КСАД РК - Постановление от 11.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/19 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 тамыз 6003-25-00-4к/19 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Қабдрахманова,

талап қоюшының өкілі К.К.Асылхановтың, жауапкер мен мүдделі тұлғаның өкілі К.А.Калиакпаровтың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы «KazPro Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер Астана қаласының әкімдігіне тексеру, жобалау және іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы қаулысын қабылдауға мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

Серіктестік Астана қаласының әкімдігіне жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімімен серіктестіктің талап қоюы қанағаттандырылған.

Астана қаласының әкімдігіне серіктестіктің Астана қаласы, Нұра ауданы, Е182, Е125, Е427, Е366 көшелері (жобалық атаулар) мекенжайы бойынша тексеру, жобалау және іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы өтінішін қарау бойынша әкімшілік рәсімдерін соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайталап өткізу міндеттелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың сот актілерінің күшін жойып, серіктестіктің талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, тараптардың өкілдерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғаны, серіктестік 2024 жылғы 23 мамырда Астана қаласының әкімдігіне Астана қаласы, Нұра ауданы, Е182, Е125, Е427, Е366 (жобалық атаулар) көшелері мекенжайы бойынша паркингі бар тұрғын үй салу мақсатында ауданы 1,9092 га аумақта тексеру, іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы өтінішімен жүгінген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 24 шілдедегі №510-2439 қаулысымен объектіні орналастыру инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымның болмауына байланысты рұқсатты беруден бас тартылған. Төменгі сатыдағы соттар серіктестіктің өтінішін қарау рәсімі бұзылуына, құқық беруден дәлелсіз бас тартылуына және әкімшілік актіде дәлелді негіздердің болмауына байланысты талап қоюды қанағаттандырған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төменгі саты соттарының тұжырымдарымен келіседі.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 71бабының 1-тармағына сәйкес геологиялық, геофизикалық, iздеу, геодезиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық, жерге орналастыру, археологиялық, жобалау және басқа да iздестiру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай жүргiзе алады. Бұл ретте құрылыс салу мақсаты үшін іздестіру жұмыстары мемлекеттік меншікке жататын жерлерде жобаланып отырған құрылыс объектісінің Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы жобаларына (бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларына) сәйкес келген жағдайда жер учаскесіне құқық берілмей жүргізіледі.

Іс бойынша анықтағаны, Астана қаласының бас жоспарында талап қоюшы сұраған жер учаскесінде тұрғын үйді орналастыру қарастырылған, сонымен бірге Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №120- 67 қаулысымен аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген және оған сәйкес сол жер учаскесінде паркинг пен қоса кешенді көппәтерлі тұрғын үйді орналастыру көзделген. Демек, серіктестіктің өтініші Жер кодексінің 109-бабына қайшы келмеген.

Сонымен бірге, ӘРПК-нің 72-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.

Әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеу тәртібі мен шектерін әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушылардың пікірлерін ескере отырып айқындайды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен "Іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағида) бекітілген.

Осы Қағиданың 11-тармағына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі, онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізу уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі.

Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі не көрсетілетін қызметті беруші арқылы беріледі.

Істі қарау барысында жауапкер талап қоюшының өтініші бойынша тыңдалымды өткізбегені, осылайша ол өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамай, заң талаптарына сәйкес келмейтін шешім қабылдағаны анықталған. Осыған байланысты соттар жауапкерге өтінішті қарау бойынша әкімшілік рәсімдерін соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайталап өткізуді дұрыс міндеттеген. Қолайлы әкімшілік акт қабылданған жағдайда, серіктестік пен жер учаскелерінің иелері арасында келісім-шарттар орындалмауына байланысты дау туындауы мүмкін деген жауапкердің өкілі келтірген болжамдар негізсіз. Болашақта мұндай даулардың туындау мүмкіндігі серіктестіктің пайдасына әкімшілік актіні қабылдаудан бас тартуға негіз бола алмайды, олар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешіледі.

Сонымен бірге, әкімдіктің 2024 жылғы 24 шілдедегі № 510-2439 қаулысының күші жойылмағаны туралы жауапкердің уәжі де сот актілерінің күшін жоюға негіз болмайды. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсеткен уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Судьялар:

Р. Айнакулова Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.