ВС РК - Постановление от 12.02.2024 по делу 6001-24-00-3Г/182 (Гражданское)

6001-24-00-3г/182

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12-ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «ӘҚҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15-қарашадағы қаулысына Серіктестіктің келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17-тамыздағы шешімімен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15-қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылған.

Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылған.

Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, нақтыланбағанын, дәлелденбегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда, 2023 жылдың 17-сәуірінде тараптар арасында көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі – шарт) жасалған.

Жасалған шартқа сәйкес, Серіктестік Астана қаласының жолдар және көлік инфрақұрылымы құрылыcтарын орташа, ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша техникалық қадағалау жөнінде инжинирингтік қызметтерді көрсетуге міндеттенген. Шарттың жалпы сомасы 96 525 000 теңгені құрайды. Шарт аумақтық қазынашылық органда тіркелген уақыттан бастап және 2023 жылдың 31-желтоқсанына дейін жарамды.

Қызмет көрсету мерзімі – шарт күшіне енген күннен бастап 2024 жылдың 31-желтоқсанына дейін белгіленген.

Серіктестік шарт бойынша өзіне алған міндеттерді дұрыс орындамағанын, объектілерде өзінің конкурстық өтінімінде мәлімделген білікті қызметкерлердің болуын қамтамасыз етпегенін, Басқармаға беруге тиісті жауапты тұлғаларға (10 техникалық қадағалау сарапшысына) бұйрық көшірмесін жолдамағанын көрсетіп, Басқарма Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған. Бірінші сатыдағы сот, жауапкер техникалық қадағалау жұмыстарын жүргізгенін дәлелдейтін құжаттарды сотқа тапсырғанын және талаптар тізімінде бұйрықтарды ұсыну міндеттемесі жоқ екенін ескеріп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сот алқасы, Серіктестіктің атқарған жұмысын дәлелдейтін, Техникалық ерекшелікте көрсетілген атқару құжаттарын, яғни журналдар, есептер, есептеулер, аяқталған және жасырын жұмыстарға арналған сертификаттар және басқа да құжаттарды сотқа тапсырмағанын негізге алып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған. Өтінішхатта төмендегі мән-жайлар көрсетілген. - Басқарманың, Серіктестіктің сарапшысы сараптама жүргізу кезінде болмады, деген хабарлауы мен басқа құжаттары дәлел ретінде қабылдауға жатпайды, себебі Қазақстан Республикасының ЕР 218-35-2016 Автомобиль жолдарын салу мен жөндеу кезінде сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бойынша Нұсқаулықтың 8.9-тармағына сәйкес Тапсырыс беруші сараптаманы жүзеге асыру шеңберінде:

  • осы Нұсқаулықтың 8.4-тармағында көрсетілген жоспар – кестені бекітеді;

  • сараптама жүргізу кезеңінде мердігер, Техникалық қадағалау өкілдерінің және мүдделі тұлғалардың келуін қамтамасыз етеді. Алайда Басқарма Серіктестікке сараптама жүргізу туралы хабарламады және жоспар-кестені жібермеді, сондықтан жол активтері сапасының ұлттық орталығына сараптама жүргізу кезінде Серіктестік өкілдерінің болмауы жауапкердің кінәсі болып табылмайды; - Серіктестікке жобалық-сметалық құжаттама, ақаулы акт, күнтізбелік жұмыс жоспары берілмеді, бұл шартты орындауды біршама қиындатады; - Серіктестік жобалық-сметалық құжаттаманы және ақаулық актіні Басқармадан сұратты. Аталған хат Басқармамен 2023 жылдың 6-тамызында қабылданды, бірақ ол құжаттар Басқарма тарапынан Серіктестікке ұсынылмады.

Сондықтан жұмыстар талап қоюшының өкілдерінің нұсқауымен жүзеге асырылды;

  • апелляциялық сот алқасының Серіктестік Техникалық ерекшелікте көрсетілген атқару құжаттарын, яғни журналдар, есептер, есептеулер, аяқталған және жасырын жұмыстарға арналған сертификаттар және басқа да құжаттарды сотқа тапсырмады деген уәжі шындыққа сәйкес келмейді, өйткені ол құжаттар бірінші сатыдағы сотқа тегіс берілген. Олар мамыр, маусым айларындағы атқарылған жұмыстардың актілері, техникалық қадағалаулар бойынша нұсқаулықтар және техникалық қадағалау журналы.

Электронды және қағаз күйіндегі есептер апелляциялық сатыдағы соттың элоктрондық поштасына да жолданған және ол жөнінде дайындық барысында хабарланған болатын;

  • Басқарма Серіктестік ұсынатын мамандарға бұйрық беруі керек деп көрсеткен, алайда келісімшартта бұндай талап жоқ;

  • Серіктестік техникалық ерекшелікке сай тиісті мамандарды жіберген және олар өз міндеттерін орындаған.

Серіктестік тарапынан атқарылған жұмыстарды іске тіркелген актілерден көруге болады;

-талап қоюшының сотқа ұсынған хаттарының ешқайсысында жауапкердің оларды алғаны туралы белгі жоқ, ал пошта арқылы жолдағанын растайтын түбіртек сотқа ұсынылмады.

Жоғарыдағылардың негізінде, апелляциялық сот алқасының түйіні іс құжаттарымен сәйкес келмейді.

Судья өтінішхат берушінің көрсеткен уәждері апелляциялық сот алқасының қаулысын қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

«ӘҚҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің А[...] қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15-қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын. Судья Б.Р.Ералиева

Б.Р.Ералиева

Көшірмесі дұрыс:

Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.