Қ А У Л Ы
2025 жылғы 27 тамыз №6003-25-00-2К/1299 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев,
судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова, талап қоюшының өкілі Р.Алибековтің,
жауапкер А.Абишбекованың мобильді бейнеконференцбайланысы арқылы қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Баянкул Курмангалиевич Аманжоловтың жауапкер Алтыншаш Копбергеновна Абишбековаға сот бұйрығы негізінде өндірілген қаражатын қайтадан өндіріп кәмелетке толмаған балалардың пайдасына қайтарып, арнайы депозиттік есеп шотына аудартуды міндеттеу туралы талап қоюмен қабылданған Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 маусымдағы ұйғарымына және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшы Б.Аманжоловтың берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
Б.Аманжолов жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымымен іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы шағымында, жергілікті соттар сот актісіне сәйкес төленіп жатқан алиментті анасы өзінің қажеттілігіне жарататындығына назар аудармағанын көрсете келе, сот ұйғарымдарының күшін жойып, азаматтық ісін бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарау үшін жіберуді сұраған.
Кассациялық сот шағым уәждерін тексеріп, талап қоюшы өкілінің шағымды қолдаған түсіндірмесін, жауапкердің қарсылығын тыңдап, төмендегі негіздерге байланысты сот ұйғарымдары өзгеріссіз қалдырылуға жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс құжаттарына қарағанда, Қарағанды облысы Ұлытау аудандық сотының 2020 жылғы 3 сәуірдегі сот бұйрығымен Баянкул Курмангалиевич Аманжоловтан Алтыншаш Копбергеновна Абишбекованың пайдасына Ержан Баянқұлұлы Құрманғали, Құрмет Баянқұлұлы Құрманғали, Мерейім Баянқұлқызы атты балалары кәмелеттік жасқа толғанша күтіп-бағу үшін, ай сайын табысының немесе өзге де кірісінің тең жартысы көлемінде алимент өндірілген.
Сот бұйрығы бойынша атқарушылық іс жүргізуі қозғалған. Талап қоюшы сотқа берген талап қоюында өндіріп алушы А.Аманжолова балаларына арналған алимент сомаларын жеке өзінің қажеттілігіне жаратып, балаларының құқықтарын бұзатындығымен негіздеген.
АПК-нің 277-бабы 1)-тармақшасына сәйкес, сот, егер сот іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Жергілікті соттар, сот бұйрығы негізінде өндірілген қаражатын қайтадан өндіріп кәмелетке толмаған балалардың пайдасына қайтарып, арнайы депозиттік есеп шотына аударуды міндеттеу туралы балалардың құқықтарын қорғау тәсілі заңмен көзделмегендіктен іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіседі, себебі алимент өндіру туралы сот бұйрығы заңды күшінде болғандықтан сот актісімен өндірілген сомаларды қайтару туралы талабы талап қою іс жүргізу тәртібінде қаралуға жатпайтыны туралы дұрыс түйін жасаған.
Осыған байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 маусымдағы ұйғарымы және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы Б.Аманжоловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
А.Тоқсанбаев
Судьялар
А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.