ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 сәуір 6001-24-00-6ап/2847 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың
талап қоюшының өкілдері Ж.Бурашева мен А.Байлауовтың,
жауапкер өкілі А.Есенбаевның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі – Мәдениет сарайы) жауапкер «Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №3-2/1 нұсқаманың 1-тармағының күшін жойып, жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 тамыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған. Тексеру комиссиясының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №3-2-1 нұсқаманың 1- тармағы жарамсыз деп танылып, күші жойылған. Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Тексеру комиссиясы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының өкілдерінің шағымға қарсы пікірлерін, прокурордың сот актілері бұзылып, талап қою қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Тексеру комиссиясы Мәдениет сарайына аудиторлық тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтар анықталған деген тұжырым жасаған.
2023 жылғы 22 қыркүйекте жауапкермен №3-2/1 нұсқамасы (бұдан әрі – Нұсқама) қабылданып, орындауға сол күні талап қоюшыға жолданған.
Мәдениет сарайы Нұсқаманың 1-тармағымен, яғни 2023 жылдың 15 желтоқсанына дейін директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары мен кәсіпорын бас есепшісіне 35 % қосымша ақы ретінде негізсіз төленген 861 100 теңгені (оның ішінде 2020 жылы – 602 400 теңге, 2021 жылы 213 700 теңге) жергілікті бюджет кірісіне өтеу бойынша шаралар қабылдау жөніндегі бөлігімен келіспей, оның күшін жойып, жарамсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» (2021 жылдың сәуір айына дейін қолданыста болған) Қаулысының (бұдан әрі – Қаулы) 7-қосымшасының 1- тармағының 8) тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органның ұйымдарында: басқарушы және негізгі персонал қызметкерлеріне театрларда, концерттік ұйымдарда, цирктерде: шығармашылық туындылар мен шығармашылық идеяларды (тікелей) жүзеге асыруға байланысты жұмыстар үшін; мәдени-демалыс ұйымдарында (клубтарда, мәдениет және демалыс парктерінде, мәдениет үйлері мен сарайларда, халық шығармашылығы орталықтарында (үйлерінде) және т.б.) халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, насихаттауға, оларды осы заманғы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеу және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшін лауазымдық айлық ақыдан 35% мөлшерінде қосымша ақы көзделген.
Бұл қосымша ақы басқарушы (А блогы) және негізгі (В блогы) персонал қызметкерлеріне аталған шараларды осы заманғы тарихи және әлеуметтікэкономикалық жағдайларға бейімдеу және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тікелей қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшін белгіленген.
Мәдениет сарайының шаруашылық жөніндегі орынбасарының лауазымдық міндеттеріне сәйкес, шаруашылық шығыстар сметаларын жасауға қатысу (яғни шығыс сметаларға мәдени іс-шараларға кететін шығындарды есептеп, талқылау); ғимараттың сыртын және өтпелі жерлерді мерекелік бейнелі әсемдеу, аумақты жинау мен әсемдеу жұмыстарын басқару, (яғни мереке кезінде ғимараттар сыртына баннерлер ілу және оларды жинау, мерекелік сахнаны МАФ-тармен мүсіндеу және әсемдеу жұмыстарын қадағалау); өткізілетін жиналыстарға, конференцияларға, семинарлар мен өзге де іс-шараларға шаруашылық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, (яғни әр түрлі деңгейдегі мерекелік іс-шаралардың өтуін қамтамасыз ету жұмыстарын атқару) көзделген.
Ал, бас есепшісінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес, қаржылықэкономикалық қызметті қалыптастыру және реттеу жөніндегі бөлімшенің жұмысын бағыттау және үйлестіру; орындалатын жұмыстардың (қызметтердің) өзіндік құнының экономикалық негізделген калькуляцияларын жасау; ұйымның қаржылық-шаруашылық қызметіне экономикалық талдау жүргізу (яғни мәдени шараларға бөлінген қаржыларға және сахналық костюмдер мен безендіру қызметіне жұмсалатын қаржыларды есептейді), өзге де шығыстар сметасының, жетіспеушіліктерді, дебиторлық берешектер мен өзге де шығындардың бухгалтерлік есебін шығару (яғни мерекелік ісшараларға бөлінген қаржыларға шығыс сметасын дайындайды), ұйымның қаржылық – шаруашылық қызметін экономикалық талдау, шаруашылықтың ішкі қорын анықтау; экономика, өндірісті ұйымдастыру, еңбек және басқару негіздері көзделген.
Яғни, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарының және бас есепшінің лауазымдық қызметтеріне халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тікелей қызмет көрсету көзделген.
Талап қоюшымен аталған қосымша ақы ұйымның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыруда неғұрлым жоғары және сапалы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында белгіленген.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігінің хатына сәйкес, 2015 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының № 419 бұйрығымен бекітілген мәдениет саласында білім беру, тілдерді дамыту, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, дене шынықтыру және спорт салаларындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміндегі 7 - қосымшада көзделген өлшемшарттарға сәйкес республикалық ұйымдарда 50% және жергілікті атқарушы орган ұйымдарында 35% мөлшерінде үстемеақылар белгілеу үшін басқарушы және негізгі персоналдың барлық қызметкерлеріне қатысты екендігі көрінеді.
Сонымен қатар, бұл хатта Министрліктің бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі №281 қаулысымен жоғарыда аталған Қаулының №7 қосымшасының мәтінінен «тікелей» сөзі алынып тасталғаны, оның алып тастау себебі бұл сөздің құқықтық қолдану тәжірибесінде әр түрлі мағынада оқылатынын көрсеткен. Яғни Қаулының алғашқы мәтінінде күмәндар, көмескіліктер орын алған. ӘРПК-нің 12-бабына сай Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.
Бұл жағдайда соттар талап қоюды қанағаттандырғанда Қаулының қолданылуына дұрыс құқықтық баға беріген.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.