ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 желтоқсан 6003-25-00-4к/2635 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дүйсенбаев,
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшы А.Т.Сапаров, жауапкердің өкілі А.А.Мыңжасаровтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Абылай Тлепбергенұлы Сапаровтың жауапкер Орал қаласының әкіміне дау айту туралы талабы бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегіні
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот, талап қоюшы тарапының кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірлерін, жауапкер өкілінің шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына сәйкес, Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы № 177-ө және 2024 жылғы 29 наурыздағы № 178-ө өкімдерімен Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және Орал қаласы аумағындағы су тасқыны орын алуына байланысты келтірілген материалдық шығынын есептеу жөніндегі қалалық комиссиялар құрылған.
Анықталғандай, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы «Энергетик 3» б/с Набережная көшесі бағбандық серіктестігінде орналасқан №11 жер телімінің талап қоюшы А.Т.Сапаров бағбандық мүшелік кітапшасы бойынша жер пайдаланушысы болып табылады.
А.А.Сапаров талап қоюында 2024 жылы су тасқыны салдарынан зардап шеккен саябағы орнына мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасу етуді талап етіп, сот процесінде 2024 жылы 18 желтоқсандағы Комиссия шешіміне дау айтқан.
Аталған комиссиясының хаттамасына сәйкес А.Т.Сапаровтың меншігінде тіркелген тұрғын үй болуына байланысты тұрғын үй беру өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған. Жоғары тұрған орган 2025 жылы 7 ақпанда талап қоюшының шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.
Үй беру мәселесі «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 Қаулысымен (бұдан әрі - Қағидалар) реттеледі.
Қағидаларының 4) тармақшасының 3 тармағына сай, тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс.
Қағидаларының 5) тармақшасының 4 тармағына сай талаптарын ескере отырып, төтенше жағдай нәтижесінде тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тұратын азаматтар жұбайында (зайыбында) және кәмелетке толмаған балаларында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелеріне жатады.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ алынған жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтамалардан талап қоюшы А.Т.Сапаров заңды некедегі жолдасы Б.С.Мухамжароваға 2024 жылдғы 25 наурызда сыйға тарту келісім шарты негізінде Орал қаласы, Матжан Тілеужанов көшесі, 10 үй мекенжайы бойынша жылжымайтын мүлікті сыйға тартқан. 2024 жылдғы 25 наурызда бұл тұрғын үй Б.С.Мухамжарова атына тіркелген болатын. Кейін, 2025 жылғы 14 қаңтарда Б.С.Мухамжарова сыйға тарту келісім шартымен аталған жылжымайтын мүлікті Н.Ж.Жолдаубаевқа сыйға тартқан. Бұл мән жайларды талап қоюшы жоққа шығармайды.
Талап қоюшының ол үй нағашысының сыйы, сондықтан оған 2025 жылғы 14 қаңтарда қайтарылды деген уәждерін сот есепке ала алмайды, себебі төтенше жағдай жарияланған кезде талап қоюшының жұбайының меншігінде тұрғын үй болған. Бұл мүлікті кейіннен иеліктен шығару оның әдейі қаржылық жағдайының нашарлауы ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар сот отырысында талап қоюшы мен оның отбасы мүшелеріне «Энергетик-3» бау-бақша бірлестестігінде орналасқан жер учаскесінің меншік құқығы белгіленбегені анықталған.
Қағидалардың 7-тармағына сәйкес, осы учаскеге құқық белгілейтін құжаттардың болмауы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруден бас тартуға негіз болып табылады.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімі, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Г.Дүйсенбаев Л. Кудекова
Төрағалық етуші Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.