ВС РК - Постановление от 16.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2522 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 16 мамыр 6001-22-00-6ап/2522 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер Атырау қалалық әкімінің өкілі – А[...],

мүдделі тұлға «Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – Н[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер Атырау қалалық әкіміне Б[...] пен А[...] жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқықтарын және жер учаскелерін жеке меншікке беру туралы қаулыларының күшін жойып, қала әкімдерінің әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Атырау қаласы әкімінің К[...] 2021 жылғы 29 маусымдағы өтінішін қарау әрекеті заңсыз деп танылған.

Атырау қаласы әкіміне К[...] бұзылған құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері 2021 жылғы 29 маусымдағы өтінішін Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің қағидалары бойынша қайта қарау арқылы қалпына келтіру міндеттелген.

Сот шығыстары бойынша сұрақтар шешілген.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылған. Шешімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға қарсы пікірінде сот акісін күшінде қалдырып, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға «Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлға өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Талап қоюшы және басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер және мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға сәйкес 2012 жылғы 10 шілдеде Атырау қаласы әкімінің (бұдан әрі – әкім) қаулысымен К[...] Атырау қаласы, Самал ықшам ауданы, №15 өткел, №[...] учаскеде орналасқан ауданы 0,0799 га жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы 2 жылға, 2015 жылғы 17 наурызда – 2 жылға, 2018 жылғы 4 қазанда – 1 жылға ұзартылған.

К[...] мәлімдеуіне қарағанда құзіретті мекеме мамандарының салғырттығынан №40 жер учаскесінің шекарасы қате анықталып, жер учаскесінің қазығы №38 жер учаскесіне қағылып, соның салдарынан үйді қателесіп №38 жер учаскесіне салған.

Ол 2021 жылдың 29 маусымында әкімге өтініш жолдаған. 2021 жылғы 13 шілдедегі әкімнің жауап хатында №38 және №40 жер учаскелері басқа азаматтарға берілгені, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 37-бабының 2-тармағында уақытша өтеулі жалға алу шартының қолдану мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде жалға алушы аталған мерзімді ұзарту туралы жазбаша хабардар етуге міндеттілігі көзделгендігі, Жер кодексінің 81-бабы 3-тармағының 1 тармақшасына, 44-1-бабының 8- тармағына сай талап қоюшыға берілген №40 жер учаскесіне берілген уақытша өтеулі жер пайдалану мерзімі 2019 жылғы 4 қазанда өтелуіне байланысты жалдау мерзімі тоқтатылғаны, аталған жер учаскесі кезекте тұрған басқа тұлғаға табысталғаны түсіндірілген. Осыған байланысты К[...] 2018 жылғы 6 наурыздағы әкімінің Б[...] №38 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын, 2018 жылғы 26 шілдедегі жер учаскесін жеке меншікке беру туралы қаулыларының, 2021 жылғы 15 шілдедегі А[...] №40 жер учаскесін уақытша өтеулі мерзімге, 2022 жылғы 31 наурыздағы жеке меншікке беру туралы қаулыларының күшін жойып, әкімнің әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған.

Бірінші саты соты әкімнің қаулылары заңды қабылданған деп есептеп, бірақ К[...] 2021 жылғы 29 маусымдағы өтінішін қарау әрекеті заңсыз деп тану туралы талап қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы соттың бірінші саты соты шешімінің талап қоюды қанағаттандырған бөлігімен келіспей, талаптың бұл бөлігін де қанағаттандырусыз қалдыруы негізді болып табылады.

К[...] №40 жер учаскесін игеруге берілген мерзімнің өтуіне байланысты әкімнің 2021 жылғы 15 шілдедегі №2142 қаулысымен А[...] №40 жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл мерзімге берілген.

2022 жылғы 12 қаңтардағы меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау актісі бойынша А[...] №40 жер учаскесінде салынған тұрғын үйді пайдалануға қабылдаған.

2022 жылғы 31 наурызда әкімнің №682 қаулысымен А[...] №40 жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.

Сол сияқты, 2018 жылғы 6 наурызда әкімнің №364 қаулысымен Б[...] №38 жер часкесі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл мерзімге берілген. 2018 жылғы 13 маусымдағы меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау актісі бойынша Б[...] №38 жер учаскесінде салынған жеке тұрғын үйді пайдалануға қабылдаған. Аталған акт 2018 жылы 16 маусымда қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімімен есепке алынған, «ЖМТ» АЖ енгізілген, 2018 жылы 18 маусымда Атырау қаласы Әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткен.

2018 жылғы 26 шілдеде әкімнің №1368 қаулысымен Б[...] аталған жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.

Талап қоюшының №38 жер учаскесін өзінің қаражатына қоршап, аталған жер учаскесіне тұрғын үй салғаны, яғни №38 жер учаскесінде тұрғызылған тұрғын үй өзіне тиесілі екені және осы тұрғын үйді Б[...] заңсыз меншігіне аударып алғаны туралы дауы азаматтық тәртіпте қаралмаған.

№40 және №38 жер учаскелерін тиісінше А[...] пен Б[...] беру туралы әкімнің дауланған қаулылары заң нормаларына сай қабылданған деген қорытындыға келуіне байланысты әкімдердің әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талаптарды қанағаттандыруға негіз болмаған.

Апелляциялық сатыдағы соттың уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актісінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Г. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.