ҚАУЛЫ
2023 жылғы 23 қараша 6001-23-00-6ап/977 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып,
талап қоюшының өкілі М[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер «Шымкент қаласы әкiмiнің аппараты» мемлекеттiк мекемесіне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма):
Басқарманың 2022 жылы 26 шілдеде сотқа дейінгі өтінішке жауап бермеген әрекетсіздігін заңсыз деп тану;
Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 20 маусымдағы хаттамалық шешімінің күн тәртібіндегі 3-қосымша бойынша [...] тұрғын үй кезектен шығару туралы тармағын заңсыз деп танып күшін жою;
[...] жылғы 13 қыркүйектегі «толық емес отбасы» санатындағы тұрғын үйге кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қарашадағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысына жауапкер Басқарманың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Басқарманың 2022 жылы 26 шілдеде сотқа дейінгі өтінішке жауап бермеген әрекетсіздігі заңсыз деп танылған, тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 20 маусымдағы №1/4 хаттамалық шешімінің [...] тұрғын үй кезегінен шығару туралы тармағы заңсыз деп танылып күші жойылған, Басқармаға [...] тұрғын үйге мұқтаж тізіміндегі кезегі қайта қалпына келтіруге талап етілген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жоюды сұраған.
Басқа тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда [...] жылғы 13 қыркүйектен бастап тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының ішінде «толық емес отбасы» санаты бойынша №3078 кезекке тіркелген.
2022 жылғы 20 маусымда [...] табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициентінен асып кеткен деген негізбен жауапкер талап қоюшыны кезектен шығарған.
Өзінің кезектен шығарылуын заңсыз деп есептеген [...] жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73-бабына сай осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған толық емес отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайтыны көзделгені басшылыққа алынған.
[...] болса тұрғынжай алмаған. Бұл фактіні жауапкер теріске шығармаған.
Яғни соттардың шешімі жоғарыда көрсетілген Заң нормасына сәйкес қабылданған.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қарашадағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.