ҚАУЛЫ
2026 жылғы 24 ақпан №6003-25-00-2к/4661 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,
талап қоюшының өкілі Н.М.Сакеновтың, жауапкердің өкілі Е.Б.Әбдуәлінің қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Шымкент қаласының әкімінің жауапкер Абдрахман Иманалиевич Айнабековқа мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының әкімі сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерге тиесілі жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару қажеттілігімен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімімен, талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер А.И.Айнабековқа тиесілі:
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 223-орам, №62/47 мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-309-223-110 жалпы алаңы -0,0800 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін жалпы құны 20 561 600 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 223-орам, №62/58 мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-309-223-084 жалпы алаңы -0,0800 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін жалпы құны 20 561 600 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 223-орам, №62/24 мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-309-223-118 жалпы алаңы -0,0800 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін жалпы құны 20 561 600 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстарының мәселесі шешілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің нарықтық құны «АБН Конслатинг» бағалау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі
-ЖШС) бағалау есебі бойынша дұрыс анықталғанын, жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің шағымға қарсылығын, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де
жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3- тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, даулы жер учаскелеріне жауапкер А.И.Айнабековтың меншік құқығы 2020 жылғы 11 тамыздағы сатып алу-сату шарттары негізінде пайда болған.
Шымкент қаласының әкімдігінің 2024 жылғы 1 сәуірдегі №1304 қаулысының негізінде жер учаскелерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару басталған.
«АБН Консалтинг» бағалау компаниясы ЖШС-нің 2024 жылғы 27 мамырдағы №267/78 бағалау есебіне сәйкес, даулы жер учаскелерінің нарықтық құны 42 002 760 теңгені құрады, яғни бір жер учаскенің құны 14 000 920 теңгені құраған.
Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің сот сараптамалары орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалы Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының 2025 жылғы 12 наурыздағы №492 қорытындысына сәйкес, әр учаскенің қазіргі нарықтағы құны 20 561 600 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасынының қорытындысын дұрыс негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскелерінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы дұрыс анықталған. Қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшының шағымындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.