ВС РК - Постановление от 20.01.2022 по делу 6001-21-00-3пп/98 (Гражданское)

6001-21-00-3пп/98

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 20 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Ш.С.Иманиязова, судьялар Б.Р.Ералиева, Т.Ә.Молдахметова,

талап қоюшы Е[...], оның өкілі С[...], жауапкерлердің өкілі У[...] қатысуымен мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкерлер Қазақстан Республикасы Қ[...] жəне Қару жарақ басқармасына (бұдан əрі – Басқарма), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «63302 əскери бөлімі» РММ-ге (бұдан əрі – Әскери бөлім) бұйрықтардың күшін жою, бос жүрген уақытына жалақы өндіру, актілер мен қызметтік тексерулердің күшін жою, аттестация комиссиясының хаттамасының Е[...] байланысты бөлігін жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Алматы гарнизоны əскери сотының 2020 жылғы 29 сəуірдегі шешімін, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Е[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Алматы гарнизоны əскери сотының 2020 жылғы 29 сəуірдегі шешімімен талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында істі қарау барысында əскери соттардың іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымының дұрыс айқындамағанын жəне анықтамағанын, материалдық жəне процестік құқық нормаларының бұзылуын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығару ұсынылған. Сонымен қатар жауапкерлер тарапынан талап

қоюшыны аттестаттаудан өткізу жəне əскери қызметтен шығару барысында заң талаптарының сақталмағаны алға тартылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан əрі – сот алқасы) Ұ[...] уəждерін талқылап, талап қоюшының, оның өкілінің Ұ[...] қолдаған түсініктерін, жауапкерлер өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға сот сатылары жол бермеген.

Іс құжаттарына қарағанда, келісімшарт қатардағы Е[...] 2019 жылғы 6 наурыздан бастап Әскери бөлімнің психологиялық көмек көрсету кабинетінің бастығы (психолог) лауазымын уақытша атқарушы болып тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 15 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы Қ[...] сержанттары (старшиналары) мен сарбаздары (матростары) құрамының келісімшарт бойынша əскери қызметшілерін аттестаттауды ұйымдастыру жəне өткізу туралы» № 24 бұйрығының 1-тармағының 1) тармақшасында əскери бөлімдерінің командирлері (мекемелерінің бастықтары) 2019 жылдың 1 наурызы мен 30 қыркүйегі аралығында сержанттар (старшиналар) мен сарбаздар (матростары) құрамының лауазымдарындағы келісімшарт бойынша, сондай-ақ офицерлер құрамының лауазымдарындағы сержанттар (старшиналар) мен сарбаздар (матростары) құрамының əскери атақтары бар əскери қызметшілері аттестаттаудан өтуі тиіс екені көрсетілген.

Осы бұйрықты орындау барысында Әскери бөлімнің командирі 2019 жылғы 18 ақпанда əскери қызметшілер құрамын аттестаттауды ұйымдастыру жəне жүргізу тəртібі туралы № 25 бұйрық шығарған.

Анықталғандай, жоғарыда аталған № 25 жəне № 24 бұйрықтардың талаптары туралы жəне 2019 жылғы 19 сəуірде аттестаттаудан өту жөнінде хабарланғанмен, талап қоюшы аттестаттаудан өтуден бас тартқан.

Содан 2019 жылғы 14 мамырда талап қоюшы екінші рет аттестаттауға шақырылған, бірақ бұл жолы да талап қоюшы аттестаттаудан өтуден бас тартып, басқа əскери бөлімінен ауысып келуіне байланысты алты ай мерзімге дейін аттестаттаудан өтпейтінін аттестаттау комиссиясының хатшысына мəлімдеген. Ол туралы комиссия хатшысы Әскери бөлімнің командиріне 2019 жылғы 14 мамырда баянат жолдаған.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарғысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Қ[...], басқа да əскерлері мен құралымдарында əскери қызмет өткеру қағидаларының» (бұдан əрі – Қағида) 146-тармағына сəйкес əскери қызметшілер жүктілігі жəне бала тууы бойынша, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыста болған, қашықтықтан білім беру технологияларын пайдаланумен білім алушыларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының жəне (немесе) шет мемлекеттердің арнаулы (əскери) оқу орындарында, білім беру ұйымдарында жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алған кезеңде аттестатталмайды. Олар қызметке шыққаннан кейін алты ай өткен соң жəне қызметке шыққан күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей аттестаттаудан өтетін болады.

Сондықтан Қағиданың 146-тармағының талаптарына сəйкес талап қоюшының басқа əскери бөлімінен ауысып келуіне алты ай мерзім толмағанмен, ол жоғарыда көрсетілген заң нормасы бойынша аттестаттаудан босатылмайды екенін сот сатылары дұрыс тұжырымдаған.

Бұдан басқа, сот сатыларының келесі мəн-жайларды анықтаған, атап айтқанда Әскери бөлімнің командирі 2019 жылғы 17 мамырдағы № 945 хабарламасымен 2019 жылғы 21 мамырда сағат 15.00.-де аттестаттауға талап қоюшыны шақырған. Талап қоюшы хабарламаны алған соң, 2019 жылғы 18 мамырдағы № 1518 баянатымен госпиталь бастығының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы, аттестаттау комиссиясының төрағасына жəне аттестаттау комиссиясының мүшесіне сенбейтінін айтып, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан Республикасы Қ[...] жəне қару-жарақ бастығынан аттестаттаудан өтуге сенім білдіретінін баяндап, аттестаттаудан өтуге келмеген. Кейін 2019 жылғы 20 мамырда денсаулығына байланысты 3 күнге уақытша қызметтік міндеттерінен босатуын сұрап, 2019 жылғы 20 мамырдағы № 327 анықтаманы ұсынған.

2019 жылғы 21 мамырдағы аттестаттаудан өтпеуіне байланысты талап қоюшы 2019 жылғы 23 мамырдағы № 992 хабарламамен 2019 жылғы 24 мамырда сағат 15.00.-де аттестаттаудан өтуі жөнінде қайта ескертілген. Осыдан соң талап қоюшы аттестаттаудан өтуге қарсы еместігін білдіріп, денсаулығына байланысты 2019 жылдың 24 мамырында өтетін аттестаттаудың мерзімін 2019 жылдың 27 мамырына ауыстыруын сұраған.

Комиссия төрағасы талап қоюшының денсаулығына шағымдануына байланысты Әскери бөлімнің кезекші дəрігеріне жолдаған. Медициналық тексерістен өткеннен кейін Е[...] аттестаттау комиссиясына қайта келіп, аттестаттау барысында қойылған сұрақтарға жауап бере алмаған.

«Әскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан əрі – Заң) 22-1-бабының 1, 2- тармақтарына сəйкес Қ[...], басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың келісімшарт бойынша əскери қызметшілерін аттестаттау

Әскери қызмет өткеру қағидаларымен айқындалады. Аттестаттау комиссиясының отырысына дəлелсіз себеппен екі рет келмей қалған əскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тəртіппен қызметтен шығарылуға ұсынылады.

Заңның 26-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сəйкес аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметіне сай келмеуі əскери қызметшілерді əскери қызметтен шығару үшін негіздер болып табылады.

Жоғарыдағы мəн-жайларды назарға алып, аттестаттау комиссиясы 2019 жылғы 24 мамырда талап қоюшының қойылған сұрақтарға жауап бермегенін жəне 2019 жылғы 19 сəуір мен 14 мамырда аттестаттауға еш себепсіз келмегенін ескере отырып, аттестаттаудың қорытындысы бойынша оның лауазымына сəйкес келмейтіні жəне əскери қызметтен шығару туралы шешім қабылдаған.

Басқарма бастығының 2019 жылғы 18 шілдедегі № 6/ОК бұйрығымен Е[...] Заңның 26-бабы 1-тармағы 14) тармақшасының негізінде əскери қызметтен босатылған жəне 2019 жылғы 24 шілдедегі № 142 бұйрықпен əскери бөлімнің жеке құрамы тізімінен жəне үлестің барлық түрлерінен алынған.

Сот сатылары талап қоюшыны əскери қызметтен шығару барысында заңда көзделген тəртіп жауапкер тарапынан бұзылмағаны анықталған. Сондықтан соттардың талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдауы негізді жəне дұрыс болып табылады.

Істі кассациялық тəртіппен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша қарау барысында талап қоюшы Е[...] 2017 жылы аттестаттаудан өткендігін растайтын дерегім бар деген. Алайда оның кассациялық сот сатысына ұсынған құжаты – бұрын əскери қызмет өткерген 21450 əскери бөлімінің келісімшартты ұзарту үшін тиісті аттестаттаудан өту қажеттігі туралы 2017 жылғы 7 қыркүйектегі хабарламасы ғана болатын. Ал талап қоюшының сол кезде аттестаттаудан өткені расталмады. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы талап қоюшының барлық уəждеріне əскери соттар тиянақты талдау жасап, сотта дау айтылған жауапкерлердің əрекеттеріне заң тұрғысында баға бере отырып, тиісті заң нормаларын қолданған деген тұжырымға келді.

Сот сатылары істің мəн-жайларына объективті баға берген жəне материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған, сондықтан сот алқасы дау айтылған сот актілері күшінде, ал Ұ[...] қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы гарнизоны əскери сотының 2020 жылғы 29 сəуірдегі шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 маусымдағы қаулысы күшінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасының ұсынуы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Ш. Иманиязова

Судьялар Б. Ералиева

Т. Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.