№6003-25-00-2к/1993, 1993(2)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.К.Есдаулетов, талап қоюшы А.У.Мектепбаевтың және оның өкілі Н.С.Рсалиевтің, жауапкердің өкілі Ғ.Есентаевтың,
үшінші тұлға өкілі Б.Досымовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Алдажар Умирзакович Мектепбаевтың жауапкер «Аралтұз» акционерлік қоғамына еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақыты үшін еңбекақыны және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс бойынша Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А.У.Мектепбаев аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2025 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкер «Аралтұз» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – жұмыс беруші) еңбек шартты бұзу туралы 2024 жылғы 28 маусымдағы №32806/01-Т бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылып, талап қоюшы қызметіне қайта орналастырылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 025 234 теңге еңбекақысы, өкіл көмегіне төленген 500 000 теңге шығыны және мемлекет пайдасына 10 252 теңге баж өндірілген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, шешімінің қанағаттандыру бөліктерінің күші жойылып, осы бөліктерде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа сот актісі шығарылған. Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы шағымында апелляциялық сатыдағы сот азаматтық істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай, істің нақты мән-жайларына сай келмейтін түйіндер мен тұжырымдар жасап, заңсыз шешім қабылдағандықтан, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,
заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің ( Бұдан әрі-Еңбек кодексінің) 52-бабы 1-тармағы 8)-тармақшасында жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша: жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін .
Іс құжаттарынан анықталғандай А.У.Мектепбаев «Аралтұз» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – АҚ, жұмыс беруші) 2021 жылғы 7 қазан айынан бастап №1 тұз өңдеу цехының брикеттелген тұз өндіру учаскесінің тұз пресінің операторы болып жұмысқа қабылданып, 2023 жылдан бастап ауысым өндіріс мастері АҚ–ның №2 тұз өндіру цехының басшысы қызметін 2024 жылдың 28 маусымына дейін атқарған.
Жұмыс берушінің 2024 жылғы 17 маусымдағы бұйрығымен талап қоюшыға 2024 жылғы маусым айының 18-21 күндері аралығына 4 күн тізбелік экологиялық еңбек демалысы берілген.
Жұмыс берушінің 2024 жылғы 28 маусымдағы №32806/01-Т тәртіптік жаза туралы бұйрығымен талап қоюшыға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Еңбек кодексінің) 65,66-баптарын және 64-бабының 4) тармақшасын басшылыққа алып, еңбек пен атқарушылық тәртіпті бұзғаны және сенімнің жоғалуына әкелген кінәлі әрекеттер жасағаны үшін «еңбек шартын бұзу туралы» тәртіптік жаза қолданылған.
Аталған бұйрық негізінде жұмыс берушінің 2024 жылғы 28 маусымдағы №32806/01-ж/қ еңбек шартын бұзу туралы бұйрығымен Еңбек кодексінің 52бабы 1-тармағының 8),13),16)-тармақшалары негізінде жұмыс берушінің бастамасымен А.У.Мектепбаевпен еңбек шарты бұзылған.
Жұмыс берушінің 2024 жылғы 17 шілдедегі бұйрығымен еңбек шартын бұзу туралы 2024 жылғы 28 маусымдағы №32806/01-ж/қ бұйрыққа Еңбек кодексінің 52-бабының 1)-тармағы 8)-тармақшасы негізінде талап қоюшымен еңбек шартын бұзу жөнінде өзгеріс енгізіліп, бұйрықтың қалған мәтіндері өзгеріссіз қалдырылған.
А.Мектепбаевпен еңбек шартын бұзуға оның 2024 жылғы маусым айының 24-28 күндері аралығында жұмыста болмағаны, яғни жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмағаны негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот жауапкердің талап қоюшымен еңбек шартын бұзу кезінде Еңбек кодексінің 65-бабы 5-тармағының талабы сақталмағанын, даулы бұйрық талап қоюшыға үш жұмыс күні ішінде табысталмағанын, жұмыскер жұмыс берушінің актісімен танысқанын қол қойып растаудан бас тартқан
жағдайда, тәртіптік жаза қолдану туралы актіде бұл туралы тиісті жазба жасалмағанын көрсетіп, талап қоюды ішінара қанағаттандырған.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл сот шешімімен келіспей, Еңбек кодексінің талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, сот шешімін өзгертіп, шешімінің қанағаттандыру бөліктерінің күшін жойып, осы бөліктерде талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.
Іс құжаттары мен апелляциялық сатыдағы сотпен анықталғандай А.Мектепбаевтың 2024 жылғы 24 маусым мен 2024 жылғы 28 маусым аралығында жұмыста болмағанына жауапкер тарапынан тиісті актілер түзілген, сонымен бірге кадр бөлімі бастығының қызметтік хаты негіз болған.
А.Мектепбаев өз талап қоюында жұбайының науқастануына байланысты 2024 жылғы 24 маусымнан бастап пайдаланбаған еңбек демалыс күндерін алуына өндіріс басшысы А.Исимов рұқсат берді деп көрсеткен.
Алайда өндіріс басшысы А.Исимовтың қызметтік міндеттеріне қарамағындағы қызметкерлерге демалыс беру туралы шешім қабылдау кірмейді. Мұндай шешім қабылдау жұмыс берушінің бірінші басшысының міндеті болып табылады. Жұмыс берушінің бірінші басшысының алдын-ала рұқсатымен ғана қызметкер жұмыс орнында болмауға жол беріледі. Еңбек кодексінің 87-бабының 6-тармағына сай демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді. А.Мектепбаев пайдаланбаған еңбек демалысының күндерін 2024 жылғы 24 маусым мен 2024 жылғы 28 маусым аралығында беру туралы «Аралтұз» АҚ–ның басшысына өтініш жасамаған. Сол себепті оған пайдаланбаған демалыс күндерін беру туралы жұмыс беруші тарапынан бұйрық қабылданбаған. Нәтижесінде ол дәлелді себепсіз 2024 жылғы 24 маусым мен 2024 жылғы 28 маусым аралығында жұмыс орнында болмаған.
Сонымен қатар, жауапкер тарапы сотқа ұсынған «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-ның 2025 жылғы 23 қаңтардағы хатына сәйкес А.Мектепбаевтың жұбайы Ә.Әлімқұлова 2024 жылғы 2 - 6 шілде аралығында өт-тас ауруы, созылмалы калькулезды холецистит диагнозымен жоспарлы түрде ем қабылдаған, 3 шілдеде лапароскопиялық холецистэктомия отасы жасалған, жағдайы қанағаттанарлық болған, басқа адамның сүйемелдеуіне мұқтаж болмаған.
Сол кездегі қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы №9 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 18-тармағы бойынша жұмыс күнінде (ауысымда) қатарынан үш және одан астам сағат дәлелді себептерсіз
бос жүргені үшін еңбек шартын бұзудың дұрыстығы туралы істі шешу кезінде, еңбек шартын осы негіз бойынша бұзу, атап айтқанда, жұмыскердің еңбек шартының мерзімі өткенге дейін жұмыс орнын дәлелді себептерсіз қалдырып кеткені немесе мереке және демалыс күндерінде жұмыс істегені үшін демалыс күндерін өз бетінше пайдаланғаны үшін жүргізілуі мүмкін екенін назарда ұстау қажет.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот А.Мектепбаевтың 2024 жылғы 24 маусым мен 2024 жылғы 28 маусым аралығында жұмыс орнын дәлелді себептерсіз қалдырып, өз бетінше демалысқа кеткендігі іс құжаттарымен анықталып тұрғандықтан, жауапкер даулы бұйрықты негізді әрі заңды қабылдаған деген тұжырымға дұрыс келген.
Талап қоюшының жұмыс беруші еңбек шартын Еңбек кодексінің 65бабының 5-тармағының талабын сақтамай, даулы бұйрықты талап қоюшыға үш жұмыс күні ішінде табыстамаған деген уәжі негізсіз, себебі 2024 жылғы 29,30 маусым демалыс күндері болғандықтан 2024 жылғы 28 маусымдағы даулы бұйрықты талап қоюшы үш жұмыс күн ішінде, яғни келесі жұмыс күні 2024 жылғы 1 шілдеде жұмысқа шыққан соң алған. Бұл мән-жай бірінші сатыдағы сотпен анықталып, талап қоюшы жоққа шығармаған.
Демек еңбек шартын бұзу кезінде жұмыс берушімен Еңбек кодексінің 65,66-баптарының талаптары сақталып, тәртіптік жаза қолдану тәртібі мен мерзімдері белгіленген тәртіппен рәсімделген.
Талап қоюшының еңбек шартын бұзу заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.
Аталған мән-жайларды ескеріп, кассациялық сот жауапкердің талап қоюшымен еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңды әрі негізді деген қорытындыға келеді.
Сондықтан даулы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жоюға, талап қоюшыны бұрынғы қызметіне қайта орналастырып, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы және моральдық зиянды өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Н.Ормаханов
А.Рамазанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.