№6001-24-00-6ап/2615
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
жауапкердің өкілі Д.Қ.Тұргунбайдың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жансая Халасқызы Арысбаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне өтініш бойынша қабылданған шешімді заңсыз деп тану және анықталған бұзушылықты жоюды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 шілдедегі ұйғарымы мен Астаны қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж.Х.Арысбаева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 шілдедегі ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген. Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты Комитетке өтінішпен жүгінген.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша Комитет сотқа дейінгі тәртіппен талап қоюшыға түсіндірме сипаттағы жауапты берген.
Талап қоюшы аталған жауапты заңсыз деп санап сотқа талап қоюмен жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, дауланып отырған жауапта жауапкер қойылған мәселелер бойынша құқықтық ұстанымын түсіндірген және баяндаған, сондықтан жауап жария-құқықтық қатынастардағы әкімшілік акті болып табылмайды және талап қоюшының жария құқықтары мен міндеттерін іске асыруға бағытталмайды деп дұрыс көрсеткен.
Соттардың бұл тұжырымы заңды болып табылады.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 шілдедегі ұйғарымы мен Астаны қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Жансая Халасқызы Арысбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.