Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/1045 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 қыркүйек №6003-25-00-2к/1045 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар А.К.Тлеубаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, жауапкердің өкілі З.Ш.Мизамбаеваның қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің атынан «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік - мекемесінің (бұдан әрі Мекеме) жауапкерлер Акпарова Гаухар Сайлаубаевнаға, Жусупова Бибигуль Шекымовнаға, Акпарова Гулшугай Джамбулатовнаға, Акпаров Куаныш Джамбулатовичке, Акпарова Бакытжамал Канатовнаға, Акпарова Молдир Джамбулатовнаға ақшалай өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу), үйден шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Г.С.Акпароваға меншік құқығында тиесілі, онда орналасқан құқықтағы жылжымайтын мүлiк объектiлерiмен бірге Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Сырдария көшесі, 53 үй, мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-318-029-221 , жалпы ауданы 0,0450 га, жер учаскесі (бұдан әрі - Объект) 64 542 960 теңге ақшалай өтемақы төлеумен онымен бірге тұратын Б.Ш.Жусупова, Г.Д.Акпарова, К.Д.Акпаров, Б.К.Акпарова, М.Д.Акпарова және кәмелеттік жасқа толмаған балалар: С.Тажиков, С.Тажиков, Е.Жамболат, А.Жамболат, А.Жамболат және А.Жамболат мәжбүрлеп иеліктен және тұрғын үйден шығарылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, тараптардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында сот актілерін өзгертіп, Объект үшін төленетін өтемақы сомасын 100 579 000 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген талапкер өкілі кассациялық соттың отырысына келмеді және байланысқа шықпады.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодекстің (бұдан әрі - АК) 249-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасымен жер учаскесін алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілетіні қарастырылған.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен - шығарылатын жер учаскесінің, сондай ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылдың 12 тамыздағы № 510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфулин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскесі «Сырдария көшесі» объектісінің

іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Алынатын жер учаскесінің шекараларына жауапкер Г.С.Акпарованың меншік құқығына тиесілі жоғарыда аталған Объект енеді.

Талап қоюшының жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламасы жауапкерге табыс етілген, бұл туралы хабарламада қол қойылған.

Талап қоюшы бағалаушы «Дом оценки» ЖШС-мен анықталған объектінің құны ретінде 55 068 701 теңге өтемақыны төлеуге жауапкерлерге ұсыныс жолдаған. Алайда, жауапкерлер бұл ұсынылған сомамен келіспеген. Бірінші сатыдағы сотпен жер учаскесінің нарықтық құнын айқындау үшін сот құрылыс және тауартану сараптамасы тағайындалған. Сарапшы «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 13 қаңтардағы қорытындысына сәйкес, Объект орналасқан жер учаскесінің орташа нарықтық құны - 51 952 000 теңге және құрылыс материалдардың нарықтық құны ретінде көрсетілген мемлекеттік органда тиісті түрде ресімделмеген және тіркелмеген жылжымайтын мүліктің құны - 7 817 418 теңге, жалпы құны - 59 769 418 теңге құраған.

Жауапкерлер өз кезегінде сотқа табыстаған бағалаушы «Тomаy Expert» ЖШС-нің 2025 жылғы 15 қаңтарда өткізген бағалауында Объектінің құны 100 579 000 теңгені құраған.

Қазақстан Республикасының Әділет министірлігінің сот сараптамалары орталығының сарапшыларының 2025 жылғы 10 ақпандағы қорытындысына сәйкес, Объектінің жер учаскесі және ол жерде орналасқан жылжымайтын мүліктің орташа нарықтық құны, зерттеу жүргізу кезінде 64 542 960 теңгені құраған.

Бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған бағалаулар мен сараптамалардың әрқайсысын жеке зерделеп, оларға тиісті бағаларын берген. Соның ішінде жауапкерлер ұсынып отырған «TOMAY EXPERT» ЖШС-мен жүргізілген бағалауда Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде есепте ұсыныстарды салыстырмалы талдаудың бір ғана тәсілі қолданылғанын, есепте анықтау кезінде іс жүзінде заңдастырылмаған 190,5 шаршы метр аумақ ескерілгенін, ал заңдастырылған аумақ 147,9 шаршы метрді құрайтынын, қалғандары құрылыс материалы ретінде анықталуы керек екенін, бұл есепте коэффициенттерді қосумен жер учаскесіне түзетулер қолданылғанын, бұл коэффициенттер алынып тасталуы керек екенін, нәтижесінде зерттелетін объектінің артық құны қалыптасқанын бірінші сатыдағы сот ескеріп, оны дұрыс назарға алмаған.

Бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалар орталығының қорытындысын іске қатысты, жарамды дәлелдеме деп тапқан. Өйткені, бұл қорытынды жауапкердің меншігі тіркелінген мүліктің нақты нарықтық құнын, құрылыс материалдарының құнын қамтыған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшылармен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Бірінші сатыдағы сот бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың Объектінің нарықтық құны ретінде 64 542 960 теңге өтемақы өндіру туралы тұжырымы дұрыс.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: А.Тлеубаева В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.