ВС РК - Постановление от 08.12.2016 по делу 6001-16-00-6АП/108 (Об административном правонарушении)

6ап-108-16

Қ А У Л Ы

2016 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,

судьялар Т.Қ. Баратбеков, Ж.Б. Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысына келтірген наразылықпен түскен

А[...] қатысты 2015 жылға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық – туралы кодексінің (бұдан әрі ӘҚБтК) 355-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ :

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен А[...] ӘҚБтК-нің 355-бабының 2- бөлігімен кінәлі деп танылып, әкімшілік жауаптылыққа тартылып, әкімшілік жаза ретінде ол бес тәулік мерізімге әкімшілік қамауға алынған.

Іс апелляциялық сатыда қаралмаған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, әкімшілік істі сол сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жіберуді сұраған. Наразылықты қолдаған прокурорды тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді. 2013 жылғы 17 тамыздағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен баянаттан көрінгендей, Т[...] соғып кеткені жөнінде хабарлама бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде, «Армада» мейрамханасының алдында А[...] өзінің қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот құқық бұзушылық туралы хаттаманы, полиция қызметкерінің баянатын, сондай-ақ құқық бұзушының түсініктемесін негізге ала отырып, А[...] әрекетінде ӘҚБтК-нің 355-бабы 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы бар деген тұжырымға келген.

Алайда, мамандандырылған сот алқасы, соттың бұл тұжырымын келесі негіздер бойынша алдын ала қабылданған деп санайды.

Наразылыққа тіркелген құжаттардан көрінгендей, қазіргі уақытта Атырау қаласының ішкі істер басқармасының (бұдан әрі-ІІБ) лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергелуде.

Тергеу барысында куә ретінде сұралған А[...] 2013 жылғы 17 тамызда қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша берген түсініктемесінен бас тартып, полиция қызметкерінің айтуымен кінәсін мойындап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қойғанын көрсеткен.

Осы тергеу кезінде жауап берген полиция қызметкері М[...] 2013 жылғы 16 тамызда кешкілік уақытта күдікті адамды анықтау мақсатында «Армада» мейрамханасына барғанын, мейрамхана жұмысшылары қарсылық білдірген соң «102» телефонына қоңырау шалып патрульдік полиция қызметкерлерін шақырғандарын, қарсыласқаны үшін А[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырғанын көрсеткен.

Алайда, тергеу барысында анықталған, іс бойынша маңызы бар төмендегі мән-жайларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот назардан тыс қалдырған.

Жүргізілген тексеру барысында 2013 жылғы 16 тамызда Атырау қалалық жедел басқару Орталығының «102» операторына «Армада» мейрамханасы бойынша мүлдем хабарлама түспегені анықталған.

2013 жылғы 16 тамызда қалалық ІІБ-да жедел кезекші болған Б[...] өз түсініктемесінде оқиға болған күні «Армада» мейрамханасына қатысты «02» операторына хабарлама, өтініш немесе арыз-шағым түспегенін көрсеткен, яғни, полиция қызметкерлері тексеруді негізсіз жүргізген.

Сонымен қатар, қылмыстық іс бойынша Атырау қалалық ІІБ-на келген азаматтарды тіркеу кітабына сол күні полиция қызметкерлерімен жеткізілген мейрамхана жұмысшылары мен келушілерінің тіркелмегені анықталған.

Қылмыстық іс бойынша сұралған ІІБ-ның криминалды полиция бөлімі бастығының орынбасары Ш[...] мейрамхана жұмысшылары мен келушілерінің тарапынан полиция қызметкерлеріне қарсыласу, балағат сөздердің болмағандығын, бәрі сол кездегі бастықтың заңсыз бұйрығы бойынша жасалғандығын көрсеткен.

ӘҚБтК-нің 12-бабының 3-бөлігіне сәйкес, кінәлілікке келтірілген кез келген күдіктер өзіне қатысты әкімшілік іс қозғалған адамның пайдасына түсіндіріледі.

Осы Кодекстің 13-бабының 1-бөлімінде жеке адам тек кінәсі анықталған құқық бұзушылықтары үшін ғана әкімшілік жауаптылықта болуы тиіс деп көрсетілген. Қолданыстағы ӘҚБтК-нің 819-бабына сәйкес, судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын, осы тұлғаның оны жасауға кінәлілігін-кінәсіздігін, оның әкімшілік жауаптылыққа жататынын- жатпайтынын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мәнжайлардың бар-жоғын, мүліктік залал келтірілгенін-келтірілмегенін анықтауға, сондай-ақ істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа да мәнжайларды анықтауға міндетті.

Алайда, бірінші сатыдағы сотпен жоғарыда көрсетілген заң талаптары толық сақталмаған, атап айтқанда әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалғанжасалмағанын анықтау үшін шаралар қолданылмаған, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы барлық мән-жайлар жан-жақты анықталып зерделенбеген.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармақшасына сәйкес, судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мәнжайлары туралы түйіндерінің наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.

Сондықтан, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысының күші жойылуға, іс сол сотқа өзге құрамында қайта қарауға жіберуге, ал наразылық қанағаттандыруға жатады.

Әкімшілік істі қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларды мұқият зерделеп, оларға тиісті құқықтық баға беруі қажет.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 2) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

А[...] қатысты Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2013 жылғы 17 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А.Қыдырбаева Судьялар Т.Баратбеков

Ж.Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.