ВС РК - Постановление от 29.01.2024 по делу 6001-23-00-3Г/6563 (Гражданское)

6001-23-00-3г/6563

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 29 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Ж.Тоқтарова,

К[...] «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-не, «ЖЭЖ[...]» ЖШС-не моральдық зиянды өдіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2023 жылғы 9 тамыздағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қарашадағы қаулысына талап қоюшының өкілі А[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

К[...] «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-не, «ЖЭЖ[...]» ЖШС-не 20 000 000 теңге келтірген моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен жүгінген.

Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2023 жылғы 9 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот өзінің тұжырымын «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-сі, «ЖЭЖ[...]» ЖШС-гі тиісті жауапкерлер еместігімен негіздеген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшының өкілі сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұрап келесідей уәждер келтірген.

2020 жылы 8 сәуірде «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-сі жеке кәсіпкер «Қадиша апа» (бұдан әрі- ЖК) П[...] 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін Жуалы ауданы М[...] ауылының көше жарықтандыру үшін келісімшарт жасаған (бұдан әрі-Шарт).

2020 жылы 7 шілдеде [...] атына, М[...] ауылы, Р[...] көшесінің тұрғындары арызбен жүгініп, көшесінде соңғы бір ай бойы көше жарығы жанбайтынын және оны қосу мәселесін қарастыруды сұраған.

Тұрғындардың арызы бойынша [...] жарығына жауапты ЖК П[...] көше жарығын жөндеу мәселесі бойынша жүгінген.

ЖК П[...] Жуалы ауданы электр желілер мекемесін ескертпей,

жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат сұрамай, 2020 жылдың шілде айында Р[...] көшесінің бойында орналасқан №373 подстанциясынан көше бойына келіп тұрған жарықты, Жастар көшесінің бойында орналасқан №26 подстанциядан келіп тұрған көше жарығының желісін, Р[...] көшесі №[...] үйдің алдында орналасқан бағананың басындағы тоқтарды бірбіріне жалдамалы жұмысшыларына жалғатып, осы көшелерінің көше жарығын қостырған. Электр тоғын бір-біріне қате жалғануы салдарынан аталған көшелердің бойында орналасқан бағананың басынан жерге қарай түскен минустық тоқтың жерлеу сымының барлығына электр тоғы келіп тұрған. Аталған жерлеу сымына электр тоғы келіп тұрғандықтан, подстанцияларда тұрған автоматтар дұрыс деңгейде жұмыс атқарған кезде, автоматты түрде өшіп қалуы керек болған, алайда автоматтар дұрыс жұмыс атқармауына байланысты өшпеген.

Нәтижесінде, 2020 жылғы 30 шілдеде Қ[...] Жуалы ауданы, М[...] ауылы, Жастар көшесі №[...] үйде тұратын атасына қонаққа келіп, сағат 18-30 минут шамасында көшеде ойнап жүріп, көше бойында орналасқан электр бағанасының басынан тоқтың жерлеу (провод заземления) сымын ұстап, электр тоғына түсіп, оқиға болған жерде қайтыс болған.

2020 жылғы 25 тамыздағы №543 сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Қ[...] электр желісінің тоғы ұруы салдарынан қайтыс болған. Жуалы аудандық сотының 2022 жылғы 24 наурыздағы үкімімен П[...] Қазақстан Республикасы қылмыстық кодекстің 104-бабының 1- бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәсіз деп танылып, оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан және жасауға қатысуы дәлелденбегендіктен ақталған.

Осы үкіммен анықталғандай, Шартта электр подстанциялары мен желілерін техникалық пайдалану, техникалық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, подстанцияда орнатылған автоматтарға бақылау жүргізу сотталушы П[...] міндетінде қарастырылмаған. Шарттың 4.3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жұмыстарды орындау үшін орындаушы мамандарының кіруін қамтамасыз ету міндеті көзделген, яғни тиісті мамандармен қамтамасыз ету «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-не жүктелген.

Сонымен қатар, сотта электр подстанциялары мен желілерін техникалық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, подстанцияларда орнатылған автоматтарды бақылау жүргізу «Жуалы аудандық электр жүйесі» КММ-нің құзырына кіретіні анықталған.

Ал, Р[...] көшесінің бойында орналасқан №373 подстанциясынан көше бойына келіп тұрған жарықты, Жастар көшесінің бойында орналасқан №26 подстанциядан келіп тұрған көше жарығының желісін, Р[...] көшесі №[...] үйдің алдында орналасқан бағананың басындағы тоқтарды бірбіріне кімнің жалғағаны анықталмаған.

Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі-АПК) 76-бабының 3-бөлігіне сәйкес соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

Сонымен бірге, Жуалы ауданы, М[...] ауылы, Р[...] көшесіндегі жарықпен қамтамасыз ету бағаналары және осы көшедегі №[...] үйдің алдындағы Қ[...] ұстап қаза болған бағана «ЖЭЖ[...]» ЖШС-не тиесілі, ал осы көшенің бойындағы көшені жарықпен қамтамасыз ететін электр бағаналар «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-нің басқаруындағы мүлік.

Осыған орай, өтінішхат берушінің жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Талап қоюшының өкілі А[...] Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2023 жылғы 9 тамыздағы шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Ж.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья Б.Ж.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.