ВС РК - Постановление от 23.02.2022 по делу 6001-22-00-6кп/19 (Об административном правонарушении)

көшірме

6кп-19-22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 23 ақпан

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж.Әлмағамбетова, М.Т.Балкен, прокурор Т[...],

«Қызылорда облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...],

КБ «МИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Б[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 18 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

КБ «М[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 312-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен КБ «МИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Серіктестік) ӘҚБтК-нің 312-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 777 840 теңге айыппұл және лицензиясынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 18 қарашадағы қаулысы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша Серіктестікті лицензиясынан айыру бөлігінде өзгертілген.

Серіктестік әкімшілік құқық бұзушылық жасалған қызмет лицензиялатын қызмет түрінің I-категориядағы лицензияның жобалау қызметімен айналысуға берілген 2019 жылғы 15 қазандағы № 19020759 I санаттағы лицензиясының «Құрылыс жобасы (ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеуге және қайта құруға, сондай-ақ төменде көрсетілген жұмыстарының әрқайсысы үшін конструкцияларды күшейтуге жобалау құқығымен)» жобалау, оның ішінде: Металл (болат, алюминий және қорытпалы конструкциялар, Бетон және темірбетон, қорытпалардан тас) конструкциялар, Бетон және темірбетон, тас және темірбетон қалау конструкциялары, негіздер мен іргетастар түрі және 2015 жылғы 15 маусымдағы № 15011310 II санаттағы лицензиясының «Электр энергиясын өндіру мен тасымалдау объектілерін орналастырумен елді мекендерді электрмен жабдықтау схемасынан құрылыс жүйелеріне, сондай-ақ елді мекенаралық аудандарда орналасқан өндірістік кешендерді электрмен жабдықтау» қызмет түрінен айырылған.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 6 қазандағы қаулысымен Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысының күші жойылған. Серіктестікке қатысты заңды күшіне енген Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 18 қарашадағы қаулысын жаңадан ашылған мәнжайлар бойынша қайта қарау туралы арызы қайтарылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қаулылары құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

«Қызылорда облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ұсынуға келтірген пікірінде сот қаулыларының Серіктестікті лицензиясынан айыру бөлігін өзгертуді сұраған.

Алқа Серіктестіктің өкілі Б[...] ұсынуды қолдаған, уәкілетті органның өкілі М[...] ұсынуды ішінара қолдаған пікірлерін, ұсынуды қанағаттандыру қажеттігі туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді. Сот қаулыларымен Серіктестік ӘҚБтК-нің 312-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылған. ӘҚБтК-нің 312-бабының 2-бөлігімен әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы, iздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін жауаптылық көзделген.

Алайда, бірінші сатыдағы сот Серіктестік жобалау алдындағы жұмыстарды орындау кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы қандай нормаларды және мемлекеттiк нормативтердiң қандай талаптарын бұзғанын анықтамаған.

Сондай-ақ, Серіктестік жүзеге асырған жұмыстар лицензияланатын қызмет түріне жататыны, не жатпайтыны нақты анықталмаған.

Серіктестіктің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының баржоғы туралы мәселе шешілгенге дейін әкімшілік жаза тағайындау туралы мәселені қарау мүмкін емес.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттар дәлелденуге тиісті мән-жайларды зерттеп, құқық бұзушылықтың құрамын нақты қандай әрекеттер құрайтынын анықтауы керек еді, өйткені құқық бұзушылықтың құрамының болуы немесе болмауы осыған байланысты.

Бұған қоса, бірінші сатыдағы сот Серіктестіктің барлық үш лицензиясынан – жобалық қызметтің 35 қосымша түрлері бар I санаттағы, 31 қосымша түрі бар II санаттағы және жобалық қызметтің 42 қосымша түрі бар III санаттағы, барлығы 108 қосымша түрі бар лицензияларынан айырған.

Алайда соттың бұл шешімі істің мән-жайларына, заңға қайшы келеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жаза ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген шекте ӘҚБтК-нің ережелерiне дәл сәйкестiкте қолданылады (ӘҚБтК-нің 55-бабының 1-бөлігі).

ӘҚБтК-нің 47-бабының 7-бөлігіне сәйкес, егер жүзеге асырылуы кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған қызмет лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі болып табылса, рұқсаттан айыру не рұқсатты тоқтата тұру түріндегі әкімшілік жаза лицензияланатын қызмет түрінің нақты кіші түріне ғана қолданылады. Бұндай жағдайда қызмет түрінің жалпы лицензиясынан айыру қолданылмайды.

ӘҚБтК-нің 47-бабының ескертпесінде ӘҚБтК-нің мақсаттары үшін рұқсаттан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру деп лицензияланатын қызмет түрін немесе оның кіші түрін жүзеге асыруға арналған лицензиядан, арнайы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгінен) не қызметтің белгілі бір түріне немесе кіші түріне не белгілі бір әрекетті жасауға, сондай-ақ "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де рұқсат беру құжатынан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру түсініледі делінген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар ӘҚБтК-нің 47-бабының 7- бөлігінде және 55-бабында көрсетілген нормаларды бұза отырып, Серіктестікті қызмет түрінің барлығы 3 бағыттағы 108 лицензия түрімен айналысу құқығынан айырған. ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады.

Соттармен Серіктестіктің лицензиялары зерделенбей, жасаған әкімшілік құқық бұзушылығы мен лицензиясының қызмет түрлері бойынша арақатынасы анықталмаған.

Мұндай жағдайда, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша, яғни соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындықтан сот қаулыларының күші жойылып, іс жаңадан сот қарауына жіберілуге жатады.

Істі жаңадан қарау барысында сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды ескере отырып, Серіктестік ӘҚБтК-нің 312бабының 2-бөлігімен көзделген құқық бұзушылықты жасады ма, әкімшілік құқық бұзушылық фактісі қандай дәлелдемелермен қуатталатынын анықтап, іске қатысты мән-жайлар мен дәлелдемелерді толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеп, заңға негізделген шешім қабылдауы қажет.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 851-бабының 5- бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

КБ «М[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 18 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылсын.

КБ «М[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жаңадан қарауға жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

Г. Әлмағамбетова

М. Балкен

Көшірмесі дұрыс:

Г. Әлмағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.