Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 29.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4483 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 29 қаңтар №6003-25-00-2к/4483 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Д.Е.Орманбектің және жауапкер өкілі

Т.А.Исмагуловтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер дара кәсіпкер «Бек» атауымен әрекет етуші Айшолпан Калауовна Жумабековаға (бұдан әрі - Кәсіпкер) жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат берілгенімен негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Кәсіпкер жосықсыз өнім беруші деп танылған және мемлекет пайдасына сот шығыны 3 932 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жеке кәсіпкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Аталған Қағида талабына сай біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.

Анықталғаны, 2025 жылғы 27 қаңтарда Басқармамен Қызылорда облысының білім басқармасының «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер бойынша конкурс ұйымдастырылып, оған екі әлеуетті өнім беруші қатысқан: «Балғабаева Рабиға Жайбергенқызы» дара кәсіпкері мен Кәсіпкер.

Конкурсқа қатысушы «Балғабаева Рабиға Жайбергенқызы» дара кәсіпкері 2025 жылғы 5 наурызда Кәсіпкер конкурстық құжаттамаға жалған электрондық шот-фактуралар (бұдан әрі - ЭШФ) ұсынғаны жөнінде арыз түсірген.

Осыған орай конкурстық комиссиямен Кәсіпкермен тапсырылған ЭШФдың шынайлылығына қатысты «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» РММ-нен (бұдан әрі - Департамент) мәлімет сұратылып, соңғының 2025 жылғы 11 наурыздағы жауабында Кәсіпкермен «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебі» КММ-де атқарылған балаларды тамақтандыру қызметтер ретінде 2024 жылдың маусым айына ұсынылған ЭШФ-ы ақпараттық жүйеде тіркелмегені туралы хабарланған.

Себебі, Кәсіпкермен 2024 жылғы 21 маусымдағы №ESF-69111840017120240621-02127282 ЭШФ-нің мәртебесі 2024 жылғы 3 қыркүйекте «Кері қайтарылған» деп мәртебесі өзгертілген.

Ал, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі №370 бұйрығымен бекітілген «ЭШФ-ның ақпараттық жүйесінде электрондық нысандағы шот-фактураларды жазып беру» қағидасының (әрі қарай-Қағида) 12-тармағының 10) тармақшасына сәйкес, ЭШФ кері қайтарып алу операциясы ЭШФ-ны жарамсыз деп тану болып табылады.

Одан бөлек, Кәсіпкер дәл осы жарамсыз ЭШФ-ны 2025 жылғы 11 ақпандағы №13958753-1 «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебі» КММ-і мен 2025 жылғы 28 ақпандағы №14125923-1 «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі» КММ-і үшін балаларды ыстық

тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер бойынша конкурстарға да ұсынған.

Бұл жерде назар аударатын мән-жай: ЭШФ өзінің келісімінсіз бухгалтермен кері қайтарып алынған және бұл жөнінде өзіне беймәлім болған деген Кәсіпкердің уәждері негізсіз және сотта дәлелін тапқан жоқ, өйткені аталған ЭШФ Кәсіпкердің өзімен электрондық цифрлық қолтаңбасын қою арқылы қайтарып алынған, оның штатында бухгалтер қызмет атқаратыны туралы дәлелдемелер жоқ (жұмысшыны жалдағаны туралы декларация, еңбек шарты және т.б.), өз кезегінде әр бір тұлға өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын үшінші тұлғаларға берместен, тек жеке өзі ғана пайдалануы тиіс.

Осыған қарамастан, Кәсіпкер аталған конкурс бойынша неғұрлым жоғары балл жинау мақсатында, ЭШФ-ның кері қайтарып алынғанын біле тұра, жарамсыз болып табылатын 2024 жылғы 21 маусымдағы №ESF691118400171-20240621-02127282 ЭШФ-ы конкурстық құжаттамаға жұмыс тәжірибесі ретінде ұсынған.

Қолданыстағы салық заңнамасына сай Кәсіпкерде «қателесіп кері қайтарып алынған» ЭШФ-ны сол кезде дереу қайта тапсыруға толық мүмкіндігі мен уақыты болған.

Бірақ, Кәсіпкер кері қайтарылған ЭШФ-ның орнына тек 2025 жылғы 9 сәуірінде ғана жаңадан №ESF-691118400171-20250409-18841173 ЭШФ тапсырған, аталған конкурстарға бұл ЭШФ қабылданбаған, өйткені әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін тапсыру №30 орта мектебі бойынша 2025 жылғы 26 ақпанда, №26 орта мектебі бойынша 2025 жылғы 13 наурызда, ал №250 мектеп-лицейі бойынша 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталған.

Сонымен қатар, Кәсіпкер аталған конкурстарға қатысқан кезде тек ғана жарамсыз ЭШФ-ны ұсынбағаны, бұған қоса Кәсіпкермен конкурсқа ұсынылған жұмысшы Ш.Жаңабаеваның лауазымына қатысты мәліметтер «Enbek.kz» еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде 2024 жылғы 26 желтоқсанда «мектептегі аспазшыдан» «ас бөлме жұмысшысына», 2025 жылғы 17 қаңтарда «ас бөлме жұмысшысынан» «аспазшыға», 2025 жылғы 16 сәуірде «аспазшыдан» «ас бөлме жұмысшысына» өзгертілгені анықталған.

Аталған фактілер азаматтық іс құжаттарымен қатар Кәсіпкердің Басқармаға берген 2025 жылғы 8, 15 және 16 сәуірдегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаларына дау айту жөніндегі әкімшілік талабы бойынша шығарылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімімен, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының 2025 жылғы 12 мамырдағы №2070 хатымен де дәлелденіп, бекітілген.

Бірінші сатыдағы сот Басқарманың талабын қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі шешімінде жалпы Кәсіпкермен жұмыс өтілі ретінде №26 орта мектебіне қатысты 2024 жылдың қаңтар-маусым, қыркүйек-желтоқсан, яғни

10 айға қызмет көрсеткені туралы ЭШФ-ның сканерден өткізілген нұсқалары ұсынылған, 2024 жылғы 21 маусымдағы №ESF-691118400171-2024062102127282 ЭШФ-сы ақпараттық жүйесіне тіркелмеген күннің өзінде Кәсіпкер қалған 9 айға қатысты растаушы құжаттары жұмыс өтілі ретінде есепке алуға және ол конкурсқа қатысуға жіберуге негіз болады, себебі аталған ЭШФ-сы бойынша сканерден өткізілген және Esf.gov.kz бағдарламасынан алынған нұсқаларында бірде-бір айырмашылық анықталған жоқ деп асығыс тұжырымға келген.

Себебі, Кәсіпкер №26 орта мектепте 2024 жылдың қаңтар-мамыр және қыркүйек-желтоқсан айларында (барлығы 9 ай) 2024 жылғы 6 қаңтардағы №4 келісім шарт негізінде қызмет атқарса, жарамсыз болып табылған 2024 жылғы 21 маусымдағы №ESF-691118400171-20240621-02127282 ЭШФ-сы 2024 жылғы 30 мамырдағы №55 келісім шарт негізінде жасалған деп көрсетілген (барлығы 1 ай).

Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен білім алушыларды тамақтандыруды қызметтерін сатып алу бөлігінде құқық қатынастарын реттейтін «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі - Қағида) 7-қосымшасының (көрсетілетін қызметті жеткізушіні таңдау өлшемшарттары) ескертпесінде 1-тармақ бойынша конкурс өткізілетін тиісті аймақта ағымдағы жылдың өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы бір қатар құжаттармен қоса міндетті түрде ЭШФ-мен расталатыны айқындалған.

Сонымен қатар, Кәсіпкер конкурсқа қатысу үшін өтінімді қалыптастыру алдында Қағидамен бекітілген осы конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасына сай конкурсқа қатысу туралы келісімді қабылдап, оның 4-тарауына сәйкес конкурстық құжаттамамен танысқандығын, сапалық және өзге де сипаттамалары (жеткізілетін тауарды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) туралы дұрыс емес мәліметтер бергені үшін жауапкершілігі, сондай-ақ тиісті заңдық нормаларда көзделген өзге де шектеулерді сақтау туралы хабардар етілгендігін растайтындығы, конкурсқа қатысу өтінімінде және оған қоса берілетін құжаттарда мұндай дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатындығы туралы келісімін беріп, тиісті түрде электрондық цифрлық қолтаңба қою арқылы оны растаған.

Яғни, Қағидамен Кәсіпкер жұмыс тәжірибесінің болуын бір қатар құжаттармен қоса міндетті түрде ЭШФ-мен растауы тиіс екендігі және

конкурсқа тапсырылған мәліметтердің шынайлылығына жауап беретіні бекітілген.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер дара кәсіпкер «Бек» атауымен әрекет етуші Айшолпан Калауовна Жумабекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.