ВС РК - Постановление от 15.08.2023 по делу 6001-23-00-6ап/856 (Административное)

6001-23-00-6ап/856

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 15 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Б.Т. Нажмиденов, Г.К.Нұрбаев болып,

талапкер П[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы П[...] жауапкер жеке сот орындаушы У[...] үйден шектеуді алу туралы қаулысын заңсыз деп тануды, шектеуді алу туралы қаулысын орындау барысында талап қоюшының жеке есеп шоттарына салған бұғаттаулардың салуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 қантардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы П[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 ақпандағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы П[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының түсінігін тыңдап, іс құжаттарын және шағым уәждерін жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (әрі қарай – Заң) 2-бабына сәйкес осы Заңға сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.

Заңның 37-бабының 1 тармағына сай сот орындаушысы, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.

Осы баптың 3 тармағына сәйкес атқарушылық құжат өзіне осы Заңның 162-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәртіппен жіберілген жағдайда жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғайды.

Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 27 мамыр 2019 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық сотының ұйғарымымен «БанкЦентрКредит» АҚ-ның арызы бойынша П[...] Шымкент қаласы, [...] ұйге тыйым салынып, орындалуы сот орындаушыға жүктлеген.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 26 қазан 2022 жылы ұйғарымымен тыйым салынған талап қоюды қамтамасыз ету шаралары жойылып, сот орындаушысы У[...] 18 қараша 2022 жылы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне «Төрелік» АЖ арқылы орындауға түскен.

Сот актісін орындау мақсатында сот орындаушысы атқару өндірісін қозғап, 21 қараша 2022 жылы даулы үйді тыйымнан босату туралы қаулы қабылдап, оны орындау мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы» Шымкент қаласы бойынша филиалына жолдаған.

21 қараша 2022 жылы сот орындаушысы атқару өндірісін тоқтату туралы қаулы қабылдаған, яғни өз қүзіреті шеңберінде Заңда қарастырылған әрекеттерді жасаған. Заңның 118-бабына сай, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді.

Сот актілерінің орындалуына байланысты, 21 қараша 2022 жылы сот орындаушысы атқарған қызметі үшін ақы төлеу соммасын бекіту туралы қаулы қабылдап, бөлек атқару өндірісін қозғаған және оны орындау мақсатында борышкердің мүлкiне тыйым салу туралы қаулы қабылдаған.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған, себебі сот орындаушысы сот ұйғарымын орындау мақсатында дауланып отырған шараларды жүргізген, ал ол шаралар атқарушылық іс жүргізуді реттейтін заңға қайшы келмейді.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал талап қоюшының сотта зерттелген дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға,

кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПКтің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 қантардағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы П[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс.

Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.