Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2662 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 8 шілде №6003-26-00-2к/2662 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Токсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Аймурзинова, прокурор К[...], талап қоюшының өкілі Е[...], жауапкер А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер жеке кәсіпкер А[...] шартты бұзу және грант қаражатын өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша қабылданған Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

«Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысымен шешім өзгертілген.

Шешімнің талап қоюшының грант қаражатын өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, жеке кәсіпкер А[...] «Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің пайдасына 2 000 000 теңге өндіру туралы жаңа шешім шығарылған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайларға, атап айтқанда, білім беру орталығын ашу үшін техника, құралдар, жиhаз, бейнебақылау құрылғыларын алғанына, 2023 жылы жеке кәсіпкер ретінде есеп тапысырлғанына, Enbek.kz мәліметіне сәйкес әкімші және мұғалым бар екеніне назар аудармағанын, 2022 жылғы қаңтарсәуір айларында COVID-19 науқастанғаны, 2024 жылғы 23 қаңтарда жер сілкінісі болғаныны міндеттемені уақытында орындауға кедергі болған дәлелді себептерге дұрыс құқықтық баға берілмегенін, 2023 жылғы тамызда «Даму» АҚ-на негізгі құралдарды алғаны, қызметкерлер туралы 2023 жылғы бірінші тоқсанға тапсырылған есептері «Даму» АҚ-мен азаматтық іс құжаттарына тіркелмегенін көрсетіп, сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Тараптардың түсіндірмелерін, прокурордың қаулыны күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын тексеріп, сот төмендегі түйінге келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 272, 273-баптарына сәйкес мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс. Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.

Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 маусымдағы №2/247 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес, «Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» КММ-сі Алматы қаласының аумағында кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және агроөнеркәсіптік кешен саласында қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2020 жылғы 20 желтоқсанда «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үш жақты отырылған Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы және жеке кәсіпкер А[...] арасында №266 грант беру туралы шарты жасалып, соңғыға 2 000 000 теңге мөлшерінде грант берілген.

2023 жылғы 25 мамырдағы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру жөніндегі конкурстық комиссия шартта көзделген негізгі міндеттемелерді бұзып, бөлінген қаражатты мақсаты бойынша дұрыс игерілмегені үшін жеке кәсіпкерден 2 000 000 теңге мөлшерінде грант қаражатын қайтару туралы шешім қабылдаған.

2024 жылғы 30 мамырдағы №44.3-44/947-И хатымен талап қоюшы жауапкерге шартта көзделген қаражатты 2024 жылғы 1 шілдеге дейін қайтару туралы хабарлама жолдаған.

Алайда, жауапкер тарапынан ақша қаражатын кері қайтару талаптары орындалмаған. Осыған байланысты талап қоюшы сотқа грант қаражатын өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған. Осындай шешімін қабылдағанда, шарттың 21 тармағында белгіленген, шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тəртіппен конкурстық комиссия тиісті шешім қабылдаған күннен бастап бұзылған болып саналатыны, бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі кəсіпкерге жəне қаржы агенттігіне конкурстық комиссия шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде міндетті түрде хабарлауы тиіс деген талап орындалмағаны, конкурстық комиссияның қабылданған шешімі туралы қаржы агенттігінің атына тиісті хабарлама жіберілмегенімен негіздеген.

Шарттың 8, 9, 10-тармақтарына сәйкес кəсіпкер грант қаражатын бизнес-жоба іс-шараларының жоспарына сəйкес пайдалануға міндетті. Шарт бойынша кəсіпкерге аударылған ақшалай қаражат кəсіпкердің бизнес-жобасын іске асырумен байланысты нысаналы мақсатқа ие. Берілген гранттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қаржы агенттігі жүзеге асырады. Грант қаражаты есебінен сатып алынған немесе алынған барлық мүлік кəсіпкердің бизнесжобасының мақсаттарына сəйкес, ал бизнес-жоба аяқталғаннан кейін кəсіпкердің кəсіпкерлік қызметті жүргізуіне пайдаланылуы тиіс.

Шарттың 1-қосымшасында бизнес-жобаның іс-шаралар жоспары - білім беру орталығының ашылуы, аяқталу нысаны - жобаны іске асыру, орындалу мерзімі - 2021 жылғы 31 тамыз деп белгіленген. Шарттың 2-қосымшасы бойынша гранттың мақсатты пайдаланылуы - негізгі құралдар.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен грант қаражатын өндіру бөлігін талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту бөлігімен төмендегі негіздермен келіспеген.

Жауапкер А[...] білім беру орталығын ашу міндеттемесін қабылдағаны және жұмыс орындарын құру міндеттемесін орындамағаны, грант қаражатын негізсіз пайдалу фактісі анықталды. Сондай-ақ, шарттың 14 тармағына сәйкес жауапкер кемінде 2 адамға жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуге және грантты нысаналы бағыт бойынша ғана пайдалануға, бизнес-жобаны іске асыру үшін ісшараларды уақытылы жəне тиісінше жүргізуге шарт шеңберінде міндеттемелерді қабылдаған.

Алайда, жеке кәсіпкер қаржы агенттігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның тексерісі нәтижесінде жауапкер тарапынан грант алушының жабдық сатып алу құжаттары ұсынылмағаны және грант қаражатын пайдалану жөнінде есеп бермегені, жұмыс орындарын құру және салық төлемдер жасалмағаны анықталған.

Жиһаз, жабдықтар сатып алғаны, жобаны іске асыру болып табылмайды, себебі шарттың нысанасы бизнес-жобаның іс-шаралар жоспары - білім беру орталығының ашылуы болып саналады. Мұндай орталық жауапкермен ашылып, іске қосылмаған. Жауапкермен шарттың 4-қосымшада көрсетілген грант қаржысын пайдаланудың және бизнес-жобаның шаралары орындалғаны туралы есеп тапсырылмаған.

АПК-нiң 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс.

Алайда грант алушы жеке кәсіпкер кемінде екі жұмыс орнын құру туралы міндеттемені де орындамаған, яғни, бюджет қаражатын алушылар бюджет қаражатын нысаналы мақсаты бойынша жұмсауға бюджеттік және өзге де құжаттамада айқындалған нәтижелерге қол жеткізу бойынша қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деген Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 5-бабы 22-тармағының талаптарын бұзған.

Шарттың 19-тармағына сәйкес басқарма жеке кәсіпкермен міндеттемелер толық көлемде орындалмаған жағдайда төленген грантты қайтаруды талап етуге құқылы екені көзделген.

Осылайша апелляциялық сатыдағы сот шешімнің талап қоюшының ақшаны өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күшін жойып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2 000 000 теңге мөлшеріндегі грант қаражатын өндіру туралы жаңа шешім қабылдаған.

Апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымын жан-жақты, толық анықтаған, процестік және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған. Сот алқасының қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Жауапкердің 2022 жылғы қаңтар-сәуір аралығында науқастануы, 2024 жылғы 23 қаңтардағы 2024 жылғы жер сілкінуі туралы уәждері міндеттемені орындамауының дәлелді себебі ретінде назарға алуға жатпайды, себебі шарттың орындау мерзімі 2021 жылғы 31 тамызда аяқталған.

Кассациялық шағымда көрсетілген басқа уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.

Шағымның уəждері қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, қаулы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья А.Токсанбаев

Судьялар М.Ибрагимова

А.Аймурзинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.