Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1639 (Гражданское)

6003-25-00-2к/1639

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 қазан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева,

судьялар В.Е.Тохтарбаева, А.К.Тлеубаева, прокурор Н.Молдахановтың, талап қоюшының өкілдері Э.Егембердиевтің, Ж.Досайұлының,

жауапкер Меркі ауданы әкімінің өкілі А.Амированың, жауапкер «Меркі ауданы Андас батыр ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі М.Топалованың қатысуларымен,

талап қоюшы «Дархан-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапкерлер «Меркі ауданы Андас батыр ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-КММ), Меркі ауданы әкіміне иелену мерзіміне байланысты меншік құқығын тану туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстары мәселесі шешілген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру сұрады

Кассациялық сот тараптарды, сот актілері күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 240бабының 1-тармағына сәйкес мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем

дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.

Жергілікті соттармен келесі мән-жайлар анықталған.

«Андас батыр ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-нің ауылдық округі аумағында орналасқан су ұңғымаларына жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, Андас батыр ауылдық округі, Чалдовар станциясы, Өркен көшесінің бойында орналасқан су ұңғымасы иесіз мүлік ретінде анықталған.

«Азаматтарға арналған үкімет МК»» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының Меркі аудандық тіркеу бөлімінің 2023 жылғы 28 сәуірдегі жауап хатына сәйкес су ұңғымасы мемлекеттік тіркеуде болмағандықтан иесіз мүлік ретінде тіркелгені көрсетілген.

Талап қоюшы «Дархан-Астық» ЖШС-нің талабында 1993 жылы су ұңғымасының құны 294 575 теңге болып белгіленіп, «Дархан» акционерлік қоғамының балансынан кейін қайта құрылған «Дархан Астық» ЖШС-нің балансында екенін көрсеткен. Осы негіздер бойынша су ұңғымасына иеленуді сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіз жоқ деген тұжырымға дұрыс келген. Өйткені, су ұңғымасы арқылы жер астындағы су алынады, су ұңғымасының суын сол маңайдағы ауыл тұрғындары пайдаланатындығына назар аударған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жер Кодексі жер учаскелерінің құқықтарын, пайдалану тәртібін және жер қатынастарын реттейді, оған сәйкес ішкі сулары - бұл ел аймағында орналасқан, бірақ ашық су айдындарына (теңіздер мен мұхиттарға) жатпайтын су ресурстары, оған өзендер, көлдер, су қоймалары, сондай-ақ Қазақстан аумағында орналасқан жер асты сулар да жатады деп негіздеген.

Кассациялық сот жергілікті соттардың мұндай түйіндері дұрыс және істің мән-жайларына сәйкес келеді деп санайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі-нормативтік қаулы) 17-тармағында и елену мерзімінің ескіруі негізінде мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне жеке меншік құқығын алуға жол берілмейді, өйткені Қазақстан Республикасының жер заңнамасында осы жер учаскелеріне заттай құқықтарды алудың өзге тәртібі көзделген. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар алу тәртібі Жер кодексінің 43-бабында белгіленген деп нақты көрсетілген.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруы заңды және де нормативтік қаулының 17-тармағымен үйлеседі.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-

жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімі, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Л.Б.Мамырбаева

В.Е.Тохтарбаева

Судьялар:

А.К.Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.