6кп-88-19
ҚАУЛЫ
2019 жылғы 26 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.К. Қыдырбаева, судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова, М.Т. Балкен,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Т[...]
қатысуымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының бірінші бөлігі бойынша Б[...] ұлы Т[...] қатысты, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 маусымдағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен ӘҚБтК-нің 610-бабының бірінші бөлігі бойынша Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен аталған қаулының күші жойылған. Екінші сатыдағы сот Т[...] ӘҚБтК-нің 610бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартып, оған 35 350 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда апелляциялық сатының біркелкілікті бұзуына байланысты сот қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау ұсынылады.
Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор Т[...] қорытындысын, Т[...] түсініктемелерін, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот қаулысының күшін жоюға не оны өзгертуге мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы
заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына қарай келесі жағдайларды ескерген жөн. Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуына Ақтау-Қаражанбас тас жолындағы жол-көлік оқиғасы фактісі негіз болған. 2019 жылғы 26 ақпанда Т[...] «Toyota Land Cruiser 200» көлік құралымен А[...] екі бас жылқысын жол үстінде қаққаны анықталған.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысында Т[...] іс-әрекетінде ӘҚБтК-нің 610-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы туралы қорытынды жасалған.
Сот қаулысын жою және Т[...] әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің (бұдан әрі - Ереже) келесі ережелерін бұзғанын көрсеткен.
Жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге Қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.
Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады (Ереженің 10-бөлімінің 1-тармағы).
Алайда апелляциялық соттың қаулысы негізсіз және заңсыз болып табылады.
Жол-көлік оқиғасының сызбасына сәйкес көлік пен жылқының соқтығысқан жері Т[...] көлік құралының қозғалысы жолағында болған. Жолдың жиегінде қандай да бір «Мал өткізу» немесе басқа да ескерту белгілері қойылмаған.
Т[...] түсініктемесінде түнгі мезгіл уақытында сағатына 90 км жылдамдықпен жүргені және кенеттен қараңғыдан жылқының шығып қалғаны, оны қағып кеткендігін, одан басқа да жылқылар болғанын көрсеткен. Жолда жануарлардың өтетіндігі немесе қандай да бір қауіпті ескерту белгілері орнатылмаған.
Ереженің 10.3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жеңіл автомобильдерге елді мекендерден тыс жерде автомагистральдарда 3.24 тиісті жол белгісімен белгіленген, бірақ сағатына 140 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарды сағатына 110 километрден аспайтын, қалған жолдарда сағатына 100 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.
Осылайша Ережемен бекітілген жылдамдықтың режимін бұзғанды анықтайтын дәледеме іске тіркелмеген.
Сонымен қатар апелляциялық саты осы жол-көлік оқиғасы бойынша маман ретінде К[...] жауап алған және оның түсініктемесіне сілтеме жасаған.
Алайда К[...] жол-көлік оқиғасы болған жерде болмаған. Істе маманның өкілеттігін растайтын және қандай бағытта маманданатыны бойынша лицензия, сертификат, куәлік секілді растайтын құжаттар жоқ. Ал жеке тұлға ретінде оның болжамдары жол берілетін дәлелдеме болып табылуы мүмкін емес.
Осыған қоса, ол қолхатта дұрыс аударма бермегені және аудармадан бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жөнінде маман ретінде емес, аудармашы ретінде ескертілген.
Ереженің 24-бөлімінің 9-тармағына сәйкес малдарды, әдетте, тәуліктің жарық уақытында айдап өту керек. Мал айдаушылар малдарды мүмкіндігінше жолдың оң жақ шетіне жақын бағыттауға тиіс. Тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында бір топ малды жол бойымен немесе ол арқылы айдаған кезде мал айдаушылар жолда малдың бар екенін ескерту үшін жүргізушілерге сигнал береді (Ереженің 24-бөлімінің 10-тармағы).
Ереженің 24-бөлімінің 10-тармағына ескертпеге сәйкес шырақпен немесе фонарьмен қолды шеңбер жасап қозғау сигнал болып табылады, бұл ретте сигнал беруші бір топ мал жақындап келе жатқан көлік құралдары жағынан он-он бес метр арақашықтықта болады.
Ереженің 24-бөлімінің 12-тармағымен жүк артылған, жегілген және мініс малдарының және малдардың иелеріне:
малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға;
малдарды теміржолдар арқылы және арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында (әртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа) айдап өтуге;
өзге жолдар болған кезде малдарды жабын асфальт және цементбетон жолдармен жетектеп жүруге жол берілмейді.
«Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы №7 нормативтік қаулысының 26-тармағына сәйкес егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мән-жайларға қарай ӘҚтК-нің 615-бабының 2-бөлігі немесе 633-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді.
ӘҚтК-нің 837-ші бабына сәйкес шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарауға дайындау кезiнде сот өтiнiшхатты шешедi, қосымша материалдарды талап етіп алдырады, шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау үшiн қатысуы қажет деп танылған тұлғаларды шақырады, қажет болған кезде судья сараптама тағайындайды.
Аппеляциялық тәртіппен қайта қарау барысында iс бойынша жолкөлік оқиға орын алған кезде мал иесі тарапынан және көлік құралын жүргізуші тарапынан жоғарыда аталған ережелердін орындалғаны немесе бұзылғыны апелляциялық сатыда тиісте түрде зерттеліп анықталмаған, қосымша материалдар талап етіп алдырылмаған және қажетті сараптама тағайындалмаған.
Осыған байланысты алқа Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулысының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге аппеляциялық сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 маусымдағы қаулысының күші жойылсын, іс нақ сол сотқа жаңадан қарауға жіберілсін. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Г. Әлмағамбетова
Судьялар
М. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.