ҚАУЛЫ
2026 жылғы 25 маусым 6003-26-00-4к/791 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
жауапкер өкілі П[...], Төлеби ауданы әкімінің өкілі С[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы Т[...] жауапкер Түркістан облысының Төлеби аудандық маслихатына, мүдделі тұлғалар Түркістан облысы, [...] әкіміне, Түркістан облысы Ленгер қаласының әкіміне Төлеби аудандық маслихатының шешімін заңсыз деп танып, күшін жою, қолайлы әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеу туралы талабы бойынша қозғалған әкімшілік ісімен,
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімімен Т[...] әкімшілік талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың жоғарыдағы шешімі өзгертілген, оның талап қоюшы Т[...] Төлеби аудандық маслихатының 2025 жылғы 30 сәуірдегі №25/148-VIII шешімін заңсыз деп танып күшін жою туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде жаңа шешім қабылданған.
Төлеби аудандық маслихатының 2025 жылғы 30 сәуірдегі №25/148-VIII шешімі заңсыз деп танылып күші жойылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өзінің кассациялық шағымында, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған.
Кассациялық сот, іске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай кемшіліктер осы іс бойынша орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімімен, Төлеби ауданы әкімінің талап қоюшы У.Т[...] қаласының 2, 3- мөлтек аудандары маңынан өтетін атауы жоқ орталық көшеге – Т[...] атын беру туралы өтінішін қарау үшін, Төлеби аудандық мәслихатына қайта жолдамау әрекетсіздігі заңсыз деп танылып, Төлеби ауданының әкіміне осы мәселемен түпкілікті шешім қабылдау үшін Төлеби аудандық Мәслихатына ұсыныс келтіру міндеттелген.
2024 жылғы 9 шілдеде Төлеби ауданы әкімі осы сот шешімін орындау мақсатында, Түркістан облысының Төлеби аудандық мәслихатына (бұдан әрі – Мәслихат) Төлеби ауданы, Ленгір қаласының 2, 3-мөлтек аудандары маңынан өтетін көшеге Т[...] атын беру туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін ұсыныс хат жолдаған.
2025 жылғы 30 сәуірдегі Мәслихаттың 8-шақырылымындағы кезектен тыс 25-сессиясының хаттамасына сәйкес, депутаттармен Ленгір қаласының 2,3-мөлтек аудандары маңынан өтетін көшеге Т[...] атын беру мәселесі талқыланып, дауысқа қойылған. Онда жалпы 15 депутаттың 4 – і көше атауын беруді қолдап, қалған 11 депутат қарсы дауыс беріп, ұсынысты қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы Т[...] сотқа әкімшілік талап қойып, онда келесіні көрсеткен: 2019 жылғы 12 желтоқсандағы Төлеби аудандық Мәслихаты мен Төлеби аудандық әкімдігінің №659 бірлескен шешімі мен қаулысына сай, Төлеби ауданы Ленгер қаласындағы 2, 3-мөлтек аудандарының орталық көшесінің атауын «Т[...]» көшесі етіп өзгерту туралы Түркістан облысының ономастика комиссиясының қарауына ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданған.
2019 жылғы 26 желтоқсандағы облыстық ономастика комиссиясының қорытындысымен Ленгер қаласындағы 2, 3-мөлтек аудандарындағы атауы жоқ көшені «Т[...]» көшесі деп беруге келісім берілген, ал 2020 жылғы 18 ақпанда Төлеби ауданының Ленгір қаласындағы 2, 3- мөлтек аудандарындағы көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныс хат аудандық мәслихат хатшысына жолданған.
Төлеби аудандық Мәслихат аппаратының 2020 жылғы 5 наурыздағы №32 хатымен аудан әкімінің жоғарыдағы ұсынысын, тиісті құжаттар ұсына алмағандықтан, тұрақты комиссияда сессияның күн тәртібінен алып тастау туралы қаулы қабылданып, ұсынысты пысықтау үшін кері қайтарылатыны хабарланған.
2023 жылғы 6 қарашадағы Төлеби аудандық Қоғамдық кеңесі отырысының №17 хаттамасымен Ленгір қаласының атауы жоқ көшелерінің біреуіне Т[...] атын беру туралы ұсыныс жасалған.
2025 жылғы 30 сәуірдегі Төлеби аудандық Мәслихатының кезектен тыс сессиясында аудандық мәслихаттың шешімімен Ленгір қаласының №2 және №3 мөлтек аудандарының орталық көшесіне Т[...] атын беруден бас тартылған.
Т[...] жалпы білім саласында 50 жыл қызмет атқарған, оған Қазығұрт ауданының, Төлеби ауданының және Ленгір қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілген. Сонымен қатар, Т[...] «Оқу ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасы Оқу министрлігінің «Оқу ісінің үздік қызметкері» төс белгісімен, Президенттің алғыс хатымен, министрліктің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Кәзіргі таңда кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сотың қаулысын заңды және негізді деп санайды, өйткені ол нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Жоғарыда аталғандай, 2018 жылғы 10 ақпандағы Ленгір қаласының 2,3мөлтек аудандарының орталық көшесінің тұрғындарымен өткен кездесуде түзілген хаттамада көрсетілгендей, кездесуге 118 адам қатысқан, олар қаланың 2 және 3 мөлтек аудандарының орталық көшелерінің атауын Т[...] көшесі деп өзгертіп, осы ұсыныс бойынша тиісті құжаттарды жинап, облыстық ономастика комиссиясына ұсыныс беру сұралған.
2019 жылғы 12 желтоқсандағы Төлеби аудандық Мәслихаты мен Төлеби ауданы әкімдігінің №659 бірлескен шешімі мен қаулысына сәйкес, Төлеби ауданы Ленгер қаласындағы 2, 3-мөлтек аудандарының орталық көшесінің атауын «Т[...]» көшесі деп өзгерту туралы Түркістан облысының ономастика комиссиясының қарауына ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданған.
2020 жылғы 19 ақпандағы Төлеби аудандық Қоғамдық кеңесі отырысының хаттамасымен атауы жоқ көшелердің біреуіне Т[...] атын беру туралы ұсыныс жасалған.
Төлеби аудандық Мәслихат аппараты 2020 жылғы 5 наурызда хатымен аудан әкімінің жоғарыдағы ұсынысын, тиісті құжаттар ұсына алмағандықтан тұрақты комиссияда сессияның күн тәртібінен алып тастау туралы қаулы қабылдағаны хабарланған.
2023 жылғы 6 қарашадағы Төлеби аудандық Қоғамдық кеңесі отырысының №17 хаттамасымен Ленгір қаласының атауы жоқ көшелерінің біреуіне Т[...] атын беру туралы ұсыныс жасалған.
2025 жылғы 30 сәуірдегі Төлеби аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясының шешімімен Ленгір қаласының №2 және №3 мөлтек аудандарының орталық көшесіне Т[...] атын беруден бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы соттың көшпелі сот отырысында төмендегі мәнжайлар анықталған.
Іс жүзінде даудың мәні Ленгір қаласындағы Қапал батыр көшесінің бойынан өтетін Мешіттен басталып, Ленгір қаласынан шығу бағытындағы атауы жоқ көшеге жаңа атау беру болып табылады.
Қапал батыр көшесіндегі үйлерге берілген нөмірлерге қарағанда, осы көшедегі №1, №2 және басқа үйлер нөмірінің өсу бағыты қаланың орталығына қарай бағытталған.
Жолдың даулы бөлігі қаладан тауға қарай шығуға бағытталған, осы жол бойындағы үйлердің және басқа нысандардың нөмірлері жоқ, жолдың екі жағында 2,3 мөлтек аудандары орналасқан.
2018 жылғы 10 ақпандағы Ленгір қаласы 2, 3-мөлтек аудандарының орталық көшесінің тұрғындарымен өткен кездесудің хаттамалық шешімінің заңға қайшы қабылданғаны туралы еш дәлелдер табылмаған. Сонымен қатар, 2019 жылғы 12 желтоқсанда Төлеби аудандық Мәслихаты мен Төлеби аудандық әкімдігінің №659 бірлескен шешімі мен қаулысы, ал 2019 жылдың 26 желтоқсанда облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы қабылданды.
Бас жоспарда көрсетілгендей, Қапал батыр көшесі Мешіттің қасындағы бұрылыстан басталып, қаланың орталығына қарай жалғасқан, оның айғағы Қапал батыр көшесінде орналасқан үйлердің нөмірлері, яғни №1, №2, әрі қарай үйлердің нөмірлерінің өсуі Ленгір қаласының орталығына қарай бағытталған. Бұл жауапкердің жолдың үздіксіздігі жөніндегі уәждерін бекітпейді.
«Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №783 және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1262 бірлескен бұйрығының 54-55-тармақтарына сай, елді мекеннің бір бөлігіндегі объектілердің нөмірленуі оннан артық бірлікке тоқтатылған (жоғалған) жағдайда, сәулет және қала құрылысы органы қайта нөмірлеуді талап ететін объектілердің нөмірленуіне өзгерістер енгізуге бастама жасайды. Қате мекенжайлық мәліметтер (жылжымайтын мүлік объектілерінің нөмірлері) болған жағдайда, сәулет және қала құрылысы органы жылжымайтын мүлік объектісіне МТК көрсете отырып, дұрыс реттік нөмір беретіні көрсетілген. Осыған орай, бүгінгі күнге дейін осы көшеде орналасқан объектілердің реттік нөмірлеріне өзгеріс енгізілмеген.
Тұргындардан арыз түскені іс құжаттарымен бекітілмейді, себебі оларға қатысты әкімшілік рәсімдеу жүргізілмеген, ал ӘРПК-нің 129-бабының талабына сай, дау айту жөніндегі талап қою бойынша іс әрекеттің дұрыстығын дәлелдеу әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктеледі.
Атап айтқанда, уәкілетті органмен осы көшеде орналасқан объектілердің нөмірленуіне өзгеріс енгізілмеген, тиісінше көшенің даулы бөлігі Қапал батыр көшесінің жалғасы болып табылмайды, себебі оған атау берілмеген, ал
тиісінше көшеге атау беру туралы өтініш 2018 жылы алғаш рет беріліп, қаралып, көшеге атау беру туралы оң шешім қабылданған.
Ономастикалық комиссияның қарауына жіберілген барлық құжаттардан, көшенің даулы бөлігінің атауы жоқ екені және Ленгір қаласының 2,3-мөлтек ауданында атауы жоқ көше бар екендіғі көрінеді.
Қолданыстағы заң нормаларының талабына сәйкес, көшелердің атауын өзгерту келесі іс-әрекеттерден тұрады (алгоритм): яғни 1) тұрғындардың пікірлерін ескеруден; 2) ономастикалық комиссияға ұсыныс енгізуден; 3) ономастикалық комиссиямен қорытынды беруден; 4) жергілікті өкілді және атқарушы органның шешімдерінен.
Кассациялық сот, жоғарыда көрсетілген мәліметтерді ескере отырып, іс жүзінде көшеге атау беруде жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімдерінен көше атауын өзгерту алгоритмі 2019 жылы сақталмаған деген қорытындыға келді.
Оған негіз болған:
2018 жылғы 10 ақпанда көшеге атау беру бойынша тұрғындардың пікірі анықталған.
2019 жылғы 12 желтоқсандағы Төлеби аудандық мәслихаты мен Төлеби аудандық әкімдігінің №659 бірлескен шешімі қабылданып, көшенің атауы жоқ бөлігіне Т[...] есімін беру туралы шешім шығарылған.
2019 жылдың 26 желтоқсанында облыстық ономастика комиссиясының көшеге Т[...] атын беру туралы оң қорытындысы алынған. Жоғарыда көрсетілген дәлелдердің жиынтығы бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдарда көшенің атауы жоқ бөлігіне Т[...] есімін беру туралы оң шешім қабылдауға негіз болған.
ӘРПК-тің 9-тарауында көрсетілгендей, әкімшілік істі қарау нәтижелері бойынша, әкімшілік орган, лауазымды адам: 1) әкімшілік актіні қабылдау; 2) әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірін шығарады.
Әкімшілік істі қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.
Шешім қабылдау барысында әкімшілік органдармен әкімшілік рәсімдерді сақтағаны жөніндегі құжаттар ұсынылмаған, бұл рәсімді жүргізу барысында мүдделі тұлға Т[...] қатыстырылмаған, оның қатысуының түпкілікті дұрыс шешім қабылдауға әсері мүмкін болған. Сонымен бірге, бүгінгі таңда 2019 жылғы 12 желтоқсандағы Төлеби аудандық мәслихаты мен Төлеби аудандық әкімдігінің №659 бірлескен шешімі өзгертілмеген және оның күші жойылмаған.
Кассациялық сот, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын заңды және негізді деп санайды, өйткені ол сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсеткен уәждері кезінде төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жаңа уәждер кассациялық сотқа ұсынылмады.
Мұндай жағдайда, іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот.
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Түркістан облысы, [...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар
Л. Кудекова
Ш. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.