серіктестік Астана қаласының əкімдігіне жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімімен серіктестіктің талап қоюы қанағаттандырылған. Астана қаласының əкімдігіне серіктестіктің Астана қаласы, Нұра ауданы, Е125, Е366, Е416, Е425 көшелері (жобалық атаулар) мекенжайы бойынша тексеру, жобалау жəне іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы өтінішін қарау бойынша əкімшілік рəсімдерін соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайталап өткізу міндеттелген.
Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың сот актілерінің күшін жойып, серіктестіктің талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уəждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, тараптардың өкілдерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғаны, серіктестік 2024 жылғы 23 мамырда Астана қаласының əкімдігіне Астана қаласы, Нұра ауданы, Е125, Е366, Е416, Е425 (жобалық атаулар) көшелері мекенжайы бойынша паркингі бар тұрғын үй салу мақсатында ауданы 1,4838 га аумақта тексеру, іздестіру жəне жобалау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы өтінішімен жүгінген.
Астана қаласы əкімдігінің 2024 жылғы 24 шілдедегі №510-2439 қаулысымен объектіні орналастыру инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымның болмауына байланысты рұқсатты беруден бас тартылған. Төменгі сатыдағы соттар серіктестіктің өтінішін қарау рəсімі бұзылуына, құқық беруден дəлелсіз бас тартылуына жəне əкімшілік актіде дəлелді негіздердің болмауына байланысты талап қоюды қанағаттандырған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төменгі саты соттарының тұжырымдарымен келіседі.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан əрі - Жер кодексі) 71бабының 1-тармағына сəйкес геологиялық, геофизикалық, iздеу, геодезиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық, жерге орналастыру, археологиялық, жобалау жəне басқа да iздестiру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке жəне заңды тұлғалар бұл жұмыстарды жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай жүргiзе алады. Бұл ретте құрылыс салу мақсаты үшін іздестіру жұмыстары мемлекеттік меншікке жататын жерлерде жобаланып отырған құрылыс объектісінің Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы заңнамасына сəйкес белгіленген тəртіппен бекітілген қала құрылысы жобаларына (бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жəне құрылыс салу жобаларына) сəйкес келген жағдайда жер учаскесіне құқық берілмей жүргізіледі.
Іс бойынша анықтағаны, Астана қаласының бас жоспарында талап қоюшы сұраған жер учаскесінде тұрғын үйді орналастыру қарастырылған, сонымен бірге Астана қаласы əкімдігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы 510-67 қаулысымен Есіл өзенінің, Ш.Бейсекова көшесінің оңтүстігіндегі, Қорғалжын тас жолының солтүстігіндегі аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген жəне оған сəйкес сол жер учаскесінде 9 қабатты тұрғын үй мен 6 қабатты паркингты орналастыру көзделген. Демек, серіктестіктің өтініші Жер кодексінің 109-бабына қайшы келмеген. Сонымен бірге, ӘРПК-нің 72-бабының бірінші жəне екінші бөліктеріне сəйкес əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мəн-жайларды жан-жақты, толық жəне объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.
Әкімшілік істің нақты мəн-жайларын зерттеу тəртібі мен шектерін əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік рəсімге қатысушылардың пікірлерін ескере отырып айқындайды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен "Іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан əрі - Қағида) бекітілген.
Осы Қағиданың 11-тармағына сəйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сəйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі, онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізу уақыты мен орны (тəсілі) көрсетіледі.
Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Тыңдалым нəтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уəжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден уəжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уəкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі не көрсетілетін қызметті беруші арқылы беріледі.
Істі қарау барысында жауапкер талап қоюшының өтініші бойынша тыңдалымды өткізбегені, осылайша ол өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамай, заң талаптарына сəйкес келмейтін шешім қабылдағаны анықталған. Осыған байланысты соттар жауапкерге өтінішті қарау бойынша əкімшілік рəсімдерін соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайталап өткізуді дұрыс міндеттеген. Қолайлы əкімшілік акті қабылданған жағдайда, серіктестік пен жер учаскелерінің иелері арасында келісім-шарттар орындалмауына байланысты дау туындауы мүмкін деген жауапкердің өкілі келтірген болжамдар негізсіз. Болашақта мұндай даулардың туындау мүмкіндігі серіктестіктің пайдасына əкімшілік актіні қабылдаудан бас тартуға негіз бола алмайды, олар азаматтық сот ісін жүргізу тəртібімен шешіледі.
Сонымен бірге, əкімдіктің 2024 жылғы 24 шілдедегі қаулысының күші жойылмағаны туралы жауапкердің уəжі де сот актілерінің күшін жоюға негіз болмайды. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес мəжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не əкімшілік органның, лауазымды адамның əрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы əкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсеткен уəждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Жоғарыда келтірілген мəнжайларды ескере отырып, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е.Төлеев
Судьялар:
Р. Айнакулова Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.