ВС РК - Постановление от 02.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1340 (Административное)

6001-22-00-6ап/1340 6001-22-00-6ап/1340 (2) 6001-22-00-6ап/1340 (3)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 2 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Умралиев, Г.Б.Дуйсенбаев болып, жауапкер өкілі Ш[...], мүдделі тұлға С[...], мүдделі тұлғалар:

«Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ы) өкілі С[...],

Р[...] сенімді өкілі С[...], мүдделі тұлға «V[...]» жауапкершілігі шектеулі сеіктестігінің (бұдан әрі - «V[...]» ЖШС-гі) өкілі А[...],

аудармашы М[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Тіркеуші орган) мүлікті дара меншікке ауыстыру әрекетін заңсыз деп тану, сатып алу-сату шартының мемлекеттік тіркеуін заңсыз деп тану, сыйға тарту шартының мемлекеттік тіркелуін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 ақпандағы шешімі мен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлғалар «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның, Р[...], «V[...]» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы С[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде жауапкер тіркеуші орган «Т[...]» шаруа қожалығында ортақ мүлік болып тіркелген диірмен кешенін дара меншікке заңсыз ауыстырғанын, сонымен қатар сатып алу-сату және сыйға тарту шарттарында заңсыз мемлекеттік тіркеуден өткізгенін негіздеген.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 мамырдағы қаулысымен күшінде қалдырылған

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 ақпандағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.

Мүдделі тұлға «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ы, мүдделі тұлға Р[...] сенімді өкілі С[...], «V[...]» ЖШС-гі кассациялық шағымдарында жергілікті соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғандарын, іс бойынша С[...] талапкердің өкілі болуға, талап арызға қол қоюға, оны сотқа табыс етуге және сотта талапкердің өкілі болуға құқы болмағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілінің және мүдделі тұлғалардың сенімді өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған, мүдделі тұлға С[...] сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған. ӘРПК-нің 26-бабының 2-тармағына сай, әкімшілік сот ісін жүргізуде өкілдік ету АПК-нің қағидалары бойынша жүзеге асырылады. ӘРПК-нің 131-бабының 5 бөлігіне сай, талап қоюға талап қоюшы немесе оған қол қоюға өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қояды. АПК-нің 57-бабында сотта істі өкілдер арқылы жүргізу тәртібі қарастырылған, атап айтқанда:

1.Азаматтар өз істерін сотта жеке өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оны бұл іс бойынша өкілінің болу құқығынан айырмайды.

2.Заңды тұлғалардың істерін сотта өздеріне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін олардың басшылары және (немесе) олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғаның басшысы сотқа өзінің қызмет бабын немесе өкілеттігін куәландыратын құжаттарды ұсынады.

Сенімхатқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген істі сотта жүргізуге тиісті түрде ресімделген өкілеттіктері бар әрекетке қабілетті адам осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес сотта өкіл бола алады.

  1. Мыналар: 1) осы Кодекстің 58-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда;
  1. осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 4-1) және 6) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар кассациялық сатыдағы сотта осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген тұлғалардың өкілдері болып табылатыны көрсетілген.

АПК-нің 58-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мына тұлғалар:

  1. адвокаттар;

2)заңды тұлғалардың істері бойынша - осы заңды тұлғалардың жұмыскерлері, ал мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің істері бойынша - осы мемлекеттік органдардың жұмыскерлері; өзге заңды тұлғалардың істері бойынша, егер мұндай заңды тұлғалар сол бір тұлғаның бақылауында (тікелей немесе жанама) болса, заңды тұлғалардың жұмыскерлері;

  1. кәсіптік одақтардың - құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша уәкілетті өкілдері;

  2. заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ басқа да адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті өкілдері; 5) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;

  3. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдар сотта тапсырма бойынша өкіл бола алады.

Өкілдің процестік өкілеттіктері тиісті түрде ресімделген сенімхатпен расталады.

Іс құжаттарына қарағанда, С[...] талап қоюшы ретінде сотқа жоғарыдағы талап кою арызын берген. Талап қоюшы С[...] С[...] мүдделі тұлға ретінде тартып, ол туралы талап арызда көрсеткен. Бірақ талап арызға талап қоюшының өзі емес, оның орнына мүдделі тұлға С[...] қол қойған.

Іске тіркелген 2021 жылғы 27 шілдесіндегі Шымкент қаласының нотариусы берген сенімхатына қарағанда Р.С[...] барлық мемлекеттік, құқық қорғау және сот органдарында талапкер өкіліне берілген құқықтарды пайдалана отырып талап арызға қол қоюға, оны сотқа табыс ету сенім берілгені көрінеді.

С[...] жоғарыда көрсетілген АПК-нің 58-бабының 1-бөлігінде аталған өкілдер тізіміне кірмейді. Сонымен қатар, АПК-нің 49-бабында бірнеше талап қоюшы бірлесіп талап арыз беруге, олардың әрқайсысы дербес әрекет етуге және іс жүргізуді талап қоюшылардың біреуіне сенімхат негізінде тапсыра алатыны қарастырылған. С[...] болса өз атынан сотқа талап арыз бермеген, сондықтанда ол АПК-нің 58-бабының 5) тармақшасында көрсетілген тең қатысушылардың бірі болып табылмайды.

Яғни сенімхаттың талап арыз беруге және оған қол қою құқығы жөніндегі бөлігі заңға қайшы болып табылады.

Бұл жағдайда ӘРПК-нің 138-бабының 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, арызға қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса, судья талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сондықтан кассациялық шағымдарда көрсетілген осы жөніндегі уәждер негізді болып табылады.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күштері

жойылып, талап арыз оны берген тұлғаға қайтарылуға жатады.

Бірақ талап арызды осы негіздермен қайтару талап қоюшының сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі болмайды.

Сонымен қатар сот алқасы мына мән-жайларға назар аударады.

Солтүстік Қазақстан облысы Ғ[...] атындағы аудандық соттың 2022 жылғы 18 шілдесінде қабылданған сот шешіміне қарағанда, С[...] жауапкерлер Р[...], М[...], В,Понамаревке, Р[...] берілген талап қою арызы қанағаттандырылып, 2018 жылғы 15 мамырда Р[...] пен сенімхат беруші С[...] атынан әрекет етуші П[...] арасында жасалған диірмен мен жер телімін сатып алусату шарты және 2020 жылғы 20 қазанда Р[...] пен Р[...] арасында жасалған сыйға тарту келісім шарттары жарамсыз деп танылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 22 тармағында "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-III Заңының 33-бабына сәйкес құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюды соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде тіркеуші орган жүзеге асырады. Ауыртпалықтар болған кезде жылжымайтын мүлікке құқықтың туындағанын тіркеу туралы жазбаның күші жойылған жағдайда тіркеуші орган сот актісі келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушыны немесе шешімі бойынша шектеу қойылған тиісті уәкілетті органды құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күші жойылғаны туралы хабардар етуге тиіс.

Осыған байланысты, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді заңсыз, жарамсыз деп тану туралы, құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жою туралы талапкердің талап қоюы қанағаттандырылуға жатпайды.

Уәкілетті орган заңды күшіне енген сот актілерінің негізінде құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюдан бас тартқан жағдайда, осы бас тартудан құқығы бұзылған адам белгіленген тәртіппен көрсетілген әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдануға құқылы.

Жоғарыда аталған сот шешімі заңды күшіне енбеген. Осы іске қатысушылардың түсініктеріне қарағанда ол іс қазіргі кезде апелляциялық саты сотының қаралуында.

Яғни мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген жағдайда қаралып отырған талаптарды қоюдың қажеттілігі болмауы да мүмкін.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 ақпандағы шешімі мен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 мамырдағы қаулының күші жойылсын.

С[...] талап қою арызы кері қайтарылсын.

Мүдделі тұлғалар «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының, «V[...]» жауапкершілігі шектеулі сеіктестігінің және Р[...] кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Е. Умралиев

Г. Дуйсенбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

Дуйсенбаев Г.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.