ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 қараша №6003-25-00-3к/842 Астана қаласы
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов,
судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының басқарма аға прокуроры А.Б.Абдулдаевтың,
Сарыағаш ауданының полиция бөлімінің инспекторы М.Б.Есбергеновтың қатысуымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 440-1-бабы 1- бөлігі бойынша Ұлан Қайратұлы Жандарбекке қатысты,
Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы және Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры бірінші орынбасарының наразылығы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен Ұ.Қ.Жандарбек Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 440-1-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік істің өндірісі әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры бірінші орынбасарының наразылығында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.
Прокурор мен полиция инспекторының ӘҚБтК 440-1-бабының 1- бөлігінде көзделген жаза тағайындау туралы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот келесі тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша, 2025 жылғы 30 мамырда 22 сағат 00 минуттар шамасында Ұ.Қ.Жандарбек Түркістан облысы, Сарыағаш қаласы, Н.Ысқақов көшесі бойында орналасқан «Қапланбек» кеден бекеті маңында орналасқан «Мәртебе» мейрамханасының алдында қан құрамында анықталған каннабиноидты психикалық белсенді затты медициналық емес мақсатта пайдаланған.
Бірінші сатыдағы сот, полиция қызметкерлерімен Ұ.Қ.Жандарбектың 2025 жылғы 30 мамырда психикалық белсенді затты пайдаланғаны толық дәлелденбеген, оның қандайда бір психикалық белсенді зат пайдаланғаны немесе масаң болу фактісі бойынша дәлелін таппады деген тұжырымға келіп, істі өндірістен тоқтатқан. Апелляциялық сатыдағы сот осы түйінмен келіскен.
2025 жылғы 30 мамырдағы №984 санды медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, Ұ.Қ.Жандарбекте каннабиноид тұтыну фактісі анықталып, тек масаң күйде болу белгілері анықталмаған.
Осы куәландыру жүргізу барысында Ұ.Қ.Жандарбек бірнеше күн бұрын медициналық емес мақсатта анаша тұтынғанын мәлімдеген.
Сонымен Ұ.Қ.Жандарбектің есірткі қолданғаны медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес анықталған.
Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаған жағдайда, ӘҚБтК-нің 440-1-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік туындайды.
Бұл ретте, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны анықталған кезде ол әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Яғни, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған кезде адам есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуы қажет емес.
Демек, іс бойынша істің нақты мән-жайлары туралы зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі және іс бойынша заңды дұрыс қолданбау орын алған, яғни бұл ӘҚБтК-нің 839, 840-баптарына сәйкес, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күші жойылып, Ұ.Қ.Жандабекке әкімшілік айыппұл салу жазасы тағайындалуы, ал прокурордың наразылығы қанағаттандыруға жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы және Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулыларының күші жойылсын.
Ұлан Қайратұлы Жандарбек Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 157 280 (жүз елу жеті мың екі жүз сексен) теңге әкімшілік айыппұл салу жазасы тағайындалсын.
Айыппұл қаулы заңды күшіне енген сәттен 30 күннің ішінде төленуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры бірінші орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
К.А.Мусетов
Судьялар
Г.Б.Даулетова
М.К.Сатыбалдин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.