ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қазан 6003-25-00-4к/1880 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Муратбай Алиевич Баймагамбетовтың жауапкерлер «Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) күзетшілердің телефондарды алып қалу әрекеттерден қалыс қалу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 ақпандағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 ақпандағы ұйғарымымен талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпау салдарынан қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарымен келіспейтінін көрсете отырып, сот түйіндерінің істің нақты мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты және заң нормаларын қолдаудағы бірізділіктің сақталмауымен негіздеп, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс бойынша анықталған мән-жайлардан көрініп тұрғандай, Басқарманың 2024 жылғы 18 қазандағы №16/2-3/963-И хатымен М.Баймагамбетовтың арызына сәйкес жауап хат жолданып, онда полиция сержанты М.Қанат пен полиция аға сержанты Г.Еркінбаева М.Баймагамбетовтың Қызылорда облыстық сотының ғимаратына кіру кезінде тексеруден өткізіп, ғимаратқа алып өтуге (кіргізуге) тыйым салынған бұйымдар тізбесіне сәйкес, ұялы байланыс құралдарын (интернет модельдермен, фото және бейнекамералармен жарақталған ұялы телефондарын) полиция бекетінде орналасқан ұяшықтарға қалдыруларын талап еткенін, соған сәйкес Басқарма қызметкерлерімен жоғарыда аталған бұйрықтар мен қаулылардың талаптарының бұзылуына жол берілмегені, заңға қайшы әрекеттері анықталмағаны хабарланған.
Талап қоюшы М.Баймагамбетов талап қоюында сот ғимаратына аудио-, бейнежазба құралдарын алып кіру АПК-нің 19-бабының жетінші бөліміндегі, ҚПК-нің 29, 347-1 баптарындағы нормаларға сай сот процесін жазып алу құқығын күзет қызметкерлерімен шектегені көрсеткен.
Төмен тұрған соттар талап қоюды қайтара отырып, әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарау үшін әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жария-құқықтық қатынастардан туындауы тиіс, алайда дау жария-құқықтық қатынастардан туындамайды деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот бұл қорытындымен келіседі және оны негізді, заң талаптарына әрі істің нақты мән-жайларына сәйкес деп келесі себептермен есептейді.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасында, қатысушылардың бірінің басқа билік өкілеттіктеріне қатысты іске асырылуына байланысты туындайды.
ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында әкімшілік акт ұғымына түсіндірме беріліп, оған сәйкес, жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім танылады.
ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 3) тармақшасында әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) ұғымы айқындалған, яғни ол әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі) болып табылады.
Төмен тұрған соттар, талап қоюды әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайда деген тұжырымға келе отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысының 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 6001-18-7-6/121 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 265 бірлескен бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету жөніндегі қағидалар» (бұдан әрі – Қағидалар) сілтеме жасаған.
Осы Қағидалардың 28-тармағына сәйкес, сот процесіне қатысатын өзге де адамдардың, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдардың тізбеде көрсетілген бұйымдар мен заттардарды кіргізуіне (алып кіруіне) жол берілмейді. Тізбенің 8), 9), 10), 11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген бұйымдар ғимаратқа кіру кезінде полиция бекетіндегі арнайы жеке ұяшықтарда қалдырылады.
Қағидаларға 1-қосымшаның 11) тармақшасына сәйкес, қоңырау/хабарлама/жауап беру функциялары бар телефондарды қоспағанда, мобильдік құрылғылар (интернет модульдері бар ұялы телефондар, смартфондар, планшеттер және т.б.) соттардың, Департамент пен оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарына алып өтуге (алып жүруге) тыйым салынған бұйымдар мен заттардардың тізбесіне енгізілген. Салдарынан, Қағидада көрсетілген ережелерге сәйкес алып өтуге (алып жүруге) тыйым салынған бұйымдар мен заттардардың тізбесімен келіспеген жағдайда, талап қоюшы АПК-нің 298-бабы негізінде соттылық туралы ережені сақтай отырып, тиісті сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы деген түсіндірме заңға сәйкес болып табылады.
Талап қоюшының кассациялық шағымда соттармен іс соттың қарауына жатпаса, қандай органмен немесе қай қандай сотқа жүгіну керектігі көрсетілмеген деген уәжі кассациялық сатыдағы сотпен негізсіз деп танылады, өйткені апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымында АПК-нің 298-бабына сілтеме жасалып, оған сәйкес нормативтік құқықтық актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгiнуге құқылы екендігі нақты түсіндірілген.
Кассациялық соттың пікірінше, субъективтік жария құқықтардың құқықтық табиғатына сәйкес, өтініш беруші субъектілері әкімшілік органды, соның ішінде сот арқылы да, өздеріне қажетті жауаптарды беруге немесе лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылдауға міндеттеуге құқылы емес.
Осыған байланысты, кассациялық сот ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпағандықтан, талап қою қайтарылуға тиіс деген қорытындыға келеді.
Жеке шағымда келтірілген уәждер жаңа мән-жайларды қамтымайды және негізінен сотпен жан-жақты зерттелген іс бойынша дәлелдемелер мен мән-жайларды қайта қарауға бағытталған. Осыған орай, кассациялық сот АПКнің 426-бабының екінші бөлігіне сәйкес, төмен тұрған соттар талап қоюды заңды түрде қайтарған, сондықтан шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 ақпандағы ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.