Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Чаcтное определение от 14.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/5269 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/5269 (2) ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ

2026 жылғы 14 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Ж.М.Мамырдың, жауапкер Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінің әкімінің өкілі М.С.Бейсенқұловтың, үшінші тұлғаның өкілі Н.А.Искаковтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкерлер Кулаш Карабаевна Кайыпбаеваға, Галымжан Калжанович Сапарбаевке, Улжалгас Ергашевна Муратбековаға, Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінің әкіміне шешімдерді, мәмілені жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер К.К.Кайыпбаева мен У.Е.Муратбекованың өкілінің Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен жоғарыда аталған талап қою қанағаттандырылған.

Келес ауданы Қошқарата ауылдық округі әкімінің 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешімінің У.Муратбековаға және К.Кайыпбаеваға қатысты бөлігі, 2022 жылғы 17 маусымдағы №90 У.Муратбековаға қатысты, 2022 жылғы 17 маусымдағы №91 К.Кайыпбаеваға қатысты шешімдері жарамсыз деп танылған. 2022 жылғы 17 тамыздығы У.Муратбекованың Г.Сапарбаевқа жер учаскесін сыйға тарту келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың 2026 жылғы 14 сәуірдегі қаулысымен төменгі сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Іс құжаттарына қарағанда, Сарыағаш ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешімімен жауапкер У.Е.Муратбековаға үй салу үшін 0,15 га жер бекітіліп берілген.

Келес ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 2022 жылғы 17 маусымдағы №90 шешімімен 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешіміндегі «Муратбекова Улжалгас» деген сөздер «Муратбекова Улжалғас Эргашевна» деген сөздермен ауыстырылған; У.Э.Муратбекованың пайдалануындағы тұрғын үй құрылысы үшін 0,1000 га (1000 ш.м және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 0,0500 га (500 ш.м.) жер учаскесі, жалпы алаңы 0,1500 га (1500 ш.м) жеке меншік құқығымен бекітіліп берілсін деген сөздермен; «Қошқарата ауылы» деген сөздер «Қошқарата елді мекені» деген сөздермен өзгеріс енгізілген.

2022 жылғы 17 маусымда Келес ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен жер учаскесінің мекенжайы Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата ауылы Алданазаров көшесі, жер телімі 21А деп нақтыланған. (бұдан әрі - №1 даулы жер учаскесі).

2022 жылғы 4 шілдеде аталған жер учаскесіне №19-326-076-144 санды сәйкестендіру құжаты рәсімделген.

2022 жылғы 17 тамызда №1 даулы жер учаскесін сыйға тарту келісім шарт негізінде У.Е.Муратбекова Г.К.Сапарбаевқа сыйға тартқан.

Сарыағаш ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешімімен жауапкер К.Кайыпбаеваға да үй салу үшін 0,15 га жер бекітіліп берілген.

Келес ауданы, Қошқарата ауыл округі әкімінің 2022 жылғы 17 маусымдағы №91 шешімімен 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешіміндегі «Кайыпбаева Кулаш» деген сөздер «Кайыпбаева Кулаш Карабаевна» деген сөздермен ауыстырылған; К.К.Кайыпбаеваның «тұрғын үй құрылысы үшін 0,1000 га (1000 ш.м және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 0,0500 га (500 ш.м.) жер учаскесі, жалпы алаңы 0,1500 га (1500 ш.м) жеке меншік құқығымен бекітіліп берілсін деген сөздермен; «Қошқарата ауылы» деген сөздер «Қошқарата елді мекені» деген сөздермен өзгеріс енгізілген.

2022 жылғы 17 маусымда Келес ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен жер учаскесінің мекенжайы Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата ауылы Алданазаров көшесі, жер телімі 22В деп нақтыланған (бұдан әрі - №2 даулы жер учаскесі).

2022 жылғы 4 шілдеде аталған жер учаскесіне №19-326-076-145 сәйкестендіру құжаты рәсімделген.

2013 жылғы 24 желтоқсанда Келес аудандық маслихатының №25-201-V шешімімен бекітілген Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата елді мекенінің құрылыс салу мен даму схемасына (оңайлатылған бас жоспарына) сәйкес, №1 және №2 даулы жер учаскелерінің орналасқан аумағында жазғы футбол алаңшасы қаралған.

2025 жылғы 17 сәуірдегі Келес ауданы жер қатынастар бөлімінің маманы Б.Тұрдыбаев, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы А.Әзімбай, Қошқараата ауылдық округі әкімдігінің жер инспекторы М.Бейсеқұлов, Келес аудандық әкімдігінің инфрақұрылым мәселелері бойынша бөлімшесінің инспекторы Д.Шакимов, Келес аудандық жер кадастры бөлімі инспекторы Н.Искаков жасаған акті мен сызбаға сәйкес, жауапкерлер У.Е.Муратбекова мен К.Кайыпбаеваның даулы жер учаскелері 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Келес аудандық маслихатының №25-201-V шешімімен бекітілген Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата елді мекенінің құрылыс салу мен даму схемасына (оңайлатылған бас жоспарына) сәйкес қарастырылған футбол алаңшасына арналған жер учаскесінде орналасқан.

Істі қарау барысында жауапкерлер У.Муратбекова мен К.Кайыпбаеваға тұрғын үй салу үшін даулы жер учаскелерін беру туралы 1998 жылғы 26 желтоқсандағы №50 шешім шыққан уақытта, даулы жер телімдерінің мақсаты тұрғын үй салуға арналмағаны, егін егу үшін суармалы жер санатында болғаны өз дәлелін тапқан.

Бірінші сатыдағы сот аталған әкім шешімінде жер телімінің бөлінетіндігі немесе бөлінбейтіндігіне, сызбасы, мекенжайы көрсетілмегеніне, жауапкерлер У.Муратбекова мен К.Кайыпбаева шешім шыққан уақыттан шешімнің талаптарын орындамастан аудандық сәулет және тұрғын үй құрылыс бөлімінен керекті құжаттарын дайындап беру сұралмағанына, осы уақытқа дейін жер телімдерін пайдаланбағанына дұрыс назар аударған.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда даулы жер учаскелеріне 2022 жылы сәйкестендіру құжаттарын ресімдеуде 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Келес аудандық маслихатының №25-201-V шешімімен бекітілген Қошқарата ауылдық округі, Қошқарата елді мекенінің құрылыс салу мен даму схемасына (оңайлатылған бас жоспарына) сәйкес, футбол алаңшасы қаралған жер телімдеріне орналастырылғанын орынды негізге алған.

Аталған заң бұзушылық фактілері Келес ауданы Қошқарата ауыл округі әкімі тарапынан жер учаскелерін табыстау кезінде жер заңнамасының талаптары сақталынбағанын көрсетеді.

ҰЙҒАРДЫ:

Талап қоюшы «Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер К.К.Кайыпбаеваға, Г.К.Сапарбаевке, У.Е.Муратбековаға, Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінің әкіміне шешімдерді, мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі қарау кезінде анықталған заң бұзушылық фактілері жөнінде Түркістан облысы әкімінің назарына жеткізілсін.

Осы жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа хабарлансын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.