6001-25-00-3ГП/190
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Шәріпов Н.К.,
судьялар Иманиязова Ш.С., Молдахметова Т.Ә.,
талап қоюшы М.О.Гапиздің және оның өкілі Е.А.Иргебаевтың,
жауапкер өкілі А.М.Ихсановтың және аудармашы Р.А.Таласпаеваның қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында
талап қоюшы Мөлдір Оразбекқызы Гапиздің жауапкер «Ақтөбе облысының білім басқармасы Ырғыз ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Ырғыз гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Гимназия) бұйрықты заңсыз деп тану, оның күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының өкілі М.Билаловтың келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Гапиз М.О. сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Ырғыз аудандық сотының 2024 жылғы 4 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Гимназияның 2023 жылғы 22 қарашадағы № 238 қызметкерге тәртіптік жаза беру туралы және 2023 жылғы 22 қарашадағы № 239 М.О.Гапизді жұмыстан босату туралы бұйрықтары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.
Гапиз М.О. Гимназияға бұрынғы қызметіне қайта орналастырылған.
Гимназиядан М.О.Гапиздің пайдасына салықтар мен алымдарсыз 2023 жылдың 22 қарашасынан 4 желтоқсанына дейін амалсыз бос жүрген күндерінің еңбекақысы 40 226 теңге өндірілген.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы талап қоюшының және оның өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің апелляциялық сот алқасының қаулысын күшінде қалдыру туралы түсінігін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға, ал бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Іс құжаттарынан анықталғандай, Гапиз М.О. 2020 жылғы 2 қарашада Гимназияның 1,0 штат бірлігі бойынша еден жуушы лауазымына қабылданған.
Гимназияның 2023 жылғы 22 қарашадағы № 238 қызметкерге тәртіптік жаза беру туралы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабының 1-тармағының 8) тармақшасын бұзғаны үшін Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағының 4) тармақшасы бойынша 2023 жылдың 22 қарашасынан бастап М.О.Гапизге жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Гимназияның 2023 жылғы 22 қарашадағы № 239 М.О.Гапизді жұмыстан босату туралы бұйрығына сәйкес, Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 8) тармақшасы бойынша 2023 жылғы 22 қарашадан бастап Гимназияның тазалықшысы М.О.Гапизбен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған.
2023 жылғы 22 қарашадағы № 591 хабарламада М.О.Гапизге жоғарыда аталған бұйрықтармен танысуы және еңбек кітапшасын алып кетуі қажет екені көрсетілген.
2023 жылғы 4 желтоқсанда талап қоюшы «enbek.kz» порталында жарияланған бос жұмыс орны арқылы және Ырғыз аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде Гимназияға 1,0 штат бірлігі бойынша тазалаушы лауазымына үш ай сынақ мерзімімен қайта қабылданған.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 19 желтоқсандағы № 462 тексеру актісіне сәйкес М.О.Гапиздің шағымы негізінде жүргізілген тексеру барысында Гимназия тарапынан еңбек заңнамасының бұзушылықтары анықталмаған.
Талап қоюшы Гимназияның 2023 жылғы 22 қарашадағы бұйрықтарын даулап сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, 2023 жылғы 13 және 14 қарашада талап қоюшының жұмысқа келмегендігі жөніндегі актілер формальды түрде, оның нақты қатысуынсыз және жазбаша түсініктемесін алу тәртібі сақталмай толтырылғаны сотта өз дәлелін тапты деген тұжырымға келген. Сонымен бірге, 2023 жылғы 14 қарашада талап қоюшы жұмыс орнында болғаны, алайда оған қатысты тәртіптік жаза қолдану рәсімдері Еңбек кодексінің 65-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілмеген. Мекеме басшылығы талап қоюшыға еңбек дауын келісу комиссиясында қарау құқығын дер кезінде және толық көлемде түсіндірмеген, сондай-ақ 2023 жылғы 13 және 14 қарашада М.О.Гапиздің гимназияға кіруіне жол бермеген. Бұл жайттар талап қоюшының еңбек дауын келісу комиссиясына мерзімінде жүгінбеуіне негіз болған деп көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған. Сот алқасы бұл шешімін куәлардың басым бөлігі талап қоюшының 2023 жылғы 13-14 қарашада жұмыста болмағанын растағанымен және талап қоюшының өзі де бұл күндері толық жұмыс уақытында жұмыс орнында болмағанын мойындағанымен негіздеген. Сонымен қатар, сот Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес еңбек дауын қарау алдында келісу комиссиясына жүгіну міндетті екенін, ал Гимназиямен мұндай комиссия 2023 жылғы 18 қазанда құрылғанына қарамастан, талап қоюшы оған жүгінбегенін көрсеткен. Бұған жұмыс беруші тарапынан ешқандай кедергі жасалмағаны анықталған. Сондай-ақ, талап қоюшы 2024 жылғы 14 тамызда сотқа жүгінгенімен, бұл 2023 жылғы 22 қарашадағы бұйрыққа шағым келтірудің 3 айлық мерзімі өтіп кеткенін білдіреді деп қорытындыға келген. Мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері ұсынылмаған және оны қалпына келтіру туралы өтініште берілмеген деп көрсеткен.
Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Еңбек кодексінің 65-бабына сәйкес, жұмыс беруші тәртіптік жазаны, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің актісін шығару арқылы қолданады. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, ұлттық басқарушы холдингтің бірінші басшысы тәртіптік жаза қолданған кезде осы баптың және осы кодекстің 66-бабының ережелері қолданылады.
Жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жұмыскерден жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында) не жұмыскердің
авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, электрондық түрде түсініктеме талап етуге міндетті.
Жасалған тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында) ресімделеді және жұмыс берушінің талабын алғаны растала отырып, жұмыскерге жеке өзіне немесе курьерлік пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы тапсырылады.
Жұмыскер талапты алудан жалтарған немесе бас тартқан жағдайда жұмыс берушінің өкілі тиісті акт жасайды.
Егер жұмыскер талапты алған немесе талапты алудан жалтару немесе бас тарту туралы акт жасалған күннен бастап екі жұмыс күні өткеннен кейін түсініктеме бермесе, онда жұмыс берушінің өкілі тиісті акт жасайды.
Анықталғандай, 2023 жылғы 14 қарашадағы № 631 хабарламада қызметкерден 2023 жылғы 13-14 қараша күндері жұмыста болмау себептері туралы жазбаша түсініктеме беру талап етілген. Хабарлама қызметкерге «Қазпошта» АҚ-ы арқылы жолданған.
2023 жылғы 15 қарашада жұмыс берушімен М.О.Гапиздің түсініктеме бермегендігі туралы акт жасалған.
Аталған акт Еңбек кодексінің 65-бабының 2-тармағына қайшы, түсініктеме беру үшін белгіленген екі күндік мерзім аяқталмай тұрып жасалған.
Яғни, жұмыс берушімен талап қоюшыны жұмыстан босату кезінде заңмен көзделген тәртіп сақталмаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының (іс қаралған кезде қолданыста болған) 22-тармағына сәйкес, егер сот еңбек тәртібін бұзғаны үшін еңбек шарты бұзылған адамды жұмысқа қайта алу туралы істі қарау кезінде теріс қылық шынында да орын алған, бірақ еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінде белгіленген тәртіптік жаза қолдану тәртібін немесе мерзімін бұза отырып жүргізілген деген тұжырымға келсе, жұмыскер жұмысқа қайта алынуы мүмкін. Сот Еңбек кодексінің 160-бабында көзделген мерзімдер дәлелді себеп бойынша өткізіп алынғанын анықтап, шешімнің қарар бөлігінде бұл туралы көрсетуге және дауды мәні бойынша шешуге тиіс.
Бірінші сатыдағы сот отырысында анықталғандай М.О.Гапиздің 2023 жылғы 22 қарашадан бастап Гимназияның жеке еңбек дауларын шешу бойынша келісу комиссиясына жүгіну мүмкіндігі болмаған. Гимназия басшылығы тарапынан М.О.Гапизге келісу комиссиясына жүгіну құқығы түсіндірілмеген.
Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот алқасының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымын заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының 2024 жылғы 4 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын.
М.О.Гапиздің өкілі М.Билаловтың өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов
Судьялар Ш. Иманиязова
Т. Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.