ҚАУЛЫ
2026 жылғы 9 шілде 6003-26-00-4к/1144 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшының өкілі А[...], жауапкердің өкілі М[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы С[...] жауапкер Амангелді ауданының әкіміне, Амангелді ауданының аумағында табиғи төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның 2025 жылғы 7 ақпандағы хаттамасын заңсыз деп тану және тұрғын үйге келтірілген материалдық залалды өтеуге міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы ұйғарымына, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюға өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды, талап қою қайтарылды.
Қостанай облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың осы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот, істің қаралуына қатысқан тараптардың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2025 жылғы 7 ақпанда талап қоюшы комиссия отырысына қатысқан, онда оның арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. К[...] отырысының хаттамасы талап қоюшыға сол кезде белгілі болған.
Талап қоюшы екі мәрте, яғни 2025 жылғы 11 маусымда және 1 шілдеде Амангелді ауданының әкіміне шағым түсіріп, аудан әкімі өз кезегінде бұл шағымдарды қарау үшін К[...] жолдады.
К[...] төрағасы шағымдарды қарап, 2025 жылғы 30 маусымда және 9 шілдеде оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы жауап берді.
Аудан әкімі шағымдарды қарамағандықтан, талап қоюшы 2025 жылғы 11 шілдеде Қостанай облысы әкіміне жүгінген. Шағым облыс әкімінен аудан әкіміне, аудан әкімінен К[...] жолданған, ал К[...] төрағасы шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы қайтадан жауап берген.
Талап қоюшы бұл шешіммен келіспей 2025 жылғы 25 наурызда Қазақстан Республикасы П[...] депутатына арызбен жүгінген.
2025 жылғы 11 сәуірде М[...] істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат С[...] қазіргі уақытта депутаттық сауал әзірленіп жатқандығы туралы хабарлама талап қоюшыға жолданған.
2025 жылғы 8 мамырда талап қоюшы Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Амангелді ауданы әкімдігінің К[...] шешіміне қатысты өтінішін қайта қарау туралы талабымен жүгінген.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Соттардың көрсеткеніндей, аталған дау санаты бойынша сотқа дейінгі тәртіп заңмен көзделмеген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысымен бекітілген табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларының 17-тармағы даулар туындаған жағдайда зиянды (нұқсанды) өтеу мәселелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешілетінін тікелей болжайды.
Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшыға даулы шешім 2025 жылғы 7 ақпанда белгілі болған. Бұл ретте оның прокуратураға және П[...] жүгінгені жөніндегі уәждері қабылданбайды, себебі, бұл аталған заңды тұлғалар комиссия мен аудан әкіміне қатысты жоғары тұрған орган болып саналмайды. Берілген өтініштер дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі болып та табылмайды, сондықтан талап қоюшының сотқа арызы ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткізіліп берілген.
Баяндалғанның негізінде, төменгі сатыдағы соттар талап қоюшының талап қоюға берілген уақытты өткізіп алғаны туралы дұрыс қорытындыға келген.
Талап қоюшының, дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтау уақытын өткізіп алғандықтан, оның мерзімді қалпына келтіру туралы өтініші дурыс қанағаттандырусыз қалдырылған, өйткені дауларды сот тәртібімен шешу туралы заңнаманың тікелей талабы болған кезде прокуратураға және ҚР П[...] мәжілісіне шағымдармен жүгіну уақытты өткізіп алудың дәлелді себебі болып табылмайды.
Талап қоюшы, заңда белгіленген мерзімде сотқа талап арыз берудің АПК-нің 126-бабының бесінші бөлігі талап еткендей мерзімін себепті өткізіп алғанын растайтын дәлелдері сотқа ұсынбады.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарын заңды деп санайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері бұрын төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, сондықтан сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға ешбір негіз анықталмады.
Кассациялық шағымды қанағаттандыруға себеп жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы ұйғарымы, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымы осы іс бойынша, күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Е. Нұралиев.
Судьялар
Л. Кудекова
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.