ҚАУЛЫ
2025 жылғы 24 қыркүйек 6003-25-00-4к/467 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - Д.Ә.Әбдіғалиев
судьялар - Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,
талап қоюшының өкілі С.А. Амирбековтың, жауапкердің өкілі Ж.А.Нурпейсова мен Л.А.Алишеваның, мүдделі тұлғаның өкілі Л.Е.Айтқұлова, А.И.Джолшибеков, А.Е.Ажировтың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Білім басқармасы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Департамент) 2024 жылғы 26 қаңтардағы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан толығымен бас тартылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс материалдарына сәйкес, аудиторлық іс-шараның нәтижесінде Білім басқармасында жалпы сомасы 158,805,3 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған, атап айтқанда: Қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін 77 845, 5 мың теңге 50 % мөлшерде жалақыға негізсіз қосымша ақы төлеу;
Ерекше еңбек жағдайлары үшін 2327, 7 мың теңге сомасында 10 % мөлшерінде жалақыға негізсіз үстемақы төлеу;
Үстеме жұмыс, демалыс, мереке күндері үшін негізсіз қосымша ақы 2096, 2 мың теңге;
470,7 мың теңге сомасында көтерілген коэффиценттер бойынша жалақыны негізсіз есептеу және аудару;
54 053, 7 мың теңге сомасында жалақы, сауықтыру жәрдемақыларын және демалыс төлемдерін негізсіз төлеу;
Жалға алынған асхана үй-жайларын жалдаушылардың төлеуіне жататын коммуналдық қызметтер үшін бюджет қаражатын негізсіз төлеу 22011,7 мың теңге.
2024 жылдың 26 қаңтарында жауапкермен талап қоюшыға қатысты 142 565,5 мың (158 805,3 - 13 019,1) теңгені өтеуге нұсқама қабылданған.
Талап қоюшы аталған нұсқамамен келіспей, сотқа жүгінген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Білім басқармасында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 30 маусымына дейін басшысының бұйрықтары негізінде қосымша жұмыс атқарған қызметкерлерге еңбекақысына қосымша 50 % ақы есептеліп төленген. Сонымен қатар, Білім басқармасының басшысының бұйрықтары негізінде қызметкерлердің үстеме жұмысы, демалыс және мереке күндеріндегі атқарған жұмыстары үшін және де орталықтандырылған есеп бөлімінің қызметкерлеріне қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақы есептеліп, төленген.
Есеп бөлімінің қызметкерлеріне 50% мөлшерде қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақы төлеуге қызметтік хат, білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ төрағасының арасындағы ұжымдық шарттар және Білім басқармасының басшысының бұйрықтары негіздеме болған. Қазақстан Республикасының Еңбек Кодесінің (әрі қарай-Кодекс) 111бабының 1-тармағына сай сол бір ұйымда, еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын жұмыскерлерге қосымша ақы төлеу жүргізіледі.
Осы баптың 2-тармағы 2-тармақшасына сай жұмыскерлерге тапсырылатын қосымша жұмыстар жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар жұмыс күнінің (ауысымның) белгіленген ұзақтығы ішінде қосымша жұмысты орындауы - қызмет көрсету аймағын кеңейту деп белгіленген. Яғни, Кодесктің нормаларымен де, қызметкерлердің еңбек шарттарымен де, ұжымдық шартпен де қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін 50 % көлемде қосымша ақы көзделген.
Алайда, Білім басқармасы аталған қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін 50 % көлемде қосымша ақы жалақының жалпы есептелген сомасынан (оның ішінде үстеме жұмысы және демалыс және мереке күндеріндегі атқарған жұмыстары үшін) есептеліп төленген, ал Қағиданың 18қосымшысының 5,6 - тармағында аталған қосымша ақы қызметкердің өзінің лауазымдық ақысынан есептелуге жатады.
Сонымен қатар, Білім басқармасының аудитке ұсынған 2019 жылғы 20 маусымдағы №392/1 және 2021 жылғы 24 ақпандағы №28/1-Ж-Қ бұйрықтары негізінде жолданымда көрсетілген орталықтандырылған есеп бөлімінің қызметкерлеріне 50% мөлшерінде қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақы есептеліп төленген.
Алайда, қосымша ақы төлеуге бірден бір негіз болған жоғарыдағы бұйрықтар тіркеу журналында тіркеуде жоқ екендігі анықталды, яғни Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» №703 қаулысының 3 параграфтың 46 тармағының талаптары сақталмағандығы анықталды.
Талап қоюшы қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақылардың қызметкерлерге төленуін негіздемеген, яғни қызметкерлермен лауазымды орындау міндеттерімен көзделген өзінің негізгі және де басқа жұмыстарының орындауларынан басқа қосымша жұмыстың орындалуы жөнінде құжат ұсынбағандығы анықталды.
Осыған байланысты, жергілікті соттар Білім басқармасымен қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін 77 845, 5 мың теңге 50% мөлшерде жалақыға негізсіз қосымша ақы төленген деген тұжырымға келді.
Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдарын тексеріп, Білім басқармасында орын алған басқа да бұзушылықтар жөніндегі аудиторлардың қорытындысы заңды әрі негізді деп санайды. Істің бұл тұрғысында соттардың талапты қанағаттандырудан бас тартуы заңға сәйкес қабылданған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.