ВС РК - Постановление от 27.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1558 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 27 желтоқсан 6001-22-00-6ап/1558 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – К[...],

талап қоюшы «М-Нұр-Дана» бөбекжай бақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілдері – И[...] мен М[...],

жауапкер «Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің өкілдері – А[...], С[...] және О[...],

мүдделі тұлға «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «М-Нұр-Дана» бөбекжай бақшасы» ЖШС-ның жауапкер «Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы» ММ-не нұсқаманың күшін ішінара жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы» ММнің 2021 жылғы 26 қарашадағы №06/1273 нұсқамасының «М-НұрДана» бөбекжай бақшасы» ЖШС-нен жергілікті бюджет кірісіне 2 041 200 (екі миллион қырық бір мың екі жүз) теңге қаражатты қайтаруды қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу туралы бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында қаулымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауакер шағымға қарсы пікірінде дауланып отырған нұсқама «М-НұрДана» бөбекжай бақшасы» ЖШС-не емес, «Шымкент қаласының білім басқармасы» ММ-не берілгенін көрсетіп, қаулыныны күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілдерінің қарсылығын, мүдделі тұлға өкілінің пікірін, прокурордың сот актісінің күшін жоюға негіз жоқ деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы» ММ-сі (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) 2021 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатын пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізу аудиторлық іс-шарасын 2021 жылдың 29 маусымы мен 2021 жылдың 20 қазан аралығында жүргізген.

Н[...] комиссиясы 2021 жылдың 26 қарашасында «Шымкент қаласының білім басқармасы» ММ-не №06/1273 нұсқама (бұдан әрі – Нұсқама) жолдаған.

Нұсқамада көрсетілген іс-шаралардың ішінде «М-Нұр-Дана» бөбекжай бақшасы» ЖШС-нен (Серіктестік) жергілікті бюджет кірісіне 2 041 200 теңге қаражатты қайтаруды қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу жүктелген.

Тексеру комиссиясының пікірінше сиымдылығы 69 балаға арналған бөбекжай бақшасына 77 бала, яғни 8 бала артық орналастырылып, 2020 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Серіктестікке 2041,2 мың теңге заңсыз аударылған.

ӘРПК-ның 4-бабы бірінші бөлігінің 9) және 33) тармақшаларына сай әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап; талап қоюшы – өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға болып табылады.

Д[...] Серіктестіктің құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты қабылданған. Сондықтан ол сотта осы әкімшілік актіні даулаға құқылы.

Бірінші саты соты Нұсқаманың дауланған бөлігінің күшін жою туралы талапты қанағаттандырғанда мына мән-жайлар ескерген:

  • «Шымкент қаласының білім басқармасы» ММ-і (Басқарма, тапсырыс беруші) бөбекжай бақшасына қосымша 8 балаға жолдама берген;

  • аталған балалар Серіктестіктің бөбекжай бақшасына барған, талап қоюшымен тиісті қызметтер көрсетілген;

  • Серіктестік пен Басқарма арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы 2020 жылдың 1 ақпанындағы келісім шарттың негізінде тапсырыс беруші талап қоюшыға атқарылған қызмет үшін қаражат аударған.

Апелляциялық саты соты бірінші саты сотының анықтаған мәнжайларын теріске шығармай шешімнің күшін жойғанда жобалық сиымдылығы 69 орынға арналған бөбекжай бақшасына Басқарма 8 баланы артық орналастырып, 2 041 200 теңгені жұмсап, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 4-бабының 9), 13) тармақшаларында қарастырылған принциптерін және 97-бабының 6-тармағының талаптарын бұзған деп уәж келтірген.

Соттың бұл тұжырымы қате болып табылады.

2020 жылғы 10 наурыздағы хаттамалық қорытындымен Басқарманың ұйымдастыруымен Шымкент қаласы аумағындағы мектепке дейінгі тәрбиелеумен оқыту ұйымдарының желісін дамыту және мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырмасын орналастыру мүмкіншіліктерін анықтау мақсатында жекеменшік мекетепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс комиссиясы Серіктестіктің санитариялық эпидемиологиялық сараптама (бұдан әрі – СЭС) қорытындысымен қуатталған балалар саны 77 деп, қосымша 9 балаға орын бөлінген. Аталған конкурстық комиссиясының №3 хаттама қорытындысына сәйкес Серіктестіктің бөбекжай бақшасына қосымша 8 бала жолдамамен қабылданған.

Жоғарыда айтылғандай аталған балалар Серіктестіктің бөбекжай бақшасына барған, талап қоюшымен тиісті қызметтер көрсетілген. Бұл жағдайды тараптар теріске шығармаған. Тиісінше Серіктестік тарапынан мемлекет қаржысы мақсатымен игерілген.

Бұл қаржының бөлінуінің Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген принциптерге сай болуы мемлекеттік орган – тапсырыс берушіге жүктелген. Сол себепті ол қаржыны Серіктестіктен өндіру туралы Нұсқама негізсіз болып табылады. Яғни, іс бойынша бірінші саты сотының қабылдаған шешімі істегі дәлеледемелерге және заң нормаларына негізделіп қабылданған.

Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «М-Нұр-Дана» бөбекжай бақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.