6кп-96-22
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 29 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ө.Жолдасбеков,
судьялар Е.М.Маукен, Б.Б.Шермұхаметов болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Б[...] қорғаушы М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуымен келіп түскен Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Қызылорда облысы Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының (бұдан әрі - ӘҚБМС) 2021 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен Б[...] ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Ұсынуды қолдаған прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Б[...] қорғаушы М[...] қарсы пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы ұсынуды мынадай негіздер бойынша қанағаттандыруды есептейді.
ӘҚБтК-нің 840-бабына сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.
Аталған негіздер осы іс бойынша анықталған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Қызылорда облысының полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасымен (бұдан әрі - Басқарма) 2021 жылдың 23 наурызында № 5-40/7471 шығыс хатымен Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына уақытылы жіберілген. 2021 жылғы 23 наурыздағы әкімшілік істі қабылдау және істі қарауға тағайындау туралы ұйғарыммен аталған іс өндіріске қабылданған.
Бұдан әрі 2021 жылғы 23 наурыздағы, 2021 жылғы 25 наурыздағы ұйғарымдарымен істің қаралуы кейінге қалдырылып, 2021 жылғы 26 наурызында күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған.
Басқарманың 2021 жылдың 9 сәуірдегі № 5-40/8865 шығыс хатымен іс сотқа қайта жіберілген. 2021 жылғы 13 сәуірдегі күштеп әкелу туралы ұйғарымымен іс Басқармаға берілген. Іс мән-жайы бойынша бірінші сатыдағы сотпен 2021 жылдың 2 қарашасында қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, соттың жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты істі өндірістен тоқтату туралы тұжырымы алдын ала жасалған және заң талаптарына қайшы келеді. ӘҚБтК-нің 62-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң өтуі сараптама тағайындалған, өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған, сондай-ақ iс сотқа немесе мемлекеттiк органның әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамына жiберілген кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл мерзімдерді есептеу сараптама нәтижелері алынған, сондай-ақ әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адам күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындайтын органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізілген кезден бастап қайта басталады. Іс материалдарымен істің уақытылы сотқа жіберілгендігі де, бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылатын Б[...] күштеп әкелу туралы ұйғарымдардың шығарылғаны да дәлелденеді. «Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 22.12.2016 ж. № 13 нормативтік қаулысының 16-тармағына сай, сот сараптаманы тағайындау немесе өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарымды шығарған кезде сот ісін жүргізу мерзімінің өтуін тоқтата тұрады делінген.
Кодекстің 829-9-бабының 1-бөлігінің 4-тармағына сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарауға дайындау кезiнде сот істі, шағымды, наразылықты қарау мерзімдерін ұзарту, тоқтата тұру туралы шешім қабылдайтындығы көрсетілген.
Алайда Сот істің қаралу мерзімін құқық бұзушының жеткізілгеніне дей ін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаудың орнына істі ведомстволық бағыныстылығы бойынша ОПД ӘПБ-на беріп, Кодекстің процессуалдық нормасын өрескел бұзған.
Өз кезегінде Кодекстің 829-9-бабының 1-бөлігіне сай, соттарға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарауға дайындау кезiнде әкімшілік іс құжаттарын құжатты ұсынған органға кері қайтару туралы шешім қабылдау құзыры берілмегенін атап өткен жөн.
Сот тарапынан Кодекстің процессуалдық нормаларын бірнеше мәрте өрескел бұзуына, әкімшілік істі ведомстволығына жатпаса да ОПД ӘПБ-на беруіне байланысты және іс бойынша қарау мерзімін тоқтата тұру туралы шешім қабылдамау салдарынан әкімшілік істі қарау мерзімі өтіп, құқық бұзушының жауаптылықтан босатылуына жағдай жасалған.
Кодекстің 744-бабының 3-бөлігіне сәйкес, он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамаққа алу, сондай-ақ шетелдiкті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жiберу немесе адамға берiлген арнайы құқықтан (көлiк құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi екендігі көрсетілген.
Бастапқыда Соттың 26.03.2021 ж. № 4359-21-00-3/1375, 13.04.2021 ж. № 4359-21-00-3/1863, 21.04.2021 ж. №4359-21-00-3/2029, 29.04.2021 ж. №4359-21-00-3/2150, 13.05.2021 ж. № 4359-21-00-3/2353, 26.05.2021 ж. №4359-21-00-3/2616, 8.06.2021 ж. № 4359-21-00-3/2836 ұйғарымдарымен Кодекстің 744-бабының 3-бөлігіне сәйкес жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi екендігі көрсетіліп іс кері қайтарылғанымен, 2.11.2021 ж. Кодекстің бұл нормалары ескерілмей, іс құқық бұзушының қатысуынсыз және іс бойынша тиісті куәлердің қатыстырмай (хаттама толтырған полиция қызметкері Ж[...] және Б[...] әйелінің қатысуымен), Б[...] әрекетіне және әкімшілік құқық бұзушылық дәлелдемелеріне құқықтық баға бермей, сот өндірісінен тоқтатылған. Яғни, сот тарапынан Кодекстің талаптары сақталмай, әкімшілік істегі мән-жайлар зерттелмей, сырттай заңсыз шешім қабылданған.
Осы орайда, жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты істі өндірістен тоқтату туралы соттың тұжырымдары заң талаптарына да, істің мән-жайына да сәйкес келмейді.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады (ӘҚБтК-нің 8-бабы 4-бөлігі).
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, сот қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындықтан ӘҚБтК-нің 851-бабымен көзделген тәртіппен қайта қаралуға жатады.
Сот істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, қажет болған жағдайда іс бойынша басқа да процестік амалдар жүргізіп, барлық жинақталған дәлелдемелердің жиынтығына тиісті баға беріп, заңды шешім қабылдауы тиіс.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда облысы Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзышылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 2 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы Б[...] қатысты қаулыларының күші жойылсын, іс қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Н. Жолдасбеков Е. Маукен Б. Шермұхаметов Б. Шермұхаметов
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс:
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.