ВС РК - Постановление от 04.04.2022 по делу 6001-22-00-3Г/574 (Гражданское)

№ 6001-22-00-3г/574

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 4 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы А.Ә. Сапарова талап қоюшы У[...] жауапкерлер Ж[...], Ж[...], Б[...] соманы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы Б[...] өкілі У[...] келтірген өтінішхатын азаматтық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Алматы облысының Қарасай аудандық сотының 2021 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.

Іс бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Талап қоюшы У[...] пайдасына жауапкерлер Ж[...] пен Б[...] 20 000 000 теңге және мемлекет пайдасына төленген 200 000 теңге баж салығы біріккен тәртіпте өндірілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Ө[...] Б[...] өкілі У[...] апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Сонымен қатар, арызданушы өтінішхатты беру үшін өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіруді сұраған.

АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер сот дәлелді деп таныған себептер бойынша оларды өткізіп алса, сот осы Кодексте белгіленген мерзімдерді қалпына келтіруі мүмкін.

Ө[...] арызданушының өкілі алғашқы өтінішхатты заңда белгіленген мерзімде тапсырғанын көрсеткен.

Шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатпен танысқаннан кейін судья арызданушының көрсеткен себептерімен қоса Б[...] бір баласы мүгедек екенін, асырауында төрт баласы барын ескере отырып, шағым берудің процестік мерзімін қалпына келтіруге болады деп пайымдайды.

Кассациялық материалдардан анықталғандай, талап қоюшы аталған талабымен сотқа жүгінген. Өз талап арызында, жауапкерлер өзінің туған қызы Б[...] мен күйеу баласы Ж[...] өтініштері бойынша 2015 жылдан бастап өзіне тиесілі пәтерін, жер учаскелерін сатып, ақшасын күйеу баласына бергенін, ол ақшаға оның Алматы облысы, [...] орналасқан жер учаскесін алғанын, үй құрылысын бастағанын, құрылыс жұмыстарына қаражат жетпегендіктен, өз атына банктен 642 000 теңге несие алып бергенін, үй құрылысы біткен соң бірге тұрғандарын көрсеткен.

Алайда жауапкер Ж[...] қол жұмсауына байланысты 2017 жылдың тамыз айында күйеуі У[...] екеуі жалдамалы пәтерге бөлек кеткендерін, даулы жерді алу мен үй құрылысына кеткен қаражаттарды қайтарып алу мақсатында сотқа құжаттар жинау барысында жауапкер Ж[...] даулы жылжымайтын мүлікті өзінің анасы жауапкер Ж[...] атына аударып жібергенін біліп, олардың әуел бастан қулық ойлап, өзінің ол үйге салған қаражатын қайтармау мақсатында, өзінің алдындағы міндетін орындау жауапкершілігінен жалтару ниетімен аударып отырғанын көрсеткен.

2017 жылғы 21 маусымдағы Ж[...] пен Ж[...] арасында жасалған сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінгенін, Қарасай аудандық сотының 2019 жылғы 7 тамыздағы шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылғанын, апелляциялық алқаның 2019 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылғанын, жер учаскесін сатып алуға және үй салуға жұмсалған қаражаттың жалпы соммасы 45 000 000 теңгедей болғанын, осы кеткен шығынның 20 000 000 теңгесін өндіріп беруді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартқан кезде талап қоюшы жауапкерлерге жер учаскесін алуға және ол жерге үй құрылысын салуға қаражаттай көмек бергендігін растайтын дәлелдемелерін келтірмегенін назарға алып, жауапкерлер талап қоюшыдан қаражат алмаған деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай тұжырыммен келіспей, АПК-нің 72-бабының 1-бөлігін, 65-бабының 3-бөлігін, 68-бабының 1-бөлігін, 427-бабын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4-тармағын басшылыққа алып, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгерткен.

Ө[...] Б[...] өкілі У[...] апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында У[...] меншігінде сатылған мүлкі болғаны көрсетілгенімен, сатудан түскен ақшаны жауапкерлердің алғаны туралы ешқандай дәлел келтірмегенін жазған.

Өзінің пәтерін талап қоюшы 2015 жылы сатқан. Алайда ол ақшаны өндіріп алу туралы талап қою арызымен жүгіну мерзімі өтіп кеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының депозиттен 3 524 275 теңге алғанын, сол ақшаны Ж[...] бергенін көрсеткен. Бірақ оны дәлелдейтін құжаттармен расталмаған.

Сонымен қатар тағы да ақша керек болған кезде У[...] 2015 жылғы 15 қыркүйекте екінші жер телімін Б[...] 19 500 АҚШ долларына сатылғаны көрсетілген. Керісінше, бұл жер телімін талап қоюшы емес, жауапкер сатқан.

Даулы сот актісінде талап қоюшының 2015 жылғы 2 желтоқсанда 642 000 теңге кредит алғаны көрсетілген. Бірақ бұл соманы жауапкерлердің алғаны туралы ешқандай дәлел келтірілмеген.

Осылайша, апелляциялық сатыдағы сот тиісті дәлелсіз жауапкерлерден 20 000 000 теңге өндіріп алған.

Осыған орай, жауапкерлердің талап қоюшының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш қанағаттандырылсын. Сот актілеріне шағым жасау мерзімі қалпына келтірілсін. Ж[...].Б[...] өкілі У[...] Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья А.Сапарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.