Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 04.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3417 (Гражданское)

Ұ Й Ғ А Р Ы М

2026 жылғы 4 ақпан №6003-25-00-2к/3417 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судья А.Даненова, талап қоюшы Г.Акмурзаева, оның өкілі Э.Бердалиева,

жауапкерлердің өкілі М.Бекбердінің қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшының өкілі Э.Бердалиеваның талап қоюшы Галия Уринбасаровна Акмурзаеваның жауапкерлер Бахтияр Маханбетович Худайбергеновке, Балташ Калбаеваға, Кулсин Шариятуллаевна Зулпукароваға, жеке сот орындаушы Муминжан Азимовқа, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану, моральдық зиян өндіру туралы азаматтық іс бойынша Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы А.Тоқсанбаевқа мәлімдеген қарсылығын қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшының өкілі Э.Бердалиева сот құрамындағы судья А.Тоқсанбаевқа қарсылық білдірді. Қарсылықта судья бұрын Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы лауазымында қызмет атқарғанын, бұрын қаралған іс бойынша судья ретінде қатысып, талап қюшыға қарсы шешім қабылдағанын, істің нәтижесіне мүдделі екенін, жауапкердің ағасының танысы деп естігенін көрсеткен.

Кассациялық соттың судьялары, талап қоюшы мен оның өкілінің қарсылықты қолдаған, жауапкерлердің өкілінің қарсылық негізсіз екені туралы пікірлерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 37-бабы 2-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы кассациялық сатылардағы соттарда қарауға қатыса алмайды. АПК-нің 38-бабы 1-бөлігіне сәйкес судья, егер ол:

  1. осы істі осының алдында қараған кезде медиацияны жүргізген судья, прокурор, куә, сарапшы, маман, аудармашы, консультант, тараптың немесе үшінші тұлғаның өкілі, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы ретінде қатысқан болса;

  2. іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің бірінің туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болса;

  3. істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не, егер оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болса, істі қарауға және шешуге қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге (өздігінен бас тартуға) тиіс.

  1. Істі қарайтын соттың алқалы құрамына өзара туыс, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар болып табылатын судьялар кіре алмайды.

Судья А.Тоқсанбаев бұрын тараптардың арасында қаралған нысанасы бөлек, дүние мүлікті бөлу туралы азаматтық ісі бойынша апелляциялық

сатыдағы сотта алқа құрамында қатысқан. 2024 жылғы 17 маусымдағы сот алқасымен қабылданған қаулы заңды күшінде.

Осы азаматтық іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотта қаралғанда судья А.Тоқсанбаев алқа құрамында болмаған.

Талап қоюшының өкілі судьяның істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі екенін, оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар бар екенін бекітетін дәледемелер ұсынбады. Судьяның әрекетіне шағым бергені дәлелдеме ретінде қабылдануға жатпайды. Сондықтан қарсылықта көрсетілген мән-жайлар АПК-нің 37-бабының 2-бөлігіне сәйкес судьяны істі қарауға қатысудан бас тартуға негіз болып табылмайды.

Процестік құқық нормаларында кассациялық соттың судьясы бұрын апелляциялық сатыдағы сотта судья лауазымында қызмет атқарғаны судьяны істі қарауға қатысудан бас тартуға негіз болатыны көзделмеген.

Судьяға АПК-нің 37, 38-баптарында көрсетілген қарсылық білдіру негіздері жоқ екені анықталды. Осыған байланысты талап қоюшының өкілінің судьяға мәлімдеген қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 41-бабын басшылыққа алып, судьялар

Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:

Талап қоюшының өкілі Э.Бердалиеваның Азаматтық істер жөніндегі касациялық сотының судьясы А.Тоқсанбаевқа мәлімдеген қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев Судья А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.