Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/209 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 19 тамыз №6003-25-00-2к/209 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Рүстембеков Ж.Қ., судьялар Тохтарбаева В.Е., Тлеубаева А.К., прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі Б.Т.Культаевтың,

жауапкерлердің өкілдері Д.Р.Нурпеисовтың, Ж.Досайұлының қатысуларымен бейнебайланыс желісі арқылы талап қоюшы Жамбыл облысы Меркі ауданы əкімінің жауапкерлер Жамбыл облысы «Меркі ауданы əкімдігінің жер қатынастар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі - Мекеме), Жаныбек Турсунбекович Кидиралиевке келісім шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының 2024 жылғы 2 қазандағы шешіміне жəне Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына жауапкер Ж.Т.Кидиралиевтің сенімді өкілі Ж.Досайұлының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электрондық форматтағы азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Меркі ауданы əкімі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Меркі аудандық сотының 2024 жылғы 25 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Мекеме мен Ж.Т.Кидиралиевтың арасында жасалған 2021 жылғы 12 қаңтардағы №57 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарты жарамсыз танылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Кассациялық соттың отырысында жауапкер Ж.Т.Кидиралиевтің сенімді өкілі Ж.Досайұлы кассациялық шағымын қолдап оны қанағаттандыруды сұрады.

Талап қоюшы мен жауапкер Мекеме өкілдері сот актілерімен толықтай келісетіндіктерін баяндады.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін жəне прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан

əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан əрі - Кодекс) 147бабы 1-тармағына сəйкес, жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады жəне жүргізеді.

Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Кодекстің 43-1- бабының 1-тармағында мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тəртіппен жəне шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылатыны қарастырылған.

Іс құжаттарымен Меркі ауданы əкімдігінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы №08 қаулысымен Меркі ауданы Аспара ауылдық округінің аумағындағы мемлекеттік жер қорынан жауапкер Ж.Т.Кидиралиевке жалпы ауданы 135,5175 гектар жайылымдық (кадастрлық №06-092-085-175 ) жер учаскесіне 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жалға беріліп, Мекемемен 2021 жылғы 12 қаңтарда жер учаскесін жалға беру туралы №57 келісім шарты жасалғаны анықталған.

Меркі ауданы прокуратурасы 2024 жылы жергілікті атқарушы органмен жер заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп, тексеру барысында бастапқыда алқап түрі егістік болып табылатын жерлердің конкурсқа жайылым жер ретінде заңсыз шығару фактісі анықталған.

«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының мəліметі бойынша 2011 жылғы 28 желтоқсандағы жерді түгендеу (инвентаризация) жұмыстарына сəйкес аталған жер учаскесінің (135,5175 га) алқап түрі егістік ретінде белгіленгені анықталған. Істі соттарда қарау барысында дауланып отырған жер учаскесі Кодекстің 48-бабының талаптарын бұза отырып, яғни жер учаскесінің алқап түрі егістік екеніне қарамастан, оның жайылымдық жер ретінде жауапкер Ж.Т.Кидиралиевке заңсыз берілгені өз дəлелін тапқан.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 267бабы 1-тармағына сай, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сəйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң жəне басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану жəне оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тəртiбiмен жарамсыз деп танылады.

АК-нің 158-бабына сəйкес, мазмұны заңнама талаптарына сəйкес келмейтін мəміле, сондай-ақ құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мəміле, егер осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мəміле болып табылады жəне сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Бірінші сатыдағы сот аталған мəн-жайларды негізге алып жауапкерлердің арасында жасалған 2021 жылғы 12 қаңтардағы келісім шарт заң талаптарын бұза отырып жасалынғанын анықтап, оны дұрыс жарамсыз деп тапқан. Бірінші сатыдағы сот жауапкер өкілінің талап қою мерзімі өткендігі туралы уəждерін дұрыс негізсіз деп тапқан.

Өйткені, талап қоюшыға жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурста жол берілген бұзушылықтар 2024 жылы ақпан айында Меркі аудандық прокуратурасының ұсынысының негізінде белгілі болған.

АК-нің 180-бабының 1-тармағына сай, талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады.

Сондықтан касациялық сот жергілікті соттардың бұл дау бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі қолдануға жатпайды тұжырымдарын негізді деп санайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы - Тараз қалалық №2 тіркеу жəне жер кадастры бөлімінің (бұдан əрі - Жер кадастр бөлімі) 2025 жылғы 30 сəуірдегі хатына сілтеме жасап, 2012 жылғы 17 қазандағы №2399 Меркі ауданы Аспара ауылдық округінің аумағындағы ауыл шаруашылық алқаптарын түгендеу сызбасында даулы жер учаскесі жайылымдық жер болып белгіленгені туралы уəжін кассациялық сот назарға алмайды.

2023 жылғы 21 тамыздағы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының хатында 2011 жылғы 28 желтоқсандағы жерді түгендеу (инвентаризация) жұмыстарына сəйкес аталған жер учаскесінің (135,5175 га) алқап түрі егістік ретінде белгіленген деп мəлімделген.

Сонымен қатар, Жер кадастр бөлімінің көрсетілген хатында жауапкер Ж.Кидиралиевке Меркі ауданы Аспара ауылдық округінің аумағындағы жер қорынан 2021 жылғы 15 қазандағы берілген мүлде басқа жер учаскесі жөнінде айтылған. Алайда, бұл іс бойынша дауланып отырған жер учаскесі жауапкер Ж.Кидиралиевке Меркі ауданы əкімдігінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы №08 қаулысымен берілген болатын.

Істі қарау барысында Кодекстің 98-бабында көрсетілген ауыл шаруашылығы алқаптарының бір түрден екіншісіне ауыстыру тəртібінің, яғни жауапкер Ж.Кидиралиевке жалға берілген 135,5175 га егістік жердің жайылымдық жерге ауыстыру тəртібінің сақталынғаны туралы мүдделі тараптармен дəлелдер келтірілмеген.

АПК-нің 451-бабының 4-бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мəн-жайларды белгілеуге немесе дəлелденген деп есептеуге құқылы емес.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға тіркеген Жер кадастрының хаты апелляциялық сот шешім қабылдағаннан соң 4 айдан кейін берілген жəне бұл хаттағы мəліметтер нақты дəлелдемелерге негізделмеген.

АПК-нің 73-бабының 1 жəне 2-бөліктеріне сай тараптардың қолында бар дəлелдемелерді сотқа ұсынбау осы дəлелдемелерді апелляциялық, кассациялық сатылардағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мəн-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық жəне процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды. Тұлға осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда істі сот талқылауына дайындау барысында не сот талқылауы барысында ашылған жəне сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дəлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы.

АПК-нің 15-бабының 3-бөлігіне сай сот шешімді əрбір тарапқа бірдей негіздерде зерттеуге қатысуды қамтамасыз еткен дəлелдемелерге ғана негіздейді.

Бірінші сатыдағы сот «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының мəліметі бойынша 2011 жылғы 28 желтоқсандағы жерді түгендеу (инвентаризация) сызбасында даулы жер учаскесінің (135,5175 га) егістік жер деп белгіленгені туралы мəліметті зерттеп, оны шешімде дəлелдеме ретінде дұрыс негізге алған. Кассациялық соттың отырысында жауапкер өкілі Ж.Кидиралиевтің жер учаскесін Меркі ауданы əкімдігінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы №08 қаулысымен жалға алғанымен шаруа қожалығын жүргізбегенін жəне оның жеке кəсіпкер ретінде тіркелмегенін көрсетті.

Мəні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дəлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мəн-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты жəне объективті зерттелген, тараптар ұсынған дəлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының 2024 жылғы 2 қазандағы шешімі жəне Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Ж.Т.Кидиралиевтің сенімді өкілі Ж.Досайұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рүстембеков

Судьялар: В.Тохтарбаева

А.Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.