Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4174 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 ақпан №6003-25-00-2к/4174 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Н.Р.Жұманәлінің, жауапкердің өкілі К.Т.Режаметовтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер Давронбек Хайруллаевич Файзуллаевке мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына келтірген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Шымкент қаласының әкімі жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Д.Х. Файзуллаевтің Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 264 орам, №356 мекенжайында орналасқан, жалпы алаңы 5,1000 га., кадастрлық №19-309-264-625 жер учаскесі үшін жалпы құны 110 721 000 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуына байланысты жауапкерге төленетін өтемақының мөлшері 110 721 000 теңгеден 103 581 000 теңгеге дейін төмендетілген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот сараптамаларымен мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің нарықтық құны асыра әртүрлі бағаланғанын, соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны «Vip Adwiser» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) бағалау есебі бойынша 39 679 611 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкердің қарсылығын, прокурордың азаматтық іс апелляциялық сотқа

қайтадан қарауға жолдануға жататындығы туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актісін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.

АК-нің 255-бабының 1-тармағына сай, мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің 1- нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласы әкімінің 2024 жылғы 3 сәуірдегі №1558 қаулысы бойынша жауапкердің меншігіндегі Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 264 орам, №356 мекенжайында орналасқан, жалпы алаңы 5,1000 га, кадастрлық №19-309-264-625 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.

Жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататыны жөнінде хабарлама жауапкерге табысталған.

Талап қоюшы жауапкерге мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататын жер учаскесіне өтемақыны «VIP-ADWISER» ЖШС-нің 2024 жылғы 30 мамырдағы №SHYMK-1061-24/ГЗ бағалау есебімен айқындалған 36 679 611 теңге мөлшерінде ұсынған. Алайда, жауапкер онымен келіспеген.

Жауапкердің талап қоюмен келіспей, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер телімінің құнына күмән келтіргеніне байланысты бірінші сатыдағы сотпен сот сараптамасы тағайындалған.

2024 жылғы 22 қарашадағы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалының Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институты сараптамасының №3569 қорытындысымен даулы жылжымайтын мүліктің нарықтағы құны 110 721 000 теңге құрайтыны анықталған.

Бірінші сатыдағы сот мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің нарықтық құнын анықтағанда осы сот сараптамасының негізге алған.

Азаматтық істі апелляциялық сатыда қарау барысында қайталама сот құрылыс - тауарлық сараптамасы тағайындалып, оны жүргізу Жамбыл облысы бойынша сот сараптама институтына тапсырылған.

2025 жылғы 8 мамырдағы Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институтының кешкенді қайталама сот-құрылыс тауар тану сараптамасының №369 қорытындысына сай, жауапкердің жеке меншігіндегі Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 264 орам, №356 мекенжайындағы кадастрлық №19-309-264625, жалпы алаңы 5,1000 га. жер учаскесінің қазіргі кездегі нарықтық құны 103 581 000 теңге құраған.

Апелляциялық сот осы соңғы сот сараптама қорытындысын негізге ала

отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, жауапкерден мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскесі үшін өтемақыны 103 281 000 теңге мөлшерінде анықтаған.

Апелляциялық сот өтемақыны айқындау кезінде аталған сот сараптамасының қорытындысын дұрыс негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 103 281 000 теңгені құраған. Қорытынды екі сот сарапшысымен жүргізіліп, ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшылар жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Бұл сараптама қорытындысына сотпен күмән келтіретіндей, талап қоюшы тарапынан қандай да бір дәлелдемелер ұсынылмаған.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Жоғарыда көрсетілген негіздермен апелляциялық сот талап қоюшымен ұсынылған «VIP-ADWISER» ЖШС-нің 2024 жылғы 30 мамырдағы №SHYMK-1061-24/ГЗ бағалау есебін назарға алмаған.

Сонымен қатар, «VIP-ADWISER» ЖШС-нің жер учаскесін бағалау азаматтық іс сот қаралғанға дейін бір жылға жуық уақыт бұрын өткізілгені ескеріледі.

Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар жергілікті соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актісінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз

қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.